Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДАҒЫ НАУҚАН МӘРЕГЕ ЖЕТТІ


23 марта 2013, 15:16 | 2 190 просмотров



Ауыл жастары одағы қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Жанар Досымова хабарлағандай, студент жастарға бағдарламаның маңыздылығын түсіндіретін іс-шаралар науқаны осы жылдың қаңтарында басталған болатын.

«Акция аясында 38 кездесу ұйымдастырдық, соның ішінде Астана қаласының жоғары оқу орындарында - 9, орта-кәсіптік білім беру ұйымында - 1, облыстардағы ЖОО-ларда кем дегенде 2 кездесу өтті. Іс-шара аясында шамамен екі мыңнан астам жас «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының шарттарымен таныс болды», - дейді Ж.Досымова.

Акция аясындағы қорытынды кездесу жуырда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің өкілдері, «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, Қазақстан Студенттері альянсы, ҚР Ауыл шаруашылығы және өңдеуші ұйымдардың жұмыс берушілер одағының өкілдері қатысты. «Осы жылдың басында Ауыл шаруашылығы министрлігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Меморандум мерзімі - 2 жыл. Яғни, алдағы 2 жылда біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының қанат жаюы үшін тер төгеміз», - дейді Жанар Досымова.

Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған меморандум аясында тараптар сондай-ақ ауылды елді мекендерге өте қажетті мамандықтар туралы электронды база әзірлеп, оны насихаттауға, мемлекеттік субсидиялар, жас кәсіпкерлерге арналған салалық және аймақтық бағдарламалар туралы кеңес беруге, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының қатысушыларын үлгі ете отырып, осы бағдарламаға кеңінен ақпараттық-насихаттық қолдау білдіруге міндеттеліп отыр.

Автор:
Марлан ЖИЕМБАЙ