Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КІТАПТЫ СҮЙ, ОЛ - БІЛІМНІҢ АНАСЫ


19 апреля 2013, 22:48 | 2 138 просмотров



Оқырман оқушының кішкене күннен кітапқа деген құштарлығын арттырып, олардың ой- өрісін дамытуда мектеп кітапханасының алар орны зор. Сол киелі орында еңбек етіп жүрген кітапханашының еңбегі де бұл жерде сырт қалмайды. Оқушының оқыған кітаптарын талдай отырып, онымен ой бөлісіп, оқырманына рухани тәлім- тәрбие беруде кітапханашының үлкен үлесі жатыр. Осы орайда білімнің кәусар бұлағы құндылықтар жайлы «Кітап- білім бұлағы», «Кітап рухани қазына» деген қанатты сөздер бекер айтылмаса керек. Жас ұрпақтың білім, ғылым жолындағы өмірлік құлшынысына оқыған кітаптары рухани тірек болып, тәуелсіз елімізді болашақта ірі мәдени орталыққа айналдырары аян.

Ғұмырының басым бөлігін рухани қазынаға қызмет етуге арнаған Есболатова Айгүл Далдошқызы 1961 жылы 18 маусымда Көксу ауданы, Мұқыры ауылында дүниеге келген.1978 жылы Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педогогикалық Институтының «Кітапхана және кітапханатану» бөліміне оқуға түседі. Белгілі мерзімді тамамдағаннан кейін 1982 жылы жолдамамен сол кездегі Талдықорған облысының С.Сейфуллин атындағы кітапханасына қызметке орналасады. Бір жыл еңбек еткен соң аға кітапханашы болып, одан кейін бөлім меңгерушісі қызметіне жоғарылайды. Бұл облыстық кітапханада Айгүл Есболатова 1993 жылға дейін еңбек етеді.1993 жылы экономика және технология колледжіне жұмыс орнын ауыстырады. 1995 жылы Талдықорған қаласындағы Д.Қонаев атындағы университетінде кітапхана ашылып, білікті маман қажет болды.Ол кезде жұмыс тапшы заман еді. Бұны естіген Айгүл апай кездесуге барып, арнайы байқаудан сүрінбей өтіп жұмысқа қабылданады. Университет кітапханасының алғашқы кітаптарын қабылдап, арнайы лицензия алуында Айгүл апайдың сіңірген еңбегі көп болады. Жоғарғы оқу орнында бірнеше жыл еңбек етіп, 2002 жылы мектеп шаңырғындағы кітапханаға қызмет ауыстырады. Бүгінде Айгүл апай Талдықорған қаласындағы №4 орта мектебінде кітапхана меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. Өмірінің басым бөлігін оқу залында, кітаптардың ортасында өткізіп келе жатқан Айгүл Есболатова «Кітап -білімнің анасы» деген тәмсілді әсте естен шығарған емес. Құнды әдебиет пен көркем шығарманың оқушы қолына уақтылы тиюін ойлап, алдына келген оқырмандарына біршама қажетті шығармаларды ұсынып, насихаттап келеді. Өз ісінің шебері болған Айгүл апай өзі де көп оқыған, өзгенің де оқып- тоқығанын қалайтын жан. Әрі осының жолында еш талып, шаршаған емес. Қайта өз ісін сүйіп атқаратын ол осы сарқылмас рухани қазынадан өзіне қажетін алып, бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, оны оқырман бойынан да көрсем деген ниетте жүреді. 32 жылдан астам уақыт бай мұрамен жұмыс істеп келе жатқан Айгүл апай бүгінде оқырмандарына айтпай-ақ, керегін дөп басып ұсынады.

- Айгүл апай, бүгінгі оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы қандай? «Қазіргі жаһандану заманында балалар кітап оқымайтын болды» деген уәжді жиі естеп жатамыз. Мектепте оқырман оқушылардың оқулыққа, көркем әдебиетке құмарлығын арттыру жолға қойылған ба?

- Мектеп қабырғасында жүргенде оқушыларың кітап оқуға қызығушылғы ұстаздарына да тікелей байланысты. Сынып жетекшілері оқу жылдамығын тексеріп, минутқа оқытқанда оқушыларды көркем шығармалар оқуға баулып отырады. Мен қызмет етіп жатқан ұжымда ұстаздар оқушыларын кітапханаға экскурцияға жиі әкеледі. Қазіргі таңда мектепте 1380 –нен астам оқушы бар болатын болса, оларың бәрі кітапханаға келіп, сабақтан тыс уақытта түрлі шығармалар оқуына жағдай жасалынған. Қазақ, орыс сыныптырына арнайы тіркеу, формуляр жасалған, кітапханаға уақтылы келуіне толық мүмкіншілік бар. Бірінші сыныптан бастап, 11 сынып оқушыларына дейін кітапханаға бас сұғып, қажет кітабын алып оқуы қамтамасыз етілген. Мектеп кітапханасына көбіне пән оқулықтары мен мектеп бағдарламасына сәйкес кітаптар ғана түседі. Сол бірлі -жарым түскен кітаптарымызды оқушыларға ұсынып, барынша насихаттап отырамыз. Қазақ тілге жақын болғандықтан, өзімнің кітап қорымда қазақ тілді кітаптарды жинағанды жақсы көремін. Мен осы мектепке алғашында келген кезде кітапханада бірде- бір қазақ тілді шығармалар, оқулықтар болған жоқ. Аралас мектеп бола тұра, қазақ тілі сыныптарының мұғалімері мен оқушылары «біз несіне кітапханаға барамыз, онда бәрібір қазақша кітаптар жоқ» дегенін естігене мен намыстанатынмын. Бұрынғы істеген Сәкен Сейфуллин кітапханасына барып, бірді -екілі кітапты әкеліп қойып, қазір құдайға тәуба 2534 қазақ тілді кітап қорын толтырдым. Бәрі алфавит бойынша реттеліп, қойылған. Қазақтың атақты жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының томдарынан бастап, жерлесіміз Сайын Мұратбековтың, Әбіш Кекілбаевтың, ақиық ақын Мұқағалидың, тағы басқа жазушылардың мектеп бағдарламасына сай шығармаларының бәрі бар.

- Бүгінгі күнгі жарыққа шығып жатқан кітаптардың сапасы сын көтереді ме?

- Жоқ, сын көтереді деуге келмес. Кейбір жаңадан түскен кітаптардың беттерін парақтап, сілкіп қалар болсақ, шашылып та қалады. Соған қарамастан бағалары да өте қымбат. Кез-келген оқырманның қалаған кітабын сатып алып, оқуына қалтасының көтере бермейтіні де аян.

- Сіз кітаптардың түптелуі, сапасы жайлы айтып өттіңіз. Ал, сол оқулықтың ішіндегі мазмұны жайлы не айтасыз?Оқырман көңілінен шығады ма?

- Оқулықтар жайлы мұғалімдер айтар, ал көркем шығармаға келсек, «Асылмұра» бағдарламасымен келген оқулықтардан оқушының алатыны көп. «Қазақтың 100 кітабы» деген бағдарлама шықты, осының аясында мектеп кітапханалары көптеген жақсы кітаптар алдық. Бұл кітаптардың барлығын кеңінен насихаттап, оқырмандарға арнап көрме ұйымдастырып қойдық. Балғын балалардың ой -танымын өсіріп, еңбекке, адалыққа, ізеттілікке тәрбиелейтін ертегілер де көптеп түсті. Бұл ертегіге балалардың сұранысы өте жоғары. Таңертең 10 нан бастап ертекшіл кішкентай оқырмандарымыз ұзын- сонар кезекте тұрады. Сондай- ақ, бұл ертегілерің электронды түрі де шығып жатыр. Кітапханада дискіге жазылған нұсқасы бар. Кітапты оқымай ақ, ертегіні тыңдауына, көруіне мүмкіншілік жасалынған. Бұл әрине бүгінгі күннің жақсы жетістіктірінің бірі. Мұның балаларға тигізер пайдасы көп. Мысалы, осы мектепте Ұлан деген оралман бала бар. Сол бала «ертегіні тыңдап отырғанда мен қазақ тілін жақсы білетін сияқтымын. Ал, кітапты оқыған кезде маған көп сөздер таныс емес болады» - деп бізге айтып отырады.

- Аға буын, біздер ертегі тыңдап, сондағы кейіпкерлерге еліктеп өстік. Бүгінгінің балалары кімге еліктеп өседі? Ертегінің бала тәрбиесінде алар орны қандай?

- Ертегінің бала тәрбиесінде алар өзіндік орны ерекше. Иә, дұрыс айтасыз, біздің заманда әженің ертегісін естіп өспеген бала кемде -кем шығар. Бүгінде майын тамызып, қиялға елітетін ертегін айтатын әжелердің қатары да сиреп бара жатқандай. Тіпті ертегіні қоя тұрып, бесіктегі бөбекке әлди арнаған әжелердің заманының өзі келмеске кеткендей.

Негізінен балалардың ұйып тыңдайтын ертегілерін үш топқа бөлеміз. Жан- жануарларға арналған ертегілер, басталуы жақсы болып, соңы сәтсіз аяқталатын немесе керісінше болатын ертегілер деп жіктеуге болады. Әр бір тыңдаған ертектері баланы қандай да бір ойға қалдырады. Әр баланың қабілеттері әр түрлі болғандықтан әр түрлі түсінеді. Ертегі жайлы тәрбие сағатында бір бала былай деді: «Менің әжем айтады, ертегіні су перісі судың астында отырып шығарады да, жазушылар судың жағасында отырып жазып алып халыққа насихаттайды» деп. Міне, осының өзі ертегі емес пе?!

- Балалар әдебиеті қазіргі таңда қалай дамыған? Балаларға арналған шығармалардың көркемдігі қандай? Бүгінгі күннің, заманның талабынан шығады ма?

- Балаларға арналған шығармалар біздің кітапханада тапшы. Мысалы, балалар әдебиетінің көрнекті тұлғасы Мұзафар Әлімбаевтың кітаптарын, шығармаларын қолымыздан келгенше насихаттаймыз. Бірақ, кітапханамызда болмағандықтан ұсына алмаймыз. Тек жазушының мерей тойы қарсаңында тұлға жайлы мағлұмат беріп кеш өткізіп, өмірінен сыр шертіп, шолу жасағанда қалалық балалар кітапханасынан уақытша әкеліп қоямыз.Оларда да тапшы, бізге көп бере бермейді. Оның өзінде де 2-3 күнен артық ұстап тұра алмаймыз. Керек өлеңдерін жазып алып, балаларға таратып, жаттатып кешті өткіземіз. Ал, кітаптарын балалардың қолына бере алмаймыз. Міне, осынай біздегі балаларға арналған көркем әдебиеттің жетіспеушілігі біраз қынжылтады.

- Сіздің кітапханашы, мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Әлде, бала кезіңізден кітапқа құмар жанның бірі болдыңыз ба?

- Мен өзім қалаған мамандық бойынша емтихан тапсырып, түсе алмадым. Сосын осы бөлімге құжаттарымды өткізіп қабылдандым. Бірақ, бүгінде кітаханашы мамандығын таңдағаныма еш өкінбеймін. Қайта мамандығымды сүйіп атқарамын. Ғұмырымнын басым бөлігін осы салада өткізіп келе жатқанымды қазір мақтан тұтамын. Менің алдыма қай пән мұғалімі келсе де мен оған қандай кітап ұсынарымды жақсы білемін. Мейлі, ол физика пәнінің болсын, тарихшы, әдебиетші болсын мен оларға қандай кітап керегін біліп тұрамын.

- Қызмет жолында немесе студенттік жылдарда өткерген қызық сәттерге шолу жасасақ.....

- Өткен күндер естеліктерінен студенттік шақтағы бір оқиғаны айтып берейін. Бізге «кітапты тану» пәнінен Жүкебаев деген үлкен қария адам дәріс берді. Өте қатал болатын. Кітапхана мамандығының бүгешгесін дейін түсініріп, бар бейілімен ұғындыратын. Сол ұстазымыз былай дейтін: «Сендердің түстеріңе кітап кірсе, емтиханнан бестік қоямын» деп. Сол кездегі тәрбиенің жемісі болар, біз шынымызды мойындап, «түс көрмедік»- деп айтатынбыз. Егер соны қазір сұраса, бестік алу үшін «Түсімде кітап көрдім» -деп айта салар ма едім. (Бір сәт күліп алды).

Айгүл Есболатова өз ісінің маманы ғана емес, отбасының берекесі, ардақты жар, аяулы ана. Екі қызды тәрбилеп өсіріп, ұрпақтарына заман талабына сай жоғары білім де бере білді. Тұңғышы Әлия І.Жансүгіров атындағы Мемлекеттік университетінің түлегі. Бүгінде ол еліміздің ірі мегополисі - Алматы қаласында «Алматы су холдингінде» эколог маман. Кіші қызы Ботагөз «Қазақ филологиясы, әлем тілдері» бөлімінде қытай тілін ҚХР-да тереңдетіп оқып жатыр.

Мәдени мұрамызды аялап, ұрпақтан- ұрпаққа қолынан келгенше насихаттап келе жатқан Айгүл апай шәкіртерге пайдалы тәрбие сағаттарын үнемі өткізуде. Рухани қазынамызды дәріптеп тарихи тұлғалардың өміріне арналған бірнеше әдеби танымдық кештердің ұйытқысы болып келеді. Оның еліміздің тәуелсіздігіне арналған «Тәуелсіздік арай шашып атты күн, туған елім, құтты болсын шаттығың», «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атты әдеби поэиялық кештері, «Бала құқығы асыл қазына», «Барлық әлем мен үшін» деп аталатын тәрбие сағаттары өтті. Бай мұрамызды кешеден бүгінге жеткізіп келе жатқан кітаптанушы Айгүл Есболатова жаңашылдығымен, ізденімпаздығымен оқырмандарын әлі талай алыс- алыс білім белестеріне жетелері сөзсіз. Олай болса, кітаптың қадір- қасиетін білетін кейіпкеріміздің еңбегіне зор табыс тілеп, көкірек көзі ашық оқырмандарыңыз арта берсін демекпіз!

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз dinara.aujanova@mail.ru