Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНІҢ ҚАЗІРГІ ХАЛІ


28 августа 2009, 11:24 | 2 967 просмотров


Білім саласына қойылар талап артқан сайын мұғалім біткенде маза жоқ. Реформадан – реформаға, эксперименттен – экспериментке көшіп запыс боп қалған ұстаздар көңіліне Елбасымыздың кезекті Жолдауында білім беру ісіне ерекше назар аударып, «Ұлттың бәсекелестік қабілеті оның білімімен өлшенеді» дей келе, ол үшін ең бірінші кезекте мұғалімдердің мәртебесін көтеруге күш салу керектігін қадап тұрып айтуы қанат бітіргендей болды. Содан да болар бұрындары айтылмаған педагогтар проблемасы енді биік мінбелерден көтеріле бастады. Облыс әкімі Серік Әбікенұлының бастамасымен ауылдық жерлерде тұратын мұғалімдердің еңбекақысына 25 пайыз үстеме, сонымен қатар комуналдық шығындары үшін де арнайы өтемақы бөлінуде.

Ипотекалық жүйемен берілетін тұрғын үйлер пұшпағын ең алдымен, ұстаздар ұстау керек деген тапсырма бар. Жөн. «Ұстаздардың жалақысын көтердік» деп екпін бере сөйлейміз. Дұрыс-ақ. «Енді бұл жазғандарға не керек, сабағын беріп, ақылды, жүректі, білікті ұландар тәрбиелеп, жұлдызын жарқыратпай ма?» дейсіз. Келісетін пікір. Десек те, мектептердің мезі бол-

ған жайттары да жетерлік. Ең бастысы, мектеп еті үйреніп қалған тексерулерден әбден шаршаған. Оқу процесіне қатысты тексеру болса жөн-ақ. Жыл сайын мектепті СЭС, өрт мекемесі, қаржы полициясы, прокуратура, тағы басқа құзырлы мекемелер бір сүзіп шығады. Талаптың болғаны жақсы, талғамы өседі. Бірақ, бұл тексерулер белгілі бір уақыттарда болып тұрғаны жөн. Мысалы, үш жылда бір рет. Қай ақшаның қайда кеткенін білу қиынға соқпайды. «Тексеру оқу процесіне кері әсерін тигізбейді» деп ақталуға болады, бірақ мектептің әкімшілік-ұйымдастырушылық жұмысына жауапты директор тексерушінің о жағына бір, бұ жағына бір шығып жүргенде оқу жылы өз миссиясын аяқтап та қалды. Содан барып білім беру процесінде кері кетушілік етек алады. Көп шаруа басшыға тәуелді. Басшы білімді, идеал болуы керек. Мұғалімдердің сабағына қатысу міндетін орындай алмайтын директорлардан білім сапасын сұраудың өзі әбес. Ал мемлекетіміздің басты мақсаты – зиятты қоғам құру. Қазақтың басы басқаның басынан сорлы емес.

Рас, жылма жыл білім саласына бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. Жер-жерде жаңадан мектеп ғимараттары бой көтеруде. Бүкіл білім ұйымдары компьютерленді. Жүзпайыз ғаламдық интернет желісіне қосылды. Мектеп кітапханалары да түрлі әдеби-көркем кітаптармен там-тұмдап болса да толығуда. Оның сыртында оқу процесін жеңілдетуге мүмкіндік беретін электронды оқулықтар таратылуда. Мұғалімдерге әдістемелік көмек беретін сан алуан педагогикалық басылымнан көп нәрсе жоқ қазір. Облыс әкімінің қолдауымен бұрындары басынан бағы ұшып оңтайланып кеткен, әдістемелік кабинеттер қазір барлық аудандарда, қалаларда жұмыс істейді. Олар екі қолын қусырып, құр қарап отырған жоқ. Қаншама дүние, сөйте тұрса да «ауыл мектептерінің түлектері түрлі республикалық халықараралық олимпиадаларда неге топ жармайды» деп ойға қаласыз. Шындыққа тура қарасақ соңғы бір-екі жылда мәртебелі додаларда ауыл мектептерінің балалары да жетістік жалауын желбіретіп жүр. Бірақ бұл саусақпен санарлық. Көбісі маманданған қалалық мектептердің түлектері. Бұл жерде «кінәлі мұғалімдер» дей салуға болады. Сонда қала мұғалімінен ауыл мұғалімінің білімі төмен бе? Олай деу қисынсыз. Өйткені, бәрі де бірдей жоғары оқу орындарын оқыған, бірдей оқулықты, бірдей мүмкіндікті пайдаланады. Сөйтсек, себеп басқада көрінеді. Санамалап көрсек: ең басты кінәрат - түрлі әдістемелік нұсқаулықтардың, ақпараттардың бөтен тілде таралатындығы. Орыс тілді мектептер бірден қабылдайтын ақпараттарды қазақ тілді мектептер аударып, саралап барып, кешігіп қабылдайды.

Ғаламдық интернет желісіндегі таспен ұрсаң тасаға тығылмас жылмысқы бейәдеп жалаңаш файлдарды былай қойғанда, қазақша түгіл жөндеп бағыт берер педагогикалық ақпарат табудың өзі бір әуре. Дендеп еніп кетейін десең тілдік қиындық алдан шығады. Демек, компьютер тілін қазақшалау керек. Осы жерде үш тілді білім беру экспериментінің көңілге қонатынын айта кеткен жөн. Белгілі бір бағдарламалармен үш тілде білім алатын балалар әлем кеңістігінде еркін еніп кете алады.

Екіншіден, түрлі педагогикалық басылымдардың тағылымдық сапасы төмен. Көптеген меншіктегі басылымдардың көздегені бас пайда. Оларды оқып отырсаңыз, қаптаған дәйексіз пікірлерден «ауырмай есіңізден» жаңыласыз.

Үшіншіден әдістемелік-нұсқаулықтардың көбі аудармадан бастау алатындықтан қазақшаның өзін қазақшалап оқуға тура келеді.

Төртіншіден, талап күшейтеміз деп мұғалімдерді қағазбастылыққа ұрындырып алғандаймыз. Қазір мектепте мұғалімнің құжатынан көп нәрсе жоқ. Бір педагогтың басында он шақты папка бар. Шығармашылықпен жұмыс істейтін, шығар деп ойлайсыз ба? Жөн делік. Мектепке имене келген жас ұстаздың да еншісінде де сонша бума.

Компьютерлеткен осы екен деп қағазбастыланып кеткен сықылдымыз. Бір тонна қағаз үшін 20 түп жуан ағаш оталатынын еске алып қойғанның айыбы болмас, осындайда.

Зияттық қоғамның бастау бұлағы – мектеп. Мектептердің сырт көзге ұрып тұрған бірсыдырғы проблемасын жіпке тізгендей болдық. Біздің ойымызша білім сапасын көтеру үшін мектептің «жүрегіне» нәр құятын салаларды саралап барып, мұғалім мен оқушыға алаңсыз білім алатын жағдай жасау керек. Ең бастысы, мұғалімнің ойында «ананы қайтем, мынаны қайтіп жеткізем» деген қарабайыр тұрмыстық қажеттілік мәселесі көрініс бермеуі керек.

Қалай десек те зияткерлік байлық – мәңгілік байлық. Мұнай суалар, кен таусылар, ал сана мен ақыл - таусылмас қазына.

Ақпараттар ағынына сенсек, осыдан он бес- жиырма жыл бұрын Фин елі ақшасы құнсызданып, өндірісі құлдырап, экономикасы тұралап қалған елдердің қатарынан бір-ақ шығады. Қиындықтан құтылудың амалын қарастырған ел басшылары өндіріске салынатын салықты көбейтіп, әлеуметтік салаға ерекше назар аударады. Әсіресе, білім мен ғылым саласына көңіл аударып, бұл жүйеден қаржыны алмайды. Нәтижесінде білім мен ғылым саласындағы жетістіктері арқылы ел экономикасы бірден дами бастайды. Бүгінде әлемді жаулап алған «НОКИА» телефонының отаны осы ел екенін пайымдасақ, көп нәрсенің түйінін аңғарамыз.

Сондықтан да, біздің ел білім саласына жіті назар аударуда. Ендігі міндет - білім саласына екінші кезекте көңіл бөліп, білім мекемелеріне ескі жабдық беріп қойып, бар мәселені түбегейлі шешіп тастағандай болып жүретін, екпінінен ел көшетін басшыларға бетін бар байлықтың бастауы білімде екенін іс жүзінде дәлелдеуде. Ол үшін...

Автор:
Ерғазы МАНАПҰЛЫ