Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ МЕКЕМЕЛЕРДЕГІ КЕЗЕК ЖЫЛ САЙЫН ОРТА ЕСЕППЕН 5-7 ПАЙЫЗҒА ҰЛҒАЙЫП КЕЛЕ ЖАТЫР


26 апреля 2013, 12:07 | 2 094 просмотра



Қазақстанда қазір қалалық жерлерде әр үшінші, ал ауылда 100 баланың бесеуі ғана балабақшамен қамтамасыз етілген. Бұл мәселе бүгін Алматыда өтіп жатқан «Жекеменшік білім беру ұйымдарының экономиканы дамытудағы рөлі» атты Халықаралық конференцияда сөз болды.

«Мектепке дейінгі тәрбиеге жұмсалатын қаржы Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің - 0,1 пайызын құраса, бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде 1-2 пайыз аралығында болып отыр. Қазақстанда бүгінгі таңда мектепке дейінгі 8590 ұйым бар. Оның 3128-і балабақша, 5462-сі шағын орталықтар. Ондағы балалар контингенті 644,3 мыңды құрайды. Жекеменшік балабақшалар саны 2005 жылы - 158, 2010 жылы - 284 болса, биыл 367-ге жетті. Олардың жартысына жуығы Алматы (115) мен Астанада (52) орналасқан», - дейді Республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығы директорының мектепке дейінгі білім жөніндегі орынбасары, «Балалық сарайы» жекеменшік балабақшасының директоры, биология ғылымының кандидаты Қалимаш Рахымбаева. Оның айтуынша, жекеменшік балабақшалардың үлесі 15 пайызды құрайды. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдардың түрлі модельдері бар. Олар: жеке коттедждердегі балабақшалар, тұрғын-үй ғимараты базасындағы отбасылық балабақша, тұрғын-үй кешендерінің төменгі қабатындағы және ірі компаниялар, ұйымдар мен кәсіпорындар жанындағы балабақшалар. Ал мүмкіндігі шектеулі балалардың 19,5 пайызы мектеп жасына дейінгілер. Мамандандырылған 37 балабақша мен 240 арнайы топта 10 мыңға жуық бала қамтылған. Бұл 32,8 пайызды құрайды.

Автор:
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ