Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«БІЗ ӨМІРДІ СҮЙЕМІЗ!»


5 мая 2013, 08:51 | 2 240 просмотров



Сәуірдің соңғы күнінде «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубы «Біз өмірді сүйеміз» атты психологиялық тренинг өткізді. Тренингке қаламыздағы №3 кәсптік лицейдің оқушылары мен топ жетекшісі Арай Несіпбаева қатысып, мамандардың кеңестеріне жүгінді. Кешті «Мүшелтой балалар мен жасөспірімдер клубы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қыдырбаева Дәния Сәлімбайқызы ашып, осы клуб қоғамдастығының психологтары Айгүл Асылтасова мен Күміс Нұрғожаева жасөспірім қыздарға психологиялық тұрғыдан сұрақтар қойып, ақыл кеңестерін айтты.

Бұл психологиялық кештің өз мақсаты, мәні зор. Жастарға көмек көрсетіп, бос уақытын тиімді пайдалануға, сапалы білім алып, отбасындағы, ортасындағы орын алатын түрлі қарым- қатынас мәселелерін шешуде септігін тигізеді. Жасөспірім шақтың өтпелі кезеңіндегі жүріс- тұрыстарына жетік көңіл бөліп, өздерін ортада қалай ұстау керектігінен, этика- эстетика тұрғысынан тәрбие беріп, олардың қоғамға бейімделуіне көмек қолын созып, анасына –құрбыларына айта алмайтын мәселерінде жәрдем беру осы клубтың басты мақсаттарының бірі. Сондай – ақ , Мүшелтой балалар мен жасөспірімдер клубында жасөспірім кезеңнен 24 жасқа дейінгі қыздарға арналған «Қарлығаш» қыздар тәрбиесін үйлестіру орталығы жұмыс жасайды. Сенім! Мейірімділік! Еркіндік! Еріктілік! Бұл «Қарлығаш» үйлестіру орталығының негізгі қағдидалары. Орталықта жеткіншектер өздерін мазалап жүрген және ешкімге айта алмайтын құпияларымен бөлісіп, маманның көмегіне жүгінуіне әбден болады. Кәсіби психолог мамандар жас кезеңдегі ауытқушылық, өзгерістерге көңіл бөле отырып, кез- келген уақытта жасөспірімдермен кәсіби тұрғыда жұмыс жасап, көмектерін аямайды, әрі олардың құпиялықтары сақталады.

Кеш барысында жасөспірім қыздардың өздерін мазалайтын түрлі ойлары тыңдалып, мамандар тарапынан психологиялық жауаптар, кеңестер айтылды. Бұл кештің маңыздылығы сол, жасөспірімдер өздерінің бойындағы сенімсіздіктен арылып, өмірге жарқын, сенімді қадам жасамақ!

Автор:
Динара АУЖАНОВА