Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Өлең сөздің даңғылы, жауһар жырдың Жамбылы!


4 марта 2010, 23:38 | 4 571 просмотр



Қапысыз қағылездік пен асқан алғырлықты, толғамды тапқырлықты, танымды тағылымды қажет ететін Айтыс өнері-қазақ халқының еншісіне Тәңірінің өзі теліп берген асыл қазына, ардақ қасиет. Кез келгені орайы келсе ойының өзін, қалжыңның сөзін поэзия мінберінен еркін сөйлете алатын, екеуінің біреуі екі ауыз өлеңді табанда тауып айтып, кірпияз талғампаздық таныта алатын халқымыздың асыл қасиеті, «өмірдегі қызықтың бәрін өлеңмен өлшеген» патша көңілді, жомарт пейілді ұрпағының дегдарлығы арқасында, уақытпен бірге түлеп, жаңарып, жаңғырып келеді.

Ұлылық пен дархандықтан тамыр тартқан, асыл сөздері халық жүрегінің алтын сандығында сақталып, сұрыпталып зердеден зердеге құйылып отырған, жұртының жүрегінен мәңгілік жылылық тапқан, дала данагөйлері аз болған жоқ. Олардың артына қалдырған мол мұрасы әлі күнге дейін ұрпақ игілігіне, елдігіміз бен бірлігіміздің, жалпы тыныс-тіршілігіміздің алтын арқауына айналып отыр.

Сондай дара дарын, ерек болмыс, семсер-сөздің дариясы, жұртының абыз қариясы, рух пен жігердің қайрағы, намыстың бөрілі байрағы - Жамбыл Жабаев бабамыз болған.

Жамбыл өлеңдерінің үш ғасырдан бері қарай өз құнын жоймай ауыздан ауызға тарап, жүректен жүрекке жол тауып келе жат-

қаны оның осындай құдіреттілігіне байланысты болса керек.

Сөз өнерін ардақ тұтқан ұлтымыз Жамбыл жырларын жауһардай қадірлеп, асылындай ардақтап келеді.

Жамбыл бабамыздың туған күніне орай Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы республикалық жас ақындар айтысы болып өтті.

Аталған шараға еліміздің түпкір-түпкірінен атап айтсақ: Алматы, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан барлығы 26 үміткер қатысып, зейіні мен зердесін сарапқа салып, айтыс өнерінің көрігін қыздырды.

Жеті жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан дүбірлі доданың шымдығын Алматы облыстық білім басқармасының бастығы Ләззат Тілеубайқызы беташар сөз сөйлеп ашты.

«- Аталған шараны өткізудегі мақсаты

мыз-Жамбыл бабамыздың жауһар жырларын насихаттай отырып, жас өрендеріміздің шығармашылық қабілетін дамытып, оларды елжанды, ұлағатты азамат етіп тәрбиелеу. Өйткені, айтыс өнері-халқымыздың өзгеге ұқсамайтын асыл қасиеттерінің бірі. Сөз бос-

тандығы, бүгінгі қоғамның бейнесі де осы айтыс кезінде ақындар жырымен жан-жақты талқыға түседі. Міне, осындай елдік пен ерлік, жақсылық пен кемшін тұстарды тіліне тиек ететін жас ақындардың жылма-жыл көбеюі бұл шараның маңыздылығын арттырады. Бүгінде биік мінберлерге көтерілген Талдықорғандық Жандарбек Бұлғақов, Аягөз Серік-

қызы, Шығыс Қазақстандық Нұржан Өмірбаев, Астанылық Мейіржан Әлібеков, Ақтөбелік Қайнар Алагөзов, Қызылордалық Сұлтанхан Мейірбек сынды көптеген есімдері ел аузына іліккен жас ақындар бар. Осылардың ізін басатын ізбасарлар бүгінгі айтысымызда жарқырып шығады деген үміттеміз»-, деді Ләззат Тілеубайқызы.

Екі күнге созылған жыр додасында сайысқа түскен 26 ақынның ішінде көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан, сөзі мен мақамы келіскен қара өлеңнің жорғасын тайпалтқан дауылды дарындармен қатар әттең-айы көп шабыттың шоқтығын шайқалтқандары бар болды.

Осы айтысқа әділ қазылық еткен, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Сәкен Иманасов: «Екі күн бойы Талдықорған қаласында бүкіл Қазақстан балаларының айтысы болып өтті. Мен шынымды айтсам Алматы қаласында бір-екі жерге шақырғанда «оқушылар не айта қояды дейсің» деп ойлап ем. Менсінбегендіктен емес, уақытымды да қимай бара қоймаған едім. «Қанат ұшса қатаяды, үлкен жол алыс ауылдан басталады» дегендей бүгінгі шараға қатысып жатқан балалардың өнерге деген ынтасын, ықыласын, бейімділігін байқатып жатыр. Әрқайсысы өзінің ішкі дайындықтарымен келген. «Мыңнан тұлпар жүзден жүйрік шығады» дегендей бүгін он үш жұп айтысқа түсті. Солардың озғаны тиісінше сый –сияпаттарын алып жатыр. Түптің түбінде осы он үш жұптың ішінен халыққа елге, танымал үш айтыскер шықса ол осы айтысты ұйымдастырушылардың еңбегінің толығымен ақталғаны деп санауға болады. Екінші, бұл айтыс облыстық білім басқармасы тарапынан халыққа білім берудің, өздерінің атқарып жатқан іс - шараларын көпшілікке таныстырудың тағы бір жарқын түрі. Айтыс деген халқымыздың өлмес мұрасы ғой. Сондықтан бүгінгі айтысқа үлкен кісілер де көптеп қатыс-

ты. Осыған қарап-ақ бұл айтыстың өз дәрежесінде өткендігін бағамдауға болады»,- деп ойын білдірді.

Қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Қуат Қайранбаев та: «Бүгінгі оқушылар айтысы шын мәнісінде өте жоғары дәрежеде қарастырылған. Балалардың тамағы, жататын орнына дейін мұқият ұйымдастырылған. Сахнаның безіндірілуі де талапқа сай. Бүгінгі айтысқа қатысқан оқушылардың да ішінде болашағынан үлкен үміт күттіретіндері баршылық» -, деп өзіндік пікірін түйіндеді.

Бірінен бірі өтетін зерделі де «сұлу сөзбен сарай соққан» жас ақындардың талант- талайына Қазақстан жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын – Сәкен Иманасов, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, ақын Жұматай Оспанұлы, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы, ақын Есенқұл Жақыпбек, «Әбдіраштың Жарасқаны» атындағы сыйлықтың иегері, ақын Ерғазы Манапұлы сынды қаламгерлер әділқазылық жасады.

Бас бәйгені республикалық айтыс өнерінде бағын алғаш сынаған Павлодар облысы Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия- интернатының 10 сынып оқушысы, жас талант Дүйсембай Серікболсын жеңіп алып, 120 мың теңгені қанжығасына байлады. .

Бірінші орынды Алматы облысы Қарасай ауданы Ушинский атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Ибрагимов Алтынбек пен Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы № 39 орта мектептің 11 сынып оқушысы Мұхаметрахимов Рүстем бөлісіп, 80 мың теңге көлемінде сыйлыққа ие болды.

Екінші орынды (50 мың теңгеден) Алматы қаласы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп- интернатының 10 сынып оқушысы Қайыртайұлы Манас пен Қарағанды облысы Жамбыл атындағы №7 облыстық дарынды балалар мектеп- интернатының 9 сынып оқушысы Байсүгіров Нұрмұхамед өзара бөлісті.

Үшінші орындарды (35 мың теңгеден) Талдықорған қаласы, облыстық «Өнер» мектебінің 7 сынып оқушысы Боқан Қанат пен Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы № 7 облыстық дарынды балалар мектеп- интернатының 6 сынып оқушысы Әділов Мұхтар және Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы № 39 орта мектептің 11 сынып оқушысы Молдабеков Айбек өзара бөлісті.

Сондай-ақ жүлде қоры 25 мың теңгені құрайтын арнайы жүлдені Алматы қаласынан келген Бибігүл Тілеболдинова мен Атыраулық Ерболат Қарағойшиев иеленді.

Қалған 17 оқушыға бес мың (5000 т) теңге көлемінде ақшалай ынталандыру сыйлығы берілді және білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды. Жас айтыскер Ақтөбе облысы, Новый орта мектебінің 11 сынып оқушысы Бейбітов Жәнібекке Талдықорған қаласы әкімінің арнайы сыйлығы телевизор табыс етілді.

Өткенін құрметтемеген, асылын ардақтамаған ел кемелдік шегіне жетіп, бүгіннің биігінен көріне алмайды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды әспеттеу арқылы біз жаңа белеске, маңызды мұратқа қол жеткізе аламыз.

Халқымыздың осы елден ерек суырып салмалық қасиеті сыры мен мәнін жоймастан, болашақ баспалдағымен өз тұғырына өрлей бермек. Қаршадайынан елдік пен ерлікті ту етіп жырлаған ұландар, ертеңгі халықтың асыл қалқандары, айдынды айбарлары болмақ.

Біз мұны «Жыр алыбы-Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысына қатысып бағын сынаған жас таланттардың аяқ алысынан, сөз сермесінен аңғардық.

Осындай ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін рухани шаралар арқылы елдігіміздің болашағы нұрлы болады деп сенеміз.

Автор:
Ерғазы Манапұлы Қазақстан Журналистер одағының мүшесі