Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БОС УАҚЫТТЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ТҮРЛЕРІ


17 мая 2013, 17:53 | 18 706 просмотров


Бос уақыт – жұмыстан, қызметтен, еңбектен, оқудан тыс демалатын кез. Бос уақыттың басты қасиеті сырттан нұсқау тілемейтін, әр адамның жеке – байлығы. Бос уақытты барынша тиімді пайдалану көптеген адамдарды толғандырада. Ол ең алдымен адамның өзіне, оның рухани қажетіне және мақсат ауқымына, оның әлеуметтік белсенділігіне байланысты. Әр адамның музыкаға, әдебиетке, спортқа тағы басқаларға ықыласты болуы мүмкін. Адамдардың қызығушылығын ескере отырып әлеуметтік мәдени мекемелерінде, мектептерде, оқу орындарында түрлі іс шаралар ұйымдастыруға болады. Олар адамды шығармашылыққа баулиды, рухани өсіреді, салауаттылық пен сауаттылыққа тәрбиелеп, тіпті жай ғана тынығып, сергуіне әсер етеді. Бос уақытты ұйымдастырудың түрлері өте көп, мысалы: кештер, ойын-сауықтар, жарыстар, фестивальдар, серуендер, т.б.

Әдеби фестивальдар – «Кітап фестивалі» немесе «Оқырман фестивалі» деген атпен танымал әдеби фестивалдар жыл сайын кітапсүйер қауымның басын қосады. Кітапқа құмар жандар жылда жиналып, әдеби жаңалықтарды талқылайды. Мұндай шаралардың мақсаты – кітап авторларын жақсы туындылар жазуға жігерлендіріп, жас буынға кітап оқуды насихаттау, әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру. Әдеби фестивальдар кезінде түрлі кітап көрмелері ұйымдастырылып, авторлар өз шығармаларын оқып береді. Әдеби фестивальдарды ұйымдастырушылар жастар арасында мәдени, рухани серпіліс туғызуды, өзара пікір алмасуға жағдай жасауды көздейді. Әдеби фестивальдардың арқасында авторлар өз шығармаларын оқырмандарға ұсынуға мүмкіндік алады.

Турнирлер - сайыс, жарыстар. Қазіргі кезде негізгі белгілеріне байланысты турнирлер жіктелінуі: шахматтық турнирлер; әдебиет білгірлері, тарих, математика, (зерделік түрнирлері); үстел ойындары бойынша турнирлер; спорттық турнирлер,т.б. Турнир өткізудің негізгі жүйесі – айналым, мұнда әрбір қатысушы басқа қатысушылармен бір немесе бірнеше рет жарысқа түседі.

Кештер - алдын-ала өңделген көркемді- педагогтық бағдарлама бойынша құрылған орындалатын міндетінің мазмұны мен сипаты жағынан жан-жақты көпшілік тәрбиелеу акциясы. Кештердің классификациясы: Мазмұны және сипаты жағынан: қоғамдық саяси, өндірістік техникалық, моральді- әдептілік, ғылыми-ағартушылық, әдеби- көркем, дене шынықтыру-спорттық, т.б. Бағыты жағынан: мүшел той, мерекелік, салтты-оқиғалық, күнтізбелік /календарлық. Аудиторияға құралдардың идеялық- эмоционалдық әсер ету басымдылығы жағынан: әдеби, музыкалық, театралдық, кинокештер, т.б. Қатысатын адамдардың құрамы бойынша: еңбек ардагерлері үшін, зейнеткерлерге, балалар мен жасөспірімдерге, жастарға т.б. Ұйымдастыру түрі жағынан: тақырыптық кештер, демалыс кештері, би концерттік, конкурстық. тегін кештер, төлем ақылы, қайырымдылық кештер.

Кездесу кештері – көрнекті ғалымдармен, ақын-жазушылармен, атақты әншілермен, ардагерлермен жүздесу. Кездесу кештері жастар мен жасөспірімдерді адамгершілікке, еңбекке, білімқұмарлыққа, талғампаздыққа жетелеудің тиімді әдісі.

Мерекелік кештер – әрбір тарихи оқиғаларға байланысты өткізілет кештер. Аналар күні, мамыр мерекелері, жаңа жыл, ұлттық мерекелерге арналған тақырыптық кештер ұйымдастыру арқылы бос уақыттарын қызықты, көңілді өткізулеріне болады.

Конкурстар – бір білім саласындағы немесе қоғамдық пайдалы қызметте жеңімпаз қатынасушыларды айқындайтын демалыстың танымдық түрі. Конкурс – жарыс, қақтығыс, күрес. Конкурс түрлері: Кәсіби-шеберлік: механизаторлар, мал шаруашылығы, офицерлер, сатушылар, т.б. Кәсіби-шеберлікке байланысты конкурстардың мәні – мамандыққа деген сүйіспеншілікті қалыптастырады, ұжымдарды топтастырады, іскерлік пен дағдыны жетілдіреді. Көркемөнерпаздар конкурсы: фольклорлық топтар, домбырашылар, гитаристер, «Айгөлек», «Әнші балапан», «Жас қанат», хор ұжымдары, т.б. Көркемөнерпаздар конкурстарының маңыздылығы – орындаушылық шеберлікті жетілдіреді, талантты адамдарды айқындайды. Көңіл көтеретін конкурстар: «Ал кәнекей жігіттер», «Ал кәнекей қыздар», КВН, әжелер сайысы, т.б. Көңіл көтеретін конкурстардың маңызы – пайдалы хабар, көңіл көтерумен қуаттайды. Сонымен қатар, интеллектуалды шоу- конкурстар, әдебиет, тарих білгіштерінің конкурсы, «Не? Қайда? Қашан?», «XXI ғасыр көшбасшысы», т.б. Бұндай конкурстардың мәні – интеллектуалды деңгейді көтереді, танымдық талаптарын қалыптастырады.

Ойын – тынысы кең, алысқа меңзейтін, ойдан-ойға жетелейтін, адамға қиял мен қанат бітіретін, ақыл- ой жетекшісі, денсаулық кепілі. Ойын - өсіп келе жатқан жас ұрпаққа білім және тәрбие беру өрісінің тарихи қалыптасқан құралы. Бос уақытты ұйымдастыруда жиі қолданылатын ойындарға отбасылық, спорттық, ұлттық, интелектуалдық ойындары жатады. Отбасылық «Толағай» ойыны ата-аналар мен балалар арасындағы сыйластықты, татулықты, ауызбіршілікті күшейте түседі. Ал, «Жүзден жүйрік» ойыны балалардың күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдікке ғана тәрбиелеп қоймай, оның ақыл- ойының толысуына, есейіп өсуіне де пайдасын тигізеді.

Бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде осы бос уақытты дұрыс және тиімді ұйымдастыра білудің мәні зор. Күнделікті оқу-білім алумен қатар, бос уақытын қызықты өткізіп отырса, олардың бойындағы шығармашылық, ізденімпаздық қасиеттері арта түседі. Жан- жақты мәдениетті, білімді, дені сау, сезімтал, өнерпаз ұрпақты тәрбиелеу әрбір ұстаздың басты мақсаты боғандықтан, олардың бос уақыттарын ұйымдастырып отыру қажет.

Автор:
Кенжегуль ОРАЗАЕВА Сарқан гуманитарлық колледжінің оқытушысы