Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛА МІНЕЗ-ҚҰЛҚЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


24 мая 2013, 10:41 | 3 067 просмотров


Әрбір әке, әрбір шеше өз балаларының тәлім-тәрбиелі болуын,білімді, Отанға және отбасына пайдалы адам болып өсуін тілейді. Бірақ олардың барлығы бірдей бұл тілеулеріне қандай жолмен жетулерін біле бермейді. Біз әр уақытта да баланы мезгілімен дәмді етіп тамақтандырсақ, қатарынан кем қылмай киіндірсек, әр түрлі ойыншықтар сатып алып берсек екен дейміз. Ал өсіп келе жатқан балаға керегі тек қана тамақ пен киім емес, оның сол туған күннен бастап өмірінде кездесетін ойыны мен жұмысына,қуанышы мен ренішіне,байсалды түрде жан-жақты қарым-қатынаста болуды үнемі есте сақтамаймыз.Балаңыз тыңдамайды,қырсығады,қыңырлық істейді,ал кейде тіпті өрескелдік істейді.Неге?Біз о бастан баламен дұрыс сөйлесіп,дұрыс қарым- қатынас жасамағандығымыздан емес пе?

Ал егер ол бағынбаса, онда біз оның себебін өзімізден іздеуді біле бермейміз. Жасыратыны жоқ кей отбасыларында баланың ата-аналарымен әңгіме бастауға жасаған әрекеті тыңдалмайды «Уақытым жоқ», «Шаршап отырмын»,«Шуламай отырыңдар» деп бір жақты қарап, қабағынан қар жаудырып,баласының қуанышты көңілін су сепкендей басып тастайды.Оның жүзі жабырқап қалады.Күні бойы ішке сақтаған қуанышты күйі босқа кетеді.Ал егер балаға үнемі осылай қарым-қатынас жасалса, үлкендер тарапынан қалай болса солай қарап,оның қуанышы мен толқуына,жора жолдастарына бар қазынасын ақтара алмайды,ата-анасымен жалғасқысы келген балалық ұмтылу біртіндеп үзіледі де,балада біз күтпеген тұйық мінез болуына әкеп соқтырады.

Балаға әр уақытта көңіл бөліп отыру дұрыс.Балалардың үлкендермен сөзге араласқысы келген жағдайда үлкендердің тыйып тастайтыны болады.

Міне, өзіміздің әдепсіздігімізден біз балаға да, сол сияқты әдепсіздікті дағдыландырып, теріс мінезге жол ашып беріп отырамыз. Бала жақсы болуға тырысады деп оған өрескелдікпен көріну – босқа әурешілдік. Керісінше бұл тек оны дөрекілендіреді. Ол өсе келе дәл солай етіп өзіміздің алдымызға келтіреді.

Баланың теріс қылықтарына кім кінәлі? Біз оны осыған үйреттік пе? – дейді кейбір ата-аналар.Баланың мінез-құлқы сол біздің көрсеткен үлгіміз.

Жұдырықтың күші арқылы баланың мінезіне басшылық етіп үйреніп кеткен ата- аналарымыз мұны әдетке айналдырып, баланы кез-келген жағдайда шапалақтай береді.Баланың ойыны бүлдіруден басталады. Ойнап отырып ойыншығын сындырса,сол үшін шапалақ,ойнап жүріп үсті-басын былғаса,тағы да,шапалақ,немесе дөрекі айқай – тәрбиедегі жаман әдіс.Күшпен жазалау – қазіргі біздің заманымызда ақылға сыймайтын көрініс.

Ал,керісінше, шашқан екенсің,жина, сындырдың ба, түзе деп айтқанды саналы түрде орындатуды қалыптастырып,өтінішпен мейірімді, көзқараспен дегенін істетуге болады.

Жас жеткіншектердің мейірімді, қайырымды адам болып өсуі үшін еңбектің ролі аса зор. Өкінішке орай кейбір ата- аналардың еңбекті тәрбие құралы етуге көңіл бөлмейтіні бар. Еңбекті сүйетін әрбір жастың рухани байлығы мен адамгершілік бейнесі жақсы қалыптасып дамиды. Еңбекке жасынан бейімделіп,шыныққан жастар жігерлі,еркін,ешкімге тәуелді,жалтақ болмай өседі.Өзіне деген сенімі артады. Бұған мән бермейтін,баласын ақ саусақ етіп өсіретін кейбір ата-аналар да ортамызда бар.Жасынан үй шаруашылық жұмысына көмектесіп үйренбеген бала іске қырсыз,үй тіршілігіне жалтаң келеді.Біздің болашағымыз – жастар.Жас ұрпақтың еңбек дағдысын мектеп қабырғасында алу шарасы көзделуде. Осыған сәйкес баланы отбасында да еңбекке тәрбиелеудің үлкен маңызы бар Балалар үйде шамасы келетін жүмыстардың бәрін істеуі керек. Бірақ бұл талап барлық отбасында бірдей емес.

Кейбір оқушының әке-шешесі баласын ешнәрсеге қатыстырмайды.Мұндай ата- аналар қартайған шағында да ондай балалардан рахат өмірді үміт ете алмайды. Қаннан қаперсіз,салдыр-салақ,жалқаулар,ақ саусақ адамдар осындайлардан шығады. Қорыта айтқанда,адам тәрбиелеу,бөбектерді тәрбиелеу,яғни олардың мінез-құлқын қалыптастыру – алдымызда тұрған ең жауапты да игілікті іс екендігін естен шығармай,бала тәрбиесіне бір уақыт көңіл бөліп отыру жөн.

Автор:
Жаңыл ТҰМАҚБАЕВА Жамбыл атындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Көксу ауданы