24 мая 2013, 10:55 | 1 793 просмотра
Ұлттың ұлт болып ұйысуында, қоғам дамуымен қиысуында, рухани жағынан мықты, мығым болып қалыптасуында, құндылықты хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізуде тілдің орны бөлек. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрт¬тың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай, жоғалмайды» деуі содан болар. Тағдыры талай талқыға түссе де тамыры құрғамай, құр¬дымға құламай, бүгінге жетіп, тәуелсіздігіміздің жаршысы болған қазақ тілі қашанда қадірлі. Міне, сол тілдің мәртебесін өсіру мақсатында тұңғыш рет отандық филологтардың съезі елордада болды. Мұндай игілікті іске осыған дейін математиктердің, биологтардың, тарихшылардың құрылтайын ұйымдастырған Білім және ғылым министрлігі ұйытқы болғанын айта кетсек дейміз. Алқалы жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған мемле¬кеттік тілдің беделін арттыру жолындағы берген тапсырмасын мүлтіксіз орындау ниетінде ұйымдастырылып отыр екен.
Съезде алғашқы сөзді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов алып, филология барлық гуманитарлық ғы¬лымдарды біріктіретінін атап өтіп, Президенттің «Дауға салса алмас¬тай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәң¬гі жас, отты да ойнақы Ана тілінен ар¬тық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!», деген сөзіне жүгініп, біріншіден, тіл білімі саласындағы педагогтар мен басқа мамандардың сапасын арттыру, оқушылар мен сту¬денттердің ф у н к ц и о н а л д ы қ сауат¬тылығын қалыптастыру, жоғары оқу орындарындағы педагогикалық құ¬рамының деңгейін көтеру, фило¬логиялық білімнің әлеуметтік маңызын жоғарылату мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Қазір филолог кадрларға деген сұраныстың артып келе жатқанын, 2 жылдан кейін 4 мың, ал 7 жылдан кейін 10 мың білікті маман керек екенін нақты мысалдармен дәйектеді.
Жаңа ғасыр басында мектепке дейінгі ұйымдардың 25 пайызы ғана мемлекеттік тілде болса, бұл күндері ол көрсеткіш 75 пайызға жуықтады. 93 мыңнан аса өзге ұлт балалары қазақ тілді балабақшаларда тәрбиеленуде. Қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны азаттық алғаннан бергі кезеңде мыңнан асты. Қазір 3819-ға жетті. Ел балаларының 64,5 пайызы мемлекеттік тілде оқиды деген министр тіл үйренуде әлемдік тәжірибеден дәйектер келтіріп, әйтседе, «Еуропалықтардың қазақ тілін оқытуға арналған әдістемені әзірлегені» туралы сілтемелердің көбейіп кеткенін, мұның қаншалықты жақсы-жаманын сарапқа салатын біздің ғалымдар емес пе, лингвистеріміз қайда, деген сұрақты төтесінен қойды. Отандық зиялылар тіл үйренудің әдістемесін жедел түрде іліп әкететін уақыт жетті, деп қазақ тілін үздіксіз деңгейлеп оқыту мемлекеттік стандартын әзірлеуді тапсырды. Үштұғырлы тіл, өзге этнос тілдері туралы да тиянақты ойын ортаға салып, маңызды міндеттерді атады.
Қазақ тілін өз Отанымызда ғана емес, әлемдік деңгейге көтеру мәселесі жан-жақты қозғалып, интеграциялан¬уы шеңберіндегі жұмыстың сапалы атқарылуы қаралған құрылтайда зиялы қауым өкілдері де сөз алып, пікірлерін алға тартты. Мысалы, М.Әуе¬зов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі Уәлихан Қалижан, ұл-қызымызды тәрбиелеудегі тілдің рөлі туралы айтып, сөз тілге, тіл сөзге тәуелді, ол әдебиет пен тарихтың күре тамыры, деп өзі басқарып отырған іргелі мекеменің жұмысына тоқталды. Сапасыз сөздіктерді, сапалы оқулықтармен алмастыру керектігін, бұған қоса, сырт мемлекеттерде өмір сүріп жатқан бауырларымыздың әдебиеті мен мәдениетін, өнерін жинақтау қолға алынғанын, мұндай істе әрқайсымыз халықтың көзі, ұлттың сөзі болуға тиіспіз, деді. Ұлы¬британияның «NILE» лингвистикалық институтының өкілі Аллан Пульвернесс қазақ тілі мен әлем тілдерін ұштастыра отырып, құлаққа жағымды баяндама жасап, сөз аяғын мемлекеттік тілде түйді. Алматы облыстық Ш. Смағұлов атындағы мектеп интернатының мұғалімі Бақытнұр Әділов, тіл мен әдебиетті оқыту туралы өзінің келелі ойларын жұрт талқысына салып, бір замандары жұртшылықтың көңілінен шыққан Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» секілді туындылардың қазір болмай тұрғанын айтып, қазақ қаламгерлеріне бүгінгі заманның талабына сай шығармалар жазса деген тілегін жеткізді. Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина өз сөзін қазақша бастап, одан кейін ағылшынша таратып, орысша көсілтіп, жаңашылдық танытты. Құрылтай аясында «Филология: классикадан инновацияға дейін» деген көрме ұйымдастырылды. Жалпы, бұл құрылтай мемлекеттік тілге жаны ашитын, соның жыртысын жыртып, сөзін сөйлеп жүрген рухы мықты жандарды бір серпілтіп тастағаны анық.