Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДА КІМДЕР ЖҮР?


24 мая 2013, 16:56 | 817 просмотров



Ғылым саласындағы былықтар ашылуда. Осыған қатысты ақпар Парламентке хабарланды. Оған жүгінсек, жүргізілмеген ғылыми зерттеулерге ақы төленген, шетелдік әлдебір мекемелерге заңсыз қаржы аударылған. Белгілі болған дерек бойынша материалдар шешім қабылдауы үшін Бас прокуратураға тапсырылған. Бұл мәліметтің шет-жағасын кеше сенаторларға Есеп комитетінің мүшесі Константин Плотников айтып берді.

Бұл күні Жоғарғы палатада арнайы жұмыс тобы Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы бюджетті қалай шығындағандығын жеке қарады. Бұл ретте Есеп комитетінің өкілі «ғылыми зерттеулер жүргізуде» және «олардың нәтижелерін коммерцияландыруда» бірқатар заң бұзушылық орын алғанын мәлім етті. «Ғылыми зерттеулер нәтижелерін енді-ру саласында күні бүгінге дейін көзге көрінер нәтиже-эффектіні біз көрмедік, – деп ашығын айтты Константин Плотников. – Ол ол ма, жекелеген дерек¬тер бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына тапсырдық. Бұл шетелдік агенттіктермен ақпарат ұсыну бойынша келісімшарттар бекітуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге негізсіз ақы төлеуге қатысты. Бұлар бойынша барлық материалдар қазір Бас прокуратурада жатыр».

Жұмыс тобының отырысында айтылғанындай, Есеп комитетінің тексерістері барысында Білім және ғылым министрлігінде шамамен 20 миллиард теңгенің заң бұзушылықтары анықталған.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жақында өздерінің бас¬ты бір жетістіктері ретінде «ғылымға жастардың көптеп тартыла» баста¬ғандығын жариялаған еді. Кеше Сенат депутаттары мұның басқа бір құпиясы, астары барлығын айтып қалды. Олардың дерегінше, бүгінде екі жылдық магистратурада оқитындар 40-45 мың теңге, докторантурадағылар 90 мың стипендия алатын көрінеді.Осы қаржысына қызығып, кейбір жастар «ғылымға» қызығушылық таныта бастаған! Мұны сенаторлардың бірі тіпті өз туыстары мысалында айтып берді:

– Мен әр уақытта айтып жүрмін, – деді ол министрлік басшылығына, ғылымға шын ден қойғандарды, әсіресе, техникалық мамандықтардағыларды жобалармен жүктеңіздер! Тек «пи-эйч- ди ғылым докторы» деген секілді білдей атақ қана алып шықпасын, олардан елге пайда келетін болсын. Олар қандай да бір жоба әзірлесін. Тіпті ол жобасы теріс нәтиже көрсетсе де, соның өзі нәтиже деген сияқты. Магистратураны, бірі докторантураны бітіруде, бірақ ғылыми білімі – нөл. Олар ғылымды тастап кетуге бел буған: «Керек емес» деп жатыр. Мен де айттым: «Құрысын! Түк пай-дасы жоқ. Одно название! Одан да нақты жұмыс істесін!»

Осыны айта келе, сенатор «кеңес тұ¬сында болған ғылым-кандидаттар қазіргі ғылыми бейіндегі магистрден немесе ескі жүйедегі доктор бүгінгі «доктор PhD»-дан мықты-ау» деген тұжырым түйді. «Ал мыналарда ештеңе жоқ! Түкке оқытпайды. Ертең министрліктерің «Біз бәленбай «PhD докторын әзірледік!» деп тағы есеп береді» деді депутат.

Білім және ғылым министрлігі басшылығының өкілі жауапты жақ¬сылап ой¬ластырып, жазбаша түрде беретіндігін жеткізді.

Жұмыс тобы отырысында отандық кәсіби-техникалық білім беру саласының аянышты кейпі суреттелді. Ал шын мәнінде, бұл сала Елбасы тапсырғанындай, ел экономикасын білікті жұмысшылармен қанықтырар қуатты жүйеге айналуы керек еді. «Материалдық-техникалық базасы оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруды толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді! – деп,тексеріс нәтижелері бойынша жасаған өз байламдарымен бөлісті Есеп комитетінің өкілі К.Плотников. Оқу құрал-жабдықтарымен жабдықталуы республика бойынша орташа алғанда тек 30 пайызды ғана құрайды. 20 колледж шәкірттерді апаттық ғимараттарда оқытуда. 35 колледжде мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатқандар да жатақханамен қамтамасыз етілмеген. Орта және жоғары білім берумен салыстырғанда, кәсіби-техникалық білім беруді қаржыландыру «қалдықтық қағидат» бойынша жүзеге асырылады».

Сенатор Ертарғын Астаев білім беру жүйесіндегі мына бір парадоксті жағдайға назар аудартты: «Сіздердің есептеріңізден көретініміз, 2011 жылы республика бойынша 81 мектепте оқушылар үш ауысыммен оқу¬ға мәжбүр болған. 2012 жылы республикалық бюджет есебінен мектептер салыныпты да, үш ауысымды 68 мектеп қалыпты. Бірақ демографиялық жағдайға және көші-қон үдерістеріне байланысты Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Астана қаласында үш ауысымды мектептер саны 24-ге өсіпті. Яғ¬ни 81 болғандығына күрсініп жүрсек, 92-ге жетіп отыр. Сендерде «100 мектеп» бағ¬дарламасы бар емес пе? Перспективті жоспарлау қайда?» Сенатор тіпті БҒМ-нің өзі зерттеп, біле алмаса,ең құрығанда, көші- қон және демографиямен айналысатын арнайы құрылымдарға осы мәселе бойынша неге жүгінбейтіндігіне қайран қалды.

–Үш ауысымды және апаттық мектептер бойынша әдістеме әзірленді,–деді Министрліктің Жауапты хатшысы Ә.Ғалымова. – Мектептер үш критерий бойынша, яғни үш ауысымдылық, апаттық және тапшылыққа орай салынады. Қазіргі кезде 23 мектеп апаттық күйде. 19 мектеп орын тап¬шылығын тартып отыр.

БҒМ биік лауазымды өкілі бүгінгі таңда «100 мектеп» бағдарламасының аяқталғандығын хабарлады. Оның орнына Президенттің тапсырмасы бойынша 400-ден астам мектеп салу бойынша жоба іске қосылмақ. «Оның ішінде 215 мектеп жергілікті бюджеттер есебінен, ал 230 мектеп республикалық бюджет қаржысына тұрғызылады. Бұл мектептердің құрылысын жоспарлау кезінде әлгі үш өлшем ескеріледі» деді Әлия Ғалымова.

Айтқандай, кеше БҒМ білім беру мекемелерін салу кезінде енді «екпін 4 өңірге түсірілетіндігін» жария етті. Бұлардың қатарына Алматы, Астана қалалары, Оңтүстік Қа¬зақ-стан және Алматы облыстары кіріп отыр. Бұларға демографиясының өсіміне қарай Қызылорда, Жамбыл облыстары қосылуы ықтимал.

Автор:
Елдос СЕНБАЙ