Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛА ЕҢБЕГІН ҚАНАУ - АРДЫҢ ІСІ МЕ?!


7 июня 2013, 11:04 | 6 225 просмотров



Қазіргі таңда әлемде балалар еңбегі маңызды мәселе болып отыр. Халықаралық Еңбек Ұйымының (ХЕҰ) мәліметінше дүниежүзінде 215 млн бала еңбекпен шұғылданады. Ол балалардың дамуы мен білім алуына кедергі келтіріп, болашақтарына зор кесірін тигізеді. Ауыр жұмысқа ерте жастан араласқан балалардың басым бөлігі физикалық және психологиялық тұрғыдан зиян шегіп, келешек өміріне қауіп тудыратын халді бастан кешуде.

Маусымның бастапқы 12 күні бала еңбегін қорғауға арналған. Осы шара барысында Алматы облысы балалардың құқықтарын қорғау департаменті ҚР білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің 2013 жылғы 30 наурыздағы хатына сәйкес «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты Ұлттық Ақпараттық науқанын өткізді. Аталмыш шараға облыстық прокуратура, облыстық ішкі істер департаменті мен Талдықорған өңірі бойынша Еңбек және көші-қон заңнамасын бақылау , қалалық білім басқармасының басшылары және бұқаралақ ақпарат құралдары ат салысты. Бұл науқанның мақсаты – бала еңбегінің ең нашар түрлері мен оның ауқымын, бала мен қоғам үшін оның салдарын ашып айта отырып, жұртышылықты осы халықаралық және ұлттық заңнамамен ақпараттандыру болып отыр. Бұл шараның аясында үлкендер тарапынан, жұмыс беруші жағынан әділетсіздік көрген кәмелетке жасы жетпеген балардың құқықтары қорғалып, балаларға қауіпті деп саналатын жұмыс түрлерінен сақтандыру кең көлемде қолға алынбақ.

«Биылғы жылы Халықаралық балалар еңбегімен күрес күні «Үйдегі балалар- жұмыскерлердің еңбегіне тыйым салу!»-атты ұранмен өтеді. Себебі, ХЕҰ бағалауы бойынша әлемде жұмыс берушіге қызмет етіп, төленетін немесе төленбейтін үй шаруасымен 15,5 млн бала айналысуда. Бұл балалар эксплуатация алдында өте әлсіз болып табылады. Олардың жұмыспен айналысуы қоғамнан үнемі жасырын қалуда. Бұндай балалар көбіне отбасынан жырақта қалып жұмыс жасайды. Ал, қазіргі таңда үй шаруасындағы балалрға қиянат көптеп жасалып жатқанын жиі естиміз.» -деді Алматы облысы балалардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ермекбаева Гүлнар Өмірбекқызы. Бүгінде бала еңбегі мәселесі бүкіл әлемде: өнеркәсібі дамыған елдерде де, дамушы елдерде де орын алып отыр. Бала еңбегі баланың дене дамуы мен психоәлеуметтік дамуына үлкен, кейде оңалмайтын нұқсан келтіретіні жасырын емес. Жас мөлшеріне сай емес, ауыр еңбекке негізінен халықтың әлеуметтік неғұрлым осал топтарының, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларының немесе толық емес отбасыларының балалары араласады. Сонымен қатар олардың білім алуға, денсаулық сақтау қызметтеріне және кіріс көздеріне қол жеткізуі шектеулі. Осылайша, қиын жағдай қалыптасады: балаларды еңбекке тарту олардың болашақта білім алу перспективаларын нашарлатады, ал ол өз кезегінде оның кейіннен жұмысқа орналасуына әсер етеді. Соңғы нәтижесінде бала еңбегі адамзаттық ресурстардың дамуына және еліміздің жалпы әлеуметтік- экономикалық дамуына жағымсыз әсер етеді. Тұрмыс тауқіметінің салдарынан біраз болса да қаражат таппақ болған жасөспірімдер өз денсаулықтарына қатер төндіріп, құқықтарына қайшы келетін істерге жегіліп жатады. Осы орайда, балалар еңбегімен күрес бойынша ХЕҰ –ның жұмысын бір арнаға жоспарлау мақсатында 1992 жылы балалар еңбегіне тосқауыл бағдарламасының (ХБЕТБ) негізі қаланды. Бастапқыда алты мемлекет қатысқан бағдарламаның , алғашқы демеушісі Германия мемлекеті болды. Ал қазіргі таңда, ХБЕТБ –сы 80 нен астам елдерде осы бағдарламаның орындалуына қолдау көрсетіп, сонымен қатар әртүрлі бағыттарда жұмыс істеуде. Қазақстан бала еңбегін қанауды жою бойынша бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойған. Оның ішінде 1998 жылы БҰҰ-ның бала құқығы бойынша Конвенциясына, 2000 жылы бала құқығы бойынша Конвенцияға қосымша хаттамаға қосылған және 2006 жылы Халықаралық еңбек ұйымының 2015 жылға дейін еңбектің ең сорақы түрлерін жою бойынша халықаралық уағдаластығын мақұлдаған. Қазақстан 2003 жылы XЕҰ №182 Конвенциясын бекітіп, елімізде балалар еңбегінің ауыр түрлерімен күрес бойынша стратегия құрастыру мен жүзеге асыру міндетін өзіне жүктеді. Бағдарлама ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және басқада шешуші әлеуметтік серіктестердің (министрліктер мен ведомствалар, жергілікті билік органдар, кәсіподақ, жұмыс берушілер ұйымы, ҰАК, мектептер, коледж, лицейлер, денсаулық сақтау органдары және т.б.) қолдауымен енгізіп, жұмыстар атқаруда.

Бала еңбегін пайдалану Қазақстанда да кеңінен етек жайып келеді. Жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижесіне көз тіксек, бала еңбегі масштабының артып келе жатқанын байқаймыз. Еркін нарықтың артуымен қатар заңсыз жұмыс жасайтын жұмысшы балалардың саны да қарқынды өсуде. Жасөспірімдер тиісті заңның, әкімшілік бақылаудың жеткіліксіздігінен және арнайы заңнаманың іске асыруының мардымсыздығынан көбіне үлкен әділетсіздікке тап болып, пайдалану объктісіне айналуда.

Бала еңбегінің қаналуы жайлы айтпас бұрын, бала еңбегі деген не? Ол еңбектің ең нашар түрлері қандай? Осы БЕНТ -пен күреспесе соңы нендей жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін? Міне, көкейде тұрған осындай басты сауалдарға кеңінен тоқталғанды жөн санадық.

Сонымен, бала еңбегі деген не?

Балалар еңбегіне - барлық шартар мен міндеттер бойынша орындалуы балалардың денсаулығына, ақыл- есіне, мінез- құлқына зиян келтіретін немесе білім алуына кедергі келтіретін кез-келген жұмыс түрлері жатады . «Балалар еңбегі» ұғымы өзіне психологиялық, физикалық, әлеуметтік –адамгершілік қатынастарға зиян келтірудің себебі болатын және қауіпті, ақылы әрі ақысыз жұмыстар жатқызады. Халықаралық, ұлттық заңдармен тыйым салынған,орындалуы балалар өміріне қауіпті,әрі зиян келтіретін қызметтер балалар еңбегі болып қарастырылады.

Олар балаларды оқу мүмкіндігінен айыратын, немесе оларға мектептегі сабақтары, үйдегі міндеттермен қоса өздеріне қосымша жұмыс жүктеп, отбасынан жекешеленіп басқа жерлерде жүріп істеуге мәжбүрлейтін жұмыстар. Бала еңбегінің ең нашар түрлері мыналар жатады: құлдықтың барлық түрі, құлдыққа ұқсас тәжірибе, баларда сату немесе, олармен саудаласу, мәжбүрлеу, шаруаға міндеттеу, жезөкшелікпен айналысуға тару, порнографиялық суреттер өндірісіне пайдалану, порнографиялық қойылымдарға қатыстыру, соған итермелеу. Сондай-ақ, баланы анаша өнімдерін сатуға пайдалану. Осы айтылған сорақы қызмет түрлері барлық жағынан орындалуы кезінде денсаулыққа зиян келтіріп, бала өміріне қауіп тудырып, адамгершілік құндылығына зақым келтіретін жұмыс түрлеріне жатады.

Баланың жұмыс сағаты қанша болуы керек?

«Заң бойынша 14-16 жастағы балалар аптасына 24, ал 16-18 жастағы жеткіншектер 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек»- дейді Талдықорған өңірі бойынша Мемлекеттік Еңбек инспекция басқармасының облыстық бас инспекторы Сейсенбек Инкарбеков. Дегенмен,тәжірибелі маман заң талаптарының көп жағдайда орындалмайтындығын да баса айтады.

Еліміздің еңбек кодексінде жасөспірімдерге қатысты арнайы кепілдіктер мен жеңілдіктер нақтыланған. Соның ішінде, кәмелетке толмағандардың еңбек құқық қатынастары ра бар.

Ал, «Бала құқығы» туралы заңға сәйкес, кез-келген 14 жасқа толған бала ата- анасының рұқсатымен, оқудан тыс уақытта денсаулығы жараса, қоғамдық пайдалы жұмыстармен айналысуына болады. Алайда, қазіргі таңда осы түсінбегендер бала еңбегін өздеріне қажетінше пайдалануды еш ар санамайды.

Жалпы ережелерге сүйенсек, балалардың еңбек қабілеттілігі 16 жастан, кейбір жағдайларда ата-анасының, қамқоршысының келісімімен орта білім алуымен ия болмаса жалпы білім беру орнын тастап кетуіне бай- ланысты 15 жастан басталады. Оқудан тыс уақытта, денсаулығы мен білім алуына кесірі тимейтін жағдайда ғана 14 жасқа толған балаға жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал, 14-ке толмаған баламен еңбек шарты жасалмайды. Еңбек құқығымен реттелетін тағы басты мәселенің бірі – еңбек шартымен анықталған жұмыс уақытын белгілеу. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған жұмысшы балаларға жұмыс уақытының қысқартылған нұсқасы белгіленген. Мысалға айтар болсақ, он төрттен он алты жасқа де-йінгі балаларға аптасына – 24, он алтыдан он сегіз жасқа дейінгілерге – 36, ал, он төрт жастан он алты жасқа дейінгі білім беру ошақтарында оқитын оқушыларға күніне –2,5 он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі оқу¬шыларға 3,5 сағаттан аспайтын уақыт арнайы бекітілген.

Бірақ, әдетте базарда жұмыс істейтін балалар ресми түрде еш жерде тіркелмейді. Олардың қолдарында арнайы жұмыс беруші тарапымен жасалынған еңбек келісім-шарттары да жоқ. Сол себептен, балалар ауырып немесе еңбек жарақатын алған жағдайда олардың әлеуметтік жағынан қорғалуы екіталай, - дейді бала құқығын қорғаушы мамандар. «Бала еңбегі құқығының бұзылуына қатысты 9 дерек ойын- сауық орталықтарында, 8-і ауыл шаруашылығы саласында тіркеліп отыр. Осы анықталған дерек бойынша, басқарушы органдар бүгінде жұмыс жасауда.» -деді сөз кезегінде облыстық ішкі істер департаментінің маманы.

Иә, әсіресе мигранттардың (келімсектердің) балаларының еңбек құқығы мүлдем қорғалмайды. Себебі, олар өздері жұмыс істеген мекемесін сотқа бере қалған жағдайда сотта жұмыс істегенін дәлелдей алмайды. Олардың қолдарында да келісім- шарттары жоқ. Оған қоса олардың өздері ешқандай рұқсат құжатынсыз заңды бұзып, Қазақстанға келгендер. Шара барысында даярланған арнайы бейне баяннан көргеніміздей мигранттардың балалары 6 жастан бастап еңбекке араласауда. Ешқандай еңбекпен шұғылдануға жағдай жасалмаған ауыр халде қабырғалары қайысып, кішкене саусақтары тұрмыс тауқіметінен майысып жұмыс жасап отырған балаларды көргенде кеудесінде жүрегі бар пенденің жаны ауырмай қоймайды. Келімсектің баласы болса да, ол да адамзат қой, баланың бәрі бірдей. Кішкене бүлдіршіндердің өмірдігі ең тәтті шақ балалықпен тым ерте қоштасып, тіршілік тарлығын тартып, ауыр бейнет қамытын киіп отырғаны жаныңа батады.

Күреспесек, қандай күйге түсеміз?!

Иә, бала еңбегінің ең нашар түрлерімен дер кезінде күреспесе, болашақта ұлтымызды сауатсыздыққа,ұлт кедейлігіне, аурушаңдыққа, физикалық және зияткерлігі шектеулі ересек жандардың қатарын артуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Мына, қазіргідей бәсекелестік заманында кез-келген мемлекеттің гүлденуі, ондағы адам ресурстарының сапасына тікелей тәуелді. Бала еңбегінің нашар түрлеріне қарсы жұмыс жүргізбеу, адам капиталының интеграциясын сезінуге мүмкіндік бермейді.Ұлтымыздың ерте қартайып, мемлекеттің дамуына үлесін қосатын азаматтар санының артуына орасан зор нұқсан келтіреді. Рас, баланы еңбеккорлыққа тәрбиелеудің де өз мәні зор. «Балаңды 7 жасқа дейін ханыңдай күт, 7-14 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 14-тен ары қарай досыңдай сыйла» деген қазақта аталы мақал бар. Алайда, ата- аналар асыра сілтеп, көбіне өз балаларын балалық шағынан аяусыз айрып жатқандарын біледі ме екен?! Жас шыбыққа да су құйып баптамаса, жайқалып өспейді. Ендеше, балалар ересектер тарапынан күтім мен сүйіспеншілік күтетінін естен шығармайық!

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз