Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЕҢБЕК - ӨЗІН ДЕ, ӨЗГЕНІ ДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ


7 июня 2013, 11:07 | 1 598 просмотров



Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!

Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.

Жан біткен жанарына нұр сыйлаған

Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.

Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,

Жансыздар әлдилеген шуақты арман.

Жатталсын есімдерің жан жүректе,

Адамның аяулы әні сияқталған.

Ұстаздық киелі, құрметті, әрі тамыры тереңнен бастау алған мамандық. «Ұстаз»- деген сөздің өзінде қаншама құрмет жатыр.Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын, адамгершіліктің нұрын төгетін адам. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам жақсы қоғамдық қайраткер, ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді.

Осы орайда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз де орынды айтылған . Халықтың «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» дейтіні де сондықтан. Шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады.

Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген аталы сөз бар. Жаратқан иеміз жарық дүниеге келген әрбір пендесінен өмірде пешенесіне жазылған жолды түзу жүріп өтуді, артында қалдырар игі істерімен, жақсы қасиеттерімен өзіне жағынуды құп көреді. Артында елі айта жүрерлік сөзі, ізгілік нұрын себетін ұлағаты, жасаған жақсы істері бар ерекше тұлға, жайсаң жан ұстаз Дәркембаева Ұлжалғас Садыққызы жайлы бүгін сөз қозғаудың реті келіп отыр. Шәкірттеріне ылғи рухани азық беретін саналы жанның ғұмыр жайлы сөз етпекпіз. Өзінің бай өмірлік тәжірибесін, ұжым мүшелеріне тәлім-тәрбие жолымен егіп, кең жүректі жандарға тән дархандықпен өмірлік тәжірбиесін бөліседі.

Дәркембаева Ұлжалғас Садыққызы 1952 жылы 12 мамырда Алматы огблысы, Көксу ауданы, Шаңырақ ауылында дүниеге келген. 1969 жылы орта мектепті ойдағыдай тамамдап, 1969-1974 жылдары Қазақ Мемлекеттік қыздар педогогикалық институтының тарих-қоғамтану факультетін бітірген. «Білім басы – бейнет, соңы – зейнет» демекші, б үгінде Ұлжалғас Дәркембаева Талдықорған қаласындағы №17 мектепте қызмет етіп, құрметті зейнеткерлікке шықты. 40 жылдан астам мектеп қабырғасында еңбек етіп келе жатқан ұстаз шәкірттернің ақылшы ұстазы. Өмір сүрудің мәнін ұғындырып, оның қыр- сырын ашқан, адамдардың дүниелік түсінігін тереңдеткен ұстазға деген оқушыларының сый-құрметі де қашанда айрықша болса керек. Кез -келген баланың жүрегіне жол табу жүздің бірінің қолынан ғана келеді. Ұлжалғас апай шәкірт жүрегіне әркез жол тауып, баланың ойын дөп басып, бала жанын түсінуге әркез барын салып жүреді. Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан арылып, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Оқытудың әртүрлі технологиялары сарапталып, жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибесі зерттеліп, мектеп өміріне ену бүгінгі таң ұстаздарына артылған зор мінедеттің бірі. Сондықтан, Ұлжалғас Садыққызы қазіргі даму кезеңдегі білім үрдісінен еш шет қалған емес. Қайта әрбір сабағына жаңашылдықпен кіргенді ұнатады. Әр ұстаз – ХХІ ғасыр мұғаліміне сай болу үшін – ізденімпаз ғалым, нәзік психолог, жан-жақты шебер, тынымсыз еңбекқор, терең қазыналы білімпаз, кез-келген ортаның ұйытқысы болу керек.

Көп жылдар бойы ғылым-білім мен рухани құндылықтарды қатар игерген, жас ұрпақ тәрбиелеуде тәжірибелі маман иесі, бүгінде артынан ілескен жас ұрпаққа білген түйгенін үйретуден жалыққан емес.Бойындағы зеректігі мен еңбексүйгіштігінің нәтижесінде талай асу белестерді бағындырды.

«Әйел – бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демей ме?!. Былай қарағанда қарапайым ғана естілетін осы сөздің астарына үңілсеңіз терең мағына жатқанын аңғарасыз. Ұлжалғас апайда, қызмет ете жүріп, шаңырағының ұйытқысы бола білді. Бала оқыта жүріп, өз ұрпақтарының тәрбиесімен де айналысып, әрқайсысын бір- бір ел азаматы етіп өмірден өз орындарын табуына септігін тигізді. Сондай- ақ, Ұлжалғас Садыққызының еңбек жолында айтарлықтай жетістіктерімен дараланып жүруінің де бір себебі – отбасындағы қалыптасқан түзу тәрбие мен тәртіптің жемісі. Білікті маман болу үшін де ең алдымен үйде үлгілі ата-ана болу керек деп санайтын ол өз балаларына да саналы тәрбие мен сапалы білім беруді көздеді.

Бүгінде Ұлжалғас апай, ардақта ана,сүйікті әже, құрметті замандас.

Ұлжалғас Садыққызы жайлы студенттік шақтағы құрбысы, тарих ғылымынң кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің оқытушысы Қ.Құнапина естелігінде былай дейді: « Ұлы қазақ халқында « тектілік» деген қымбат ұғым бар.Ұлжалғастың арғы аталары Дәркембай ел басқарған, билік айтқан азулы да, ардақты азамат, тарихта аты қалған тұлғалардың бірі болған. Міне, сол текті ұрпақтың бір тамыры іспеттес - Ұлжалғасты мен студент кезімнен білімін. Анасы, ертерек қайтыс болып, өзінің артындағы бауырларын, сіңілілерін арқалап, жетектеп, өсірді десек, артық емес. Сенбі, жексенбі күндері интернат жатақханасында жатқан бауырларын студенттік жатақханаға әкеліп жуындырып, қыдыртып, жексенбі күні кешкісін интернатқа қайта апарып, айналып- толғанып жүретін. Кейде қаталдау кезекші жатақханаға кіргізбесе, балаларды терезеден кіргізіп алатынбыз.

Кішкентай 7 жасар Тәкен жексенбі күні интернатқа барғысы келмей қыңқылдаса бәріміз оны жұбатып, алдап- сулап шығарып салатынбыз»-деп алыста қалған күндер естелігінен сыр шертеді. «Артынан ерген бауырлары қазіргі таңда бәрі де бір-бірүлкен шаңырақ иелері. Бауыры Таңатар - атақты архитектор. Тәкен-Астанада әкімшілік қызметте, сіңілілерінің бәрі жоғары оқу орнын бітірген білікті мамандар»- деп сөзін сабақтай түсті. «Осы бауырларының өмірден өз орнын табуына Ұлжалғастың үлкен үлесі бары даусыз. Сол кезде-ақ, Жәкеңнің бойында ұстазға тән «адамға қамқорлық» деген ұлы сезім бәрімізден де ерте қалыптасты деп ойлаймыз» -деп замандасы ақылшы ұстаз жайлы өзінің ойымен бөлісті.

Иә, Ұлжалғас Сыдыққызының бауырларына деген үлкен қамқорлығы, мейірімі оның мұғалімдік жолында да жалғасын тапты. Қандай жағдай болмасын барлық баланы бірей көріп, әрқайсына аналық махаббатпен, шуақты, нұрлы көзбен қарай білді. Осы орайда «Ана махаббаты мен ұстаз махаббаты егіз» -деген өмірдің өзі туғызған тәмсіл сөз де Ұлжалғас апайдың ұстаздық болмысына қарап айтылған ба дейсің!

Ұлжалағас Дәркембаева сондай-ақ, қызмет атқарып келе жатқан ортасында, ұжымында, әріптестерінің алдында сый- құрметке ие. Жаны жақсылыққа, ізгілікке жақын, өмірде тек әділдікті бағалап, ұстаз деген қастерлі ұғымға ешқашан кір келтірмеген ғазиз жанды үлкен- кішінің бәрі құрмет тұтады. «Оқығаныңды айтпа, тоқығаныңды айт»- демекші, тәжірбиелі, ізденімпаз ұстаздың «Ұстаздық - ұлы мәртебе» -атты әдістемелік жинақ- құралы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай 2011 жылы жарық көріп, облыс көлемінде ұстаздар қауымына жол тартты. Онда ұстаздың еңбек жолында жинақталып, сұрыпталған сабақтары, әдеби – танымдық кештері, өткізген тәрбие сағаттары жинақталған. Сондай- ақ, оқушыларды елін, жерін сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған бірнеше салтанатты шаралар енгізілген. Даркембаева Жамал Садыққызы- тәжірибелі ұстаз, «Білім беру ісінің үздігі», қалалық ардагерлер ұйымының жанындағы мектеп әжелер тобының төрайымы. Мектептен тыс ,қала аралық қоғамдық іс- шараларға, ат салысып, қашанда бел ортасында жүреді.

Ұстаз жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсырытын сенімді тұлға. Міне, мұғалім сол үлкен сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты»деп айтып кеткенде тәуелсіз еліміздің тарихи әлеуметтік, мәдени рухани болмысын дамытуға, қоғамдық өмір мен ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздардың еңбегі зор екенін меңзеген. Қарапайым ұстаздардың еңбегін тек оқушылар ғана бағаламаған, олардың алдында ұлы жазушылар да, ғалым да, ақын да бас иген. Ақындар өздерінің өлең жырларына ғазиз жанның есімін қосып, жырлап жүрген. Отанын, туған жерін, ұлтын сүйетін ұлтжанды парасатты азаматты тәрбиелеуде мұғалімнің еңбегі орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз. Адамның адам болып қалыптасуына ата-аналармен қатар, мұғалімнің де рөлі зор.

Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Қарапайым әрі бастауы тереңде жатқан қасиетті мамандық иелері- мұғалімдер өз еңбекққорлығымен, ізеттілігімен барша жұртты, қоғамды тәнті ете беруіне тілектестігімізді білдіреміз!

Саналы ғұмырын мектеп қабырғасында өткізіп, балдырғандарды тәрбиелеуге арнап, бала жанының бағбаны бола білген Ұлжалғас Сыдыққызын мерейлі жасымен құттықтап, бойыңыздағы табандылық пен тек әйел затына тән қажырлылық қасиетіңізден айнымаңыз!- дегіміз келеді.

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз