Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰБТ ҮМІТТІ АҚТАДЫ МА, ӘЛДЕ КҮДІКТІ РАСТАДЫ МА?!


21 июня 2013, 05:01 | 1 837 просмотров



Мектеп бітіруші талапкерлердің таза білімділігін анықтап, жоғары оқу орнына түсуге жол ашатын Ұлттық Бірыңғай Тестілеу 8 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт ішінде бұл сынаққа 1 миллион 200 мың мектеп бітіруші қатысқан екен. Биылғы ҰБТ-ға Республика бойынша 125 мың мектеп бітіруші түлек қатысқан болса, Алматы облысы көлемінде , яғни Ескелді, Көксу, Текелі, Талдықорған аудан-қалалары бойынша 2309 үміткердің 1689 –ы сынақ алаңында сынға түскен. Осы орайда облыстық 24-ші тестілеу орталығының жетекшісі Үміт Жұмағожинованы сөзге тартқан едік.

-Үміт Жәлелқызы, биылғы ҰБТ қалай өтті?

-ҰБТ дегеніміз негізінде әр оқушының өз еркімен тапсыруға мүмкіншілігі бар сынақ түрі. Биылғы жылы ҰБТ тапсыру барысында 2309 баланың 1689-ы сынақ тапсырды. Сынаққа қатысушылар санының аз болуы түлектердің басқа мемлекетке кетуіне байланысты немесе өз еріктерімен бас тартуларына байланысты болды. Үміткерлердің ішінен бұдан бөлек халықаралық олимпиадаға қатысушылар да алынып тасталды. Өткен жылғы балдық көрсеткіш 70 балды құраса, биылғы көрсеткіш 72,58 балды құрап отыр. Бұрындары ҰБТ-ға қатысушылар аудитория бойынша бөлінген болса, биылғы жылы әр аудиторияға жеке комиссия құрылып, мектеп орын басарлары кезекшілікте етіп, қадағалау жүргізді.

-Сынақ тапсыру барысында заң бұзушылық әрекеттер тіркелген жоқ па?

-Жоқ, ондай келеңсіз оқиғалар болған жоқ. Сынақ барысында 2 бала ұялы телефонмен ұсталып, тест залынан аластатылды.

-ҰБТ сұрақтарында пәнге еш қатысы жоқ сұрақтар кездесіп жатады дегенді естіп жүрміз, осы қаншалықты шындыққа жанасады?

-Жыл сайын ҰБТ сұрақтары жаңартылып, 30 пайыз жаңа сұрақтар енгізіліп отырады. Тест сұрақтары сәйкес келмейді деген алыпқашпа сөз. Жоғары жақта ҰБТ сұрақтарын дайындап, енгізетін пән мамандары жұмыс істеуде. Осы сөздерді естіген соң мен де тест сұрақтарын қарап көрген едім, ондай сәйкессіздік кездескен емес.

-Ұлттық Бірыңғай Тесттің балаға психологиялық әсер ету деңгейі қандай? ҰБТ «суицидке» апарар себептердің бірі дегенге не айтар едіңіз?

- Білімі бар балаға, оқимын деген адам үшін ҰБТ қорқатын нәрсе емес. Оның психологияға әсер етуі баланың қабылдау деңгейіне байланысты. Оқушының жас ерекшелігіне қарай да психологиялық әсері болуы мүмкін. Суйцидке дейін бармау үшін баламен ата-ана, психолог мамандары тығыз қарым-қатынас орнатуы керек деп ойлаймын. Тіпті кей уақыттарда ҰБТ жауап парақтарына сурет салып кететін балалар да кездесіп жатады. Одан кейін баланың психологиясына ҰБТ қалай әсер еткен деген ойға қаларың да жасырын емес.

-ҰБТ жайында қарама-қайшы пікірлер де айтылып жатады. Оны қолдаушылар «бұдан сәтті жүйе жоқ екендігін айтса», қарсылық танытушылар «ҰБТ оқушы біліміне дәлел емес, білімді балалар осы сынақтың көлеңкесінде қалып қойып жатады» дейді. Осы пікірлермен келісесіз ба?

-Жоқ, бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, білімі бар адам еш уақытта шетте қалмайды. Білім өзін-өзі кез-келген уақытта, қай жерде болмасын, қандай сынақта да ақтап шығады. Барлығы да адамның өзіне, талпынысы мен мақсатына байланысты. Өзге мемлекеттерге қарағанда біздің елімізде оқуға да, ҰБТ тапсыруға да барлық жағдайлар жасалған. Осы орайда тағы бір айта кететін жайт, мамандық таңдауды баланың өз еркіне берген жөн. Себебі, ата-анасының қалауымен оқуға түскен балалар ол мамандық бойынша білім алуда жауапкершілікті сезіне бермейді, артынан оқуға деген немқұрайлылық пайда болады.

-ҰБТ- ға қатысты көңіліңіз толмайтын жағдайлармен бетпе-бет келген сәттеріңіз болса, айта отырсаңыз?

-Тест тапсыру кезіндегі мені қатты қынжылтатыны түлектердің қалталарына ақша салып жүруі. Яғни, қазір білімді ақшаға сатып алуға әуестенгендер көп. Мұғалімді былай қоя тұра, Министірліктен келген комиссия мүшелеріне ұялмастан ақша ұсынғандарды да кездестірдік. Мұның барлығы отбасындағы тәрбиеге байланысты деп ойлаймын.

-Жалпы сіздің ойыңызша, Ұлттық Бірыңғай Тест тапсыру қаншалықты дұрыс?

-Өз басым бұл сынақ түрін дұрыс деп ойлаймын. Он бір жылғы алған білімнің нақты дәлме- дәл көрсеткіші осы тест деп білемін. Және әр оқушы осы сынаққа жан-жақты дайындалып, ата- анасының үмітін ақтап, ҰБТ залынан қуанышты көңіл-күймен шықса екен деймін.

-Алдағы уақытта ҰБТ-ға қандай да бір өзгерістер енгізу жоспарда бар ма?

-Бұл мәселе қазіргі уақытта қаралып жатыр. Материалдық база толық дайын болған жағдайда 2015 жылға қарай ҰБТ-ны екі мәрте тапсыру жоспары бар. Яғни, мектепті бітірген соң және жоғарғы оқу орнына түсу кезінде.

-Сұхбатыңызға рахмет!

Республика бойынша орта балдық ҰБТ көрсеткіші 74,5 пайыз болса, біздің облыстағы орта көрсеткіш 72,58 балды құрап отыр. Бұл, білім алуға толық мүмкіндік беретін көрсеткіш. ҰБТ тапсырған барлық түлектерге өмір жолына басқан қадамдарыңыз құтты болсын демекпіз!

Автор:
Әйгерім БАҚТЫБАЕВА Өз тілшіміз