Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МЕКТЕПТЕ ЕР МҰҒАЛІМНІҢ ОРНЫ ОЙСЫРАП ТҰР…


21 июня 2013, 05:06 | 1 627 просмотров



Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде орта мектептерде жұмыс істейтін 279 098 мұғалімнің 84-85 пайызын әйелдер құрайды. Орта есеппен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деуге болады. Сондай-ақ оқу- тәрбие мекемелері мен басқармаларының басшыларының арасында да ер азаматтар мүлде сирек. Әсіресе қалалық жерлерде мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары жаппай әйел мұғалімдерден тағайындалады. Тіпті денешынықтыру, әскери тәрбие пәндерінен де қыз-келіншектер сабақ беретін болды. Гендерлік саясат тұрғысынан қарастырсақ, мұның өзі зор жетістік болып ұғылады. Алайда балалар мен жастар тәрбиесі тұрғысынан қарастырсақ, мұның өзі айтарлықтай олқылық екенін аңдауға болады. Әсіресе ұл балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдердің де сондай маңызы болмақ. Міне, осыны аңғарған педагогтар мен сергек ойлы азаматтар мектептерде ер мұғалімдердің санын көбейту жөнінде дабыл қағып, мәселе қозғап келеді. Алайда одан еш нәтиже шығар емес. Бұл құр далбаса айғай болып естілуде.

Жалпы бала тәрбиесіне ер азаматтардың араласпауы дұрыс па? Осы мәселені ой елегінен өткізіп көрейікші. Тарихымызға ой жүгіртсек, әйелдер үй шаруасымен айналысады да, күйеулері сыртқы жұмыстарды істеп пайда тауып, отбасын асырайды. Сондықтан да әйелдер үйде негізінен бала тәрбиесімен шұғылданады. Алайда мұның өзі ер азаматтар балаларын тәрбиелеуден тыс қалады дегендік емес. Отбасында күйеуі бас, әйелі мойын деген қанатты сөз бар. Мұның мәнісі бүкіл отбасы мүшелері әкесінің қабағына қарайды, әкесі айтқанын мүлтіксіз орындайды. Күйеуіне әйелі қарсы шықпай, оны құрметтеп сыйлап, балаларына әкенің айтқанын бұлжытпай орындауды міндеттеп отырады. Сөйтіп, отбасында әке дегеніміз бала үшін ең құрметті, қасиетті, ақылгөй, дана деген ұғым қалыптасады. Ұл балалар әкесіне еліктеп өседі. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп халқымыз бекер айтпаған. Ұл бала әкесін, атасын мақтан тұтуға бейім болады. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мақал осындайдан туындаған ғой. Қыз бала үшін де әке өнегесі, әке ақылы қажет. Қыз бала шешесімен сырлас. Солай болса да, әкесінен именгіш, әке айтқанын мүлтіксіз орындауға бейім тұрады. Әке де қызын еркелетіп мәпелеп өсіруге бейім болса да қыздар әкенің айтқанын сөзсіз орындауды парыз деп сезінеді.

Ал қазір қалай? Балалар балабақшаға барады делік. Онда тәрбиешілердің бәрі де қыз-келіншектер. Бала жеті жасқа толған соң мектепке барады. Мектепте пән мұғалімдері мен сынып жетекшісінен бастап директорға дейін бәрі түгелдей қыз-келіншектер. Ал бала үшін ұстаз ең құрметті қасиет тұтатын, өнеге, тәрбие алатын тұлға. Бала ұстазға да еліктейді. Жалпы ата-анасынан кейінгі құрметті адам ұстаз емес пе.

Ал қазіргі қоғамымызда отбасында күйеуі емес, әйелі билік жүргізетін болды. Кеңес заманынан бері «Әйел теңдігі» деген ұран басшылыққа алынып отбасында да, қоғамдық орында да әйелдерді әспеттеу, олардың «артықшылығын» насихат ету бел алды. Ақын-жазушылардың барлық шығармалары дерлік әйелдерді әспеттеуге арналатын болды. Ән-жырлардың басым көпшілігі ғашықтық, махаббат болса, олардың бәрі дерлік қыз-келіншектерге табындыру тұрғысынан туындайды. Сондай-ақ БАҚ- тарда тек әйелдерді әспеттеп, әкені, атаны, ер азаматтарды сынап-мінеу насихаттың өзегіне айналды. Мұндай жағдайда бала ес білгеннен бастап азамат болғанға дейін тек әйелге табынатын болып өседі десек, жаңсақ айтқандық болмас. Сөйтіп, жастар үшін әйелге табыну, әйелдерді өнеге тұтып, әйелге ұқсау үрдіске айналды. Мұның өзі әншілік өнерден де айқын аңғарылады. Жігіттердің ән салуына дейін әйел дауысына ұқсау үрдіске айналды. Бұрынғыдай бас, баритон дауысты әншілерді қазір тіпті кездестірмейтін болдық. Телеарналарда, театр сахналарында қазақ жігіттері жаппай әйелдерге ұқсап бұраңдап әйелдердің дауысына салып сызылып, қиқылдап, шиқылдап ән салатынын байқау қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, ер азаматтарымыз сырттай қарағанда мінез- құлқы әйелдерге ұқсап бара жатқандай болып ұғылады. Тіпті ер азаматтардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөз саптаулары, ой өрістері де әйелдерге ұқсайтын болды. «Қазіргі жігіттер өсек-аянға бейім қатын мінезді болып ұсақталып кетті» дегендей пайымдау да естілетін болды. Жастарымыздың бойында еркекке тән өжеттік, мәрттік, батылдық, кеңпейілділік, батырлық рухы әлсіреп бара жатқаны туралы пікірлер де бекер емес. Ең сорақысы сол, бұрын құлақ естіп, көз көрмеген гейлер де шыға бастады.

Мектептерге ер мұғалімдердің ұшыраспауы қыз бала тәрбиесіне де теріс әсер етеді. Қыз бала да кәмелетке толғанша тек әйелдерден ғана білім, тәрбие алса, тек әйел затын ғана құрметтеуге бейімделіп, ұл балаларды ғана емес, ер азаматтарды да өзінен, әйелдерден төмен санайтын болады. Үйде әкесінің ақылын тыңдамай, анасының ғана айтқанын орындауға дағдыланады. Сөйтіп, қыз бойжетіп, тұрмыс құрғанда, күйеуіне үстемдік етуге тырысады. Қазір қазақ қыз-келіншектердің ер азаматтарды өзінен төмен санап, менсінбей, оларға ұрсып-зекіп немесе сынап-мінеп тұрғаны жиі ұшырасуының бір себебі де осыдан. Міне, осындай біржақты тәрбиенің зардабы аса күшті болатынын аңғарған педагогтар оқу-тәрбие орындарында ер азаматтар мен әйелдердің үлес саны бірдей болуы тиіс деген мәселені қозғауы бекер емес.

Мұндай мәселені шешу үшін ер мұғалімдердің санын көбейту қажет екені түсінікті. Мәселен, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмола ауылындағы мұғалім, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, педагог-жазушы Айса Хамзе редакцияға жазған хатында мынандай мәліметті келтіре отырып пікір толғапты: «Ақмола облысында 14056 мұғалімнің 2603-і ер мұғалімдер. Еліміз бойынша мектептерде 81 пайызы нәзік жанды әйелдер еңбек етуде. Мектептегі барлық жұмысты әйелдердің мойнына артып қойғандықтан білім сапасы мен тәрбиеге нұқсан келуде. Педагогикалық талапқа сай емес, ой-өрісі тар әйел мұғалімдер де аз емес». Сондай-ақ мектеп басшылығын, яғни директорлары мен оқу ісінің меңгерушілерін жаппай ер азаматтардан тағайындау жөнінде ұсыныстар да естіледі. Мұның өзі әйгілі мақалда айтылғандай «Еркек бас, әйел мойын» дегенге саяды. Мектеп ұжымында ер азаматтардың беделі жоғары болса, оқушылар да соны тыңдайтыны, содан жасқанатыны, соны үлгі тұтатыны сөзсіз.

Бұған өз басымнан өткен бір оқиғаны да мысал ретінде айта кетейін. Өскемен пединститутында оқып жүрген кезімде қаланың шет жағындағы №2 орыс мектебінде педпрактикадан өтуге барып 7 сыныпқа сабақ беріп жүрдім. Сыныпта бір тентек бала айтқанымды тыңдай қоймады. Сірә, ол мені студент деп менсінбеген секілді. Оны сынып жетекшісіне айтып едім (ол әйел мұғалім еді) жасөспірім ұлдар әйел мұғалімдерге бағына бермейді, баланы мектеп директорына ертіп бар, ол мектебіміздегі жалғыз еркек мұғалім ғой, мұндай тентектердің «жынын қағып алады» деді.

Мектеп директоры жас мөлшері 50-ге тақап қалған түсі сұсты адам екен. Ол балаға ұрсып тұрып, білегінен батыра қатты қысып ұстап баланы нұқып қалып еді, әлгі тентек солқылдап жылап қоя берді, «енді тентектік жасамаймын» деп сөз беріп тез жуасыды.

Жалпы кейбір балалар шектен тыс тентек болып бағынбай қойғанда ер мұғалімдер оған осылай қолын батырып нұқып жіберген жөн екеніне кейін мұғалім болғанда көзім айқын жетті. Қазіргі педагогикада «балаға қол тигізуге болмайды» деген қатаң қағида бар. Әрине, баланы ұрып, соғуға, сабауға болмайтыны түсінікті. Алайда ұл балаларды ер адам нұқып жіберуге болатынын орыстың ұлы педагогі А.С.Макаренко да қуаттаған ғой. Ол балалар үйіне алғаш тәрбиеші болып келгенде бұзақы балаларды осындай тәсілмен сабасына түсіргенін де жазған еді. Мұны айтқанда баланы соғуға болады дегендік емес. Жасөспірім қашанда ер адамның күш көрсетуінен, айбынынан ығады. Ондай ер мұғалімдерді тіпті өнеге тұтып еліктеп өседі. Ал әсіресе ержетіп қалған 8-11 сыныптағы ұл балалар мұғалималардан жасқана қоймайтыны жиі ұшырасады. Олар балаға анасы іспеттес болып ұғылады. Ана деген мейірбан, кешірімшіл емес пе. Сондықтан да мұғалималардың ұл балаға күш көрсетуі, қол жұмсауы кері әсер етеді. Баланың мұндайда мұғалімдерге деген жеккөрінішті сезімі қалыптасады. Ал ер азаматтар еркетотай болып өскен тентек ұл балаға тек ақылымен ғана емес, сондай-ақ өзінің қарымды күшімен де әсер ететінін түсіну қиын емес. Жалпы жасөспірім ұлдар әскери қызметтегі сияқты күші мығым, айбынды ер азаматтарды үлгі- өнеге тұтып, соларға еліктеп, солардың айтқанын сөзсіз орындауға тырысады.

Мұнан қандай қорытынды шығаруға болады? Мектептерде ер мұғалімдердің үлесі әйелдерге қарағанда басым немесе тең болғаны оқу-тәрбиеге жағымды ықпал етпек. Мектептерде ер мұғалімдердің директор, директордың орынбасары болуына барынша мән берген жөн. Денешынықтыру, әскери білім, шеберхана оқытушылары ер мұғалімдерден болса, бұның өзі әсіресе ұл балаларға оң ықпал ететіні жөнінде пікірлер де аз айтылып жүрген жоқ. Осындай жайтты ескерсек, «мектептерде ер мұғалімдер санын қалай көбейтуге болады?» дегендей сауал туындайды. Бұл мәселе тек біздің елімізде ғана емес, Ресейде, Батыс Еуропа елдерінде шешімі қиын болып келеді. Ресейде мектептерде ер мұғалімдердің азаюының зардабы жөнінде 1960-1970 жылдардан бері педагогтар дабыл қағумен әлек. Алайда мұнан қорытынды шығар емес.

Жалпы оқу-тәрбиеде де, отбасында да ер азаматтардың өзіндік орны ерекше екенін мықтап ескеру қажет. Халқымыз «үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деп бекер айтпаса керек. Мұның мәнісі әйел – тактик, еркек – стратег дегенге саяды. Әйелдер бір сәттік, науқандық істерде қағілез болса, еркектер әр істің соңын, нәтижесін ойлауға бейім. Сондықтан еркектер әйелдерге қарағанда байсалды, баланың болашағына баса мән береді. Олардың кеңпейілділігі, әсіресе ұл балаларға ықпалы зор болмақ.

Кейбір педагогтар Қазақстан мектептерінде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдап, ер мұғалімдерді дайындайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орны болуы жөнінде де ұсыныстар айтып жүр. Баршаға мәлім, 1950 жылдары Қазақстанда әйел мұғалімдер мүлде жетіспейтін еді. Соған орай осы кезеңде Алматыда қазақ қыз- келіншектеріне арналған педагогикалық институт – Қазақ қыздар педагогикалық институты ашылғаны белгілі. Сондай-ақ педагогикалық мамандыққа әйелдерді көптеп тарту жөнінде үгіт-насихат күшейіп, қыз- келіншектердің педагогикалық білім алуына қажетті қамқорлықтың бәрі жасалған болатын. Мұның нәтижесі қандай зор болғаны баршаға мәлім. Демек, ер мұғалімдердің мектептерде санын арттыру үшін арнайы педагогикалық оқу орындарын ашу қажеттігі айтпасақ та түсінікті. Бұл орайда мынандай ұсыныс та қолдауға лайық. Алматыда педагогикалық мамандыққа дайындайтын екі ірі оқу ордасы бар емес пе. Оның бірі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті болса, екіншісі әйгілі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті. Демек, Абай атындағы ҚазҰПУ-ды ер мұғалімдер дайындайтын оқу ордасына айналдыру шешімін күткен мәселеге айналып отыр десек, сөзіміз жаңсақ бола қоймас. Бұл оқу орнында өзге негізгі пәндермен қатар әскери білім, денешынықтыру, дәнекерлеуші, құрылысшы және өзге кәсіптік техникалық мамандарды оқытатын мұғалімдер даярланса, Қыздар педагогикалық университеті аспаздық, тігіншілік, үй-тұрмысы жұмысын үйрететін мұғалімдер дайындауға бейімделетіні айтпасақ та түсінікті болса керек. Бұл күндері Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының санын қысқарту, оңтайландыру мәселесін күн тәртібіне қойды емес пе. Жалпы білім беру реформасын жасағанда біз бұрын Ресейді үлгі етсек, енді Батыстан, АҚШ-тан өнеге алатын болдық. Бұлардағы олқылықты көргіміз келмейді. Мектеп оқушылары арасында не түрлі сұмдық, бұзақылық, қылмыс осы елдерде өршіп барады. Демек, реформа жасағанда ұлттық тәрбиеге баса мән беру қажет. Демек, ер мұғалімдер даярлау жөнінде де батыл реформа қажет екені даусыз.

Автор:
Қуанбек БОҚАЕВ