Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«БІЗ ЖЕҢІСКЕ БІРІГІП ЖЕТТІК»


28 июня 2013, 15:30 | 1 248 просмотров



Қазақ тарихында ғана емес, әлем тарихында да ойып орын алатын тарихи маңызы жағынан ірі оқиғалардың бірі – Ұлы Отан соғысы. Гитлерлік фашистер мен КСРО арасында болған бұл соғыс 5 жылға созылды. Осы аралықта бүкіл кеңес халқының 20-25 млн-нан астам ержүрек ұлдары мен қыздары құрбан болды. Фашистік қарақшылар 1710 қала мен жұмысшы поселкелерін, 70 мың село мен деревняларды құртып жіберді. Бұл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 70 мың адам қатысса, оның басым көпшілігі ұрыс даласында қаза болды, хабар ошарсыз кетті. 1418 күнге созылған бұл қанды шайқас миллиондаған жас сарбаздардың өмірін жалмап кетті, миллиондаған әйелдер жесір қалды, ал жас жеткіншектер жетімдіктің зардабын тартты...Осы майданға қатысқан, елі үшін, жері үшін жанын құрбан еткен аға- әпкелеріміз, ата-әжелеріміздің көбісі, өкінішке орай, майдан даласында жан тапсырды, ал аман-есен қайтып оралғаны қазір күн санап азайып бара жатыр. Дегенмен біз оларды ешқашан ұмытпақ емеспіз, керісінше жыл сайын батыр ардагерлерімізге арнап концерт ұйымдастырып, мектепішілік шараларға шақырып тұрамыз.

Осындай мақсатты алдына қойған №14 орта мектеп-гимназиясының 10Ә және 8 сынып оқушылары орыс тілі және әдебиет пәні мұғалімі Ермуханбетова Н.К. жетекшілігімен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында жеңістің 68 жылдығына орай «Біз жеңіске бірігіп жеттік» атты ашық тәрбие сағатын өткізді. Тәрбие сағатының негізгі мақсаты – Отан үшін жан қиған аталар мен апалардың, қазіргі таңда арамызда жүрген ардагерлеріміздің ерліктерін үлгі ете отырып оларды құрметтеуге тәрбиелеу, отансүйгіштікке, елжандылыққа, батылдыққа баулу еді. Сабақ барысында оқушылар өз пікірлерімен, ойларымен бөлісті, бар білімдерін ортаға сала отырып ержүрек ата-апаларымыз жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар соғыстың қасіретін тартқан қарт ана мен қан майданға аттанып бара жатқан жас жігіттің ауыр да қиын қоштасуын ашып көрсететін қойылым көрсетілді. Бұл көрсетілімді қою барысында жас оқушылар өздерінің актерлік шеберліктерін де көрермендерге паш етті.

Сабақ соңында жүргізушілер ер аға- әпкелеріміз жайлы біраз сыр шертті, сонымен қатар мектебіміздің ардақты да аяулы ардагер ұстаздары да ашық тәрбие сағаты соңында сабақ барысында алған әсерлерімен бөлісті.

Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Бұл күнге жету үшін миллиондаған қазақ жігіттері мен қыздары өз өмірлерін құрбан етті. Дәл сол үшін де біз оларды ешқашан жадымыздан шығармай, ерліктерін жырлап, пір тұтуымыз керек. Ата-баба ерлігін ұмытпалық!

Автор:
Назерке ТЛЕУБАЕВА №14 орта мектеп-гимназиясы 10 "Ә" сынып оқушысы