Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ОҚУШЫНЫҢ ШАТ КҮЛКІСІ БАР ҚИЫНШЫЛЫҚТЫ ҰМЫТТЫРАДЫ»


28 июня 2013, 15:34 | 969 просмотров



... Мұғалім деген- ерекше тұлға дара шың,

Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.

Мұғалім деген-аяулы адам асыл жан,

Шәкірт жүрегінде күндей жайнап жанатын.

Жалын атып, от боп, бірге жанасың,

Білім беріп, содан бақыт табасың

Бар өмірің өрнектеліп баламен,

Жасарып бір мәңгі жас боп қаласың...

Өмірде мамандықтың бәрі маңызды. Әр мамандықтың қоғамда алар орны, өз атқарар қызметі бар. Десе де, осылардың ішінде адам ғұмырына ең қажеттіcі- мұғалімнің қызметі. Адамның сан қилы бұралаңы басым өмірінде ұстаздан алған тәлімі мен тәрбиесі, сапалы білімінің ықпалы зор екенінде ешкімнің дауы жоқ. Олай болса, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген мәйекті сөз де жайдан- жай айтылмаған болар. Айдарымыздың бүгінгі санында өмірінің бірнеше қысы мен жазын, жастығы мен жалынын мектеп қабырғасында өткізіп келе жатқан, ісі қарапайым болғанымен ұрпақ алдында арқалаған жүгі, жауапкершілі ауыр- ауыл мұғалімі жайлы айтуға орай келіп отыр. Иә, еліміздің түкпір-түкпірінде бала жанының бағбаны болып, мамандығын сүйген үлкен жүректі ұстаздар біршама. Солардың бірі- Көксу ауданының, Мұқаншы ауылында қызмет етіп келе жатқан білікті мұғалім – Қалиасқарова Света Сәлімбайқызы. Ұстаз оқушыларға сапалы білім нәрін бере жүріп, сонымен қатар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде мінсіз атқарып келеді.

Мұғалім Света Қалиасқарова 1958 жылы 2 желтоқсанда Алматы облысы, Қапал ауданы, Арасан ауылында дүниеге келген. Туған ауылда 1965 жылы мектеп табалдырығын аттады. 1973 жылы 8 сыныпты бітіргенен соң Панфилов педогогикалық училещесіне оқуға қабылданады. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығын 1977 жылы тамамдап, жолдамамен Павлодар облысының, Май ауданына жол тартады. Жас маман ол жерде 1 жылдан астам қызмет етіп, өз туған ауылына оралады. 1980 жылы тұрмыс құруына орай Сарқан ауданының, Қабанбай ауданына қоныс аударып, сол жерде ұстаздық қызметін жалғастырады. Отбасылық жағдайына байланысты Алкөл ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебінде қызмет етеді. Ал, 1993 жылдан бері Көксу ауданындағы Мұқаншы мектебінде мұғалімдік тәлімін жалғастырып келеді. Света Қалиасқарова қызмет ете жүріп, 1983 -1987жылдары аралығында Абай атындағы педогогикалық институтының «Қазақ сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті » бөлімін тамамдайды. Өзінің ұстаздық жолға келуінің себебін ұстаз былай деп айтып өтті. «Бала кезімізде әрқайсымыздың жүрек түкпірімізде сақтаған ізгі армандарымыз болады ғой. Сол сияқты мен де мұғалім болуды бала кезімнен арман ететінмін. Бұл мамандықты қалауыма ойлаймын бастауыш сыныпта алғаш әріп үйретіп, әліппені жаттатқан ұстазымыздың әсері көп болды деп. Бәріміз сол апайымызға еліктейтінбіз. «Өскенде ұстазымыздай болсақ», деген арман әрқайсысымыздың жүрек түбімізде жататын. Бүгінде ұстазым өмірден озып кетсе де, оның шуақты жүзі, қылықтары күні бүгінге дейін көз алдымда. Есіме алғашқы ұстазымды жиі алып, тәліміне бас иемін»- деп өткен күндер естелігіне шомды.

- Жақсы ұстаз болу оңай емес. Жылдар бойғы жинақтаған тәжірибе, мектеп өміріндегі кездесетін қиынышылықтар мен қуаныштар, бәрі еселене келе, нағыз мұғалім болуға қалыптастырады. Бізде, алдымыздағы аға ұстаздарға қарап, сол кісілердің еңбектеріне сүйеніп , ізденіп осы күнге жеттік.Ең алғашқы қызмет жолымды бастаған Павлодар облысындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болған ағайымыздың бізге үлкендік қамқорлығы, көмегі көп болды. Мен қазіргі жас мамандарға қолымнан келгенше септігімді тигізуге тырысып жүремін. Жастарға алғашқы ұстаздық жолымнан де сыр шертіп, өзімнің басымнан өткендерді мысал қылып айтып отырамын. «Кезінде сендер сияқты мен де жас маман болғанмын. Таңертең сегізге жиырма минут қалғанда, оқу ісі меңгерушісінің алдында қаздай тізіліп отыратынбыз. 8 қыз едік. Ол кісі өзі ер адам болса да, басымыздан –аяғымызға дейін шолып шығатын. Киген киімімізге, бүгінгі қызметке келген болмысымызға, рухани дайындығымызға жіті қарайды. Сабақ жоспарымызды тексереді. Содан кейін дұрыс емес жерімізді түзетіп, ақылын айтады. Қатал болып көрінгенмен, жүрегі жұмсақ, қамқоршы болатын. Талап қоя білетін. Ол кісінің алдынан шыққан соң қанатымызға құс біткендей ерекше шабытпен сыныпқа енетінбіз. Әрбір сабағымызды жаңа леппен өткеруге тырысатынбыз. Иә, сол ұстаздықтың сара жолын үйрете білген ұстазымыздан біз өзімізге қажетті көп жақсы қасиеттерді үйрендік.»-деп алғаш мұғалім болып мектеп табалдырығын аттаған қиындығы мен қызығы мол ыстық, жалынды жылдарға шолу жасады.

Ізенімпаз ұстаз Света Қалиасқарованың білім шаңырағында еңбек етіп жүргеніне 33 жылдан астам уақыт өтті. Иә, алды артын барлап қараған жанға бұл аз уақыт емес. Осы аттай 33 жылдың ішінде қарапайым жанның басынан мектеп өмірінің езу тартып күлгізер, қызығы мен шыжығы мол сәттері аз болмағаны аян. Өзі жүріп өткен өмір жолының қиын бұралаңы мен, қалтарыс бұлтарыстарына, көз тоқтатып, кейіпкеріміз өткен күндер естелігінен сыр шертті.

-«Мен бастауыш сыныпта 6 жылға тарта уақыт сабақ бердім. Біліміміді жоғарлатып КазПИ -ді тамамдаған соң,1987 жылы іле мемлекеттік емтихан тапсырардың алдында, намысқа тырысп барынша дайындалдық. Себебі, біздің тобымызда орыс мектебін бітірген қыздар көп болды. Қазақ сыныбынан кейін келген біздер азғантай болдық. Сол орыс сыныбын бітірген қатарластардан қалысқымыз келмей, күн демей түн демей кітап оқитынбыз. Көз майымды тауысып, том- том бірнеше кітапты түгестім. Шет ел әдебиетінен емтихан тапсырған кезде, орыстың 20 ғасыр әдебиеттерінен сұрақтар келді. Табанды ізденісімнің арқасында емтиханнан сүрінбей өттім. Жақсы деген баға алдым. Ұзақ уақыт көңілімді тек білімге арнап, оқып, дайындалғанда 4 деген баға алғанға көңілім толмады. Бір жағынан іштей қынжыла тұрып, «төрттік баға алсам да, еңбегім бағаланды» деп өзімді жұбатып қоямын. Ол кезде таза білімге қарайтын заман болған. Емтиханнан өте алмай құлап жатқандар да болды. Міне, сол кезде мен қатты қиналғанмын. Бірнеше күндік еңбегім жақсы нәтиже беріп, соңынан жемісін көрдім». –деп Света апай, нағыз білімнің қашанда жерде қалмайтынын естеліктерінен мысал келтіре отырып бір дәлелдеп өтті.

-«Өмір болған соң қиыншылықсыз болмайды ғой –деп Света апай сөзін сабақтады. Соның ішінде жоғары да айтып өткен оқиғам, қиын бола тұрып, маған рухани ләззат сыйлады. Өз ісімнен, атқарған еңбек- ізденісімнен сонда рахат таптым. Енді бір қызық оқиғам деп әркез ұмытпай жүретін қызықты сәт былай болды»- деп әңгімесін жалғастыра түсті.

-Осы мектепке алғаш келгенімді бірінші сыныпты өз жетекшілігіме алдым. Сол кішкентай бүлдіршіндерімді 11 сынып аяқтағанынша оқыттым. Сол сыныпты алар кезде мектеп басшылығына айтқанмын «Егер келіссеңіз бұл сыныпты мен 11 сынып бітіргенше жетекшілік етіп, оқытамын. Осыған келіспесеңіз мен бастауышта ұстаздық етпеймін» -деп. Басшылық келісімін берді. Алғашында менде 13 оқушы болды. Гимназия тобынан жинақталып алынған жақсы оқитын, дарынды оқушылар болатын. Екінші сыныпқа келгенде қарпайым сыныпты қосты. Қосылған оқушыларымның ішінде Дархан есімді бала болатын. Сабақ үлгерімі өте нашар. Үнемі артқы партада отыратын да, өмірі қасына бір баланы жуытпайтын. Қасына отырған баланы итеріп жіберетін. Бірде ата-аналар қатысқан ашық сабақ өткіздім. Сол күні оның жанына бір қыз баланы отырғызған едім.Дархан оны осылай қабылдайды деп ойлаған жоқпын. Дарханның сыныпқа кіріп партаға отырысымен жата қалатын әдеті бар тұғын. Ондайда айтып, түсіндіріп, ұрсып, айналып- толғанып болсын оны өзі 5 минут жатып алмайынша орнынан тұрғызу мүмкін емес .Сол сәт Дархан тез қимылмен қызды итеріп жіберді де өзі сол орындыққа ұзыннан сұлап жата қалды. Сол оқиға үстінде ұрсайын десем, ол баланың жағдайын, психологиясын білемін. Ал, енді үндемей қоя салғанға қыз бала жылап қояр емес. Өз орындығымды беріп, үшінші бала қылып басқа бір партаға отырғызып, қызды әзер дегенде жұбаттым. Басымыз қосылғанда үнемі осы Дарханның қылықтарын еске алысамыз. (Рахаттанып күліп алды). Сол 11 жыл оқытқан оқушыларымның арасында өлең шығаратын балалар да болды. Сыныпта Самат деген бала үнемі сөмкесіне,қалтасына нан салып алып жүретін. Сол баланың ісіне- қылығына арналған «Нан соғар» деген әзіл өлеңдер шығаратын. Иә, мектеп болған соң, балалармен жұмыс істеген соң олармен өткен әрбір күн қызыққа толы болады. Мектеп өмірі осынысымен қызық, осынысымен ыстық. Басыңнан өткен қиыншылықтарды, ауыртпашылықты сол балалардың риясыз шат күлкісі жуып кететін»- деп Света ұстаздың жүзі шуаққа бөлене түсті.

Рас, жаны жалын мен шуақтан жаралған ұстаздар жайлы сөз қылғанда олардың мейірімге толы жүректері, жарқын жүзі көз алдымызға келеді. Света Қалиасқарованың ұстаздық қырын, адами болмысын сіздерге суреттеп отырғанда осы бір мейірім мен әділдік көздеріне ұя салған үлкен жүректі қарпайым жанның бейнесі көз алдымда тұрды. Ісі қарапайым бола тұра ,адамшылықтың асқарына шыға білген Света ұстаздың әлі талай жеткіншектердің өміріне білім мен бірге ізеттілік, тәрбиелік нұрын себері сөзсіз. Өз қызметін, шәкірттерін шексіз сүйетін жанға ұстаздық жолдағы нағыз бақытты тілеп, бүгінгі баптап жүрген мәуелі бағының жемісін жеуге жазсын дейміз!

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз Dinara.aujanova@mail.ru