Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

"ЖАЗАНЫҢ ЖЕҢІЛІ БОЛМАУЫ ТИІС"


28 июня 2013, 15:37 | 983 просмотра



«Халық қаһарманы», сенатор Мұхтар Алтынбаев педофилдердің көзін жою керек деп санайды. Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында Әділет министрінен жас балаларды зорлап, тояттағандарға қатысты жазаны күшейтуді қолдауын сұрады.

Сенат депутатының мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда педофилияның 184 оқиғасы тіркеліпті. Бұған жауап ретінде министр Берік Имашев жаңа Қылмыстық кодекс жазылып жатқандығын айтып, осы мәселені сонда қарастыруды ұсынды.

– Біздің елімізде өлім жазасын қолданбау туралы шешім қабылданған, бірақ мен мұндай әбілеттерге ең қатал шаралар қолданылуы керек деп санаймын! – деді Сенаттың жиынынан кейін журналистермен тілдескен М.Алтынбаев. – Тіпті кастрациялап тастау керек оларды. Тағы қандай ең қатал жазалар бар – қолдану қажет! Жалпы, менің өз пікірім – мұндай адамдықтан кеткен айуандарды құрту керек!

Сенаттың жалпы отырысында Мұхтар Қапашұлы Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Қалаулы қазіргі кезде Қазақстанда балиғатқа жасы толмаған балаларға қатысты сексуалды зорлық-зомбылық оқиғалары санының өсіп, өршіп бара жатқандығын алға тартады. Оның айтуынша, әлемнің көптеген елдері педофилдерге химиялық кастрация қолданады. Ресми сауалында сенатор Премьерден «кәмелетке жасы толмағандарға қарсы қылмыс жасағаны үшін жазаны күшейту туралы норманы қарастыратын заң жобасын әзірлеуді» сұрады.

Сенаттың кешегі жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар- намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алуға бағытталған ұлттық алдын алу тетігін жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда мақұлдады. Бұл құжатты қорғауға Әділет министрінің өзі келгендігін пайдаланып, сенатор оған жүгінді.

– Елмен кездескенімізде, халық біздің, Парламенттің алдына осы сұрақты қатаң әрі төтесінен қояды, – деді министрге Мұхтар Алтынбаев. – Кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар саны, өкінішке қарай, өсіп барады. Біз таяу арада педофилия жөніндегі заңды қабылдағанбыз. «Сол заң жұмыс істемейді, әрі жазасы да тым жұмсақ» дейді халық.

– Мен сізден қолдау іздеп отырмын, – деп ескертті сенатор Мұхтар Алтынбаев. – Үкіметке мен сауал жолдаймын, соның негізінде бір шешім жасау керек. Онсыз болмайды. Маған мынадай статистика келді: 16 жасқа жетпегендермен жыныстық қатынастар және сексуалдық сипаттағы басқа да іс-қимылдар саны 2011 жылы – 138, 2012 жылы – 232 болса, ал, 2013 жылдың 5 айында ғана 184-ке жеткен! Бұл сұраққа біз көңіл аудармасақ, халық бізді түсінбейді! Сондықтан қолдауыңызды сұраймын.

Сенат бірден екі оқылымда мақұлдап, Елбасының қол қоюына жолдаған, азаптаулардың алдын алуға бағытталған заңға сәйкес, бұдан былай еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі (бүгінде бұл лауазымды Асқар Шәкіров атқарады), қасына азаматтық қоғам өкілдерін, мамандарды ертіп, түрмелерге және өзге де бас бостандығынан айырылғандарды ұстау орындарына тұрақты барып тұрады.Осы арқылы ол жерлерде «азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу» көзделуде.

Уәкіл бастаған қоғамдық «ревизорлар» аралайтын орындар қатарына «түзеу мекемелері мен тергеу изоляторлары, алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққандарды еріксіз емдеу ұйымдары, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелер, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары,арнаулы және ерекше режимдегі білім беру ұйымдары» жатқызылып отыр. Заң жобасына сәйкес, қоғамдық комиссия мүшелері аталған мекемелерге жылына кем дегенде екі рет баруға тиіс, комиссия құрамы төрт адамнан аспауы керек. Уәкілдің келуіне шектеу қойылмаған.

Бұл ретте тек уәкілдің ғана емес, Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы эксперттер мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің іссапарларының шығыны да бюджеттен өтелмек. Осы сапарлары қорытындысында қатысушылар жыл сайын «Шоғырландырылған баяндама» жариялауға міндетті. Бұл құжат негізінде қазақстандық заңнама жетілдірілуі, әлгі орында ұсталатындардың жағдайы жақсартылуы қажет. Елбасы күні кеше қол қойған нақтыланған үшжылдық бюджетке сәйкес, осы заңды жүзеге асыруға 200 миллион теңге бөлініп отыр.

Автор:
Айхан ШӘРІП