Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ


28 июня 2013, 15:41 | 2 234 просмотра



«Үш тұғырлы тіл» мәселесі көтерілді.Биылғы жылдан бастап мектептерде бірінші сыныптан ағылшын тілі енгізілмек. Бұл мектеп табалдырығын енді ғана басқан балаларға қажет пе? Болашақ тіл маманы ретінде осы сұрақ төңірегінде жауап іздеп көрдім.

Ағылшын тілі - дүние жүзілік тіл. Әр аттап басқан қадамымыздан-ақ ағылшын тілін қажет етеміз. Егер де бала ағылшын тілін мектеп қабырғасында дұрыс меңгеріп алмаса, кейін қиындыққа кездесетіні анық. Себебі қазірде кез-келген ұлттық деңгейдегі жоғарғы оқу орнындарының барлығы да ағылшын тілін білуді қажет етеді. Алғашқы кездерден бастап зең қойып тыңдап үйрену керек. Жиырма бірінші ғасыр дамыған технология заманы. Сол техниканың түрі - компьютердің өзін де меңгеру үшін ағылшын тілін білу қажет. Бірақ өз ана тілін дұрыс меңгеріп, қазақ тілінде сөйлеп, екі әріпті қосып оқи алмай жатқан бала үшін бұл тым ауыр болмақ. Онсыз да қазірде қазақтардың өздері де қазақ тілінде дұрыс сөйлей алмай жатыр. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тілі орысшаға бейім болып, қазақ сыныбында оқитын оқушылардың барлығы дерлік сыныптан шыға сала орысша сөйлейді. Осындай қиын мәселелерді көре тұра іні-қарындастарымызға үш тілді бірдей үйрете аламыз ба? Олар еш қиындысыз игере алар ма?

Тарихи құндылығымыз атанған қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне қоя тұра оны орыс тілімен қатар қолданысқа саламыз. Ащы болса да шындық осы. Жастардың қазақ әдебиетіне көп көңіл аудармауы себебінен ескі тарих парағынан сыр шертер мақал-мәтелдеріміз бен нақыл сөздерімізді оқып білмек түгелі, жай қазақтың сөзінің мағынасына бара алмай жатқандар да көптеп кездесіп жатыр. Біз өзге ұлттың тілінде сөйлеу арқылы іс жүргізіп, белгілі бір деңгейде экономикалық жетістіктерге жетеміз. Бірақ ана тілімізді жетік меңгере алмай басқалар алысатын ұлы ел бола алмаймыз. Себебі тіліміз тек өткеніміз ғана емес, сонымен қатар жарқын болашаққа бастар ертеңіміз де. Өз тілімізді жетілдіре алмай тұрып біз қалайша үш тұғырлы тілді ел болмақпыз?

Оқушылардың ағылшын тіліне бейімділігін арттыру мақсатында көптеген олимпиадалар мен пікірсайыстар өткізіліп тұрады. Білімін тереңдетіп мектептен тыс оқимын дегендер үшін ағылшын тілін үйрететін орындар ашылған. Меңгере алмай жатар болса, осындай орындарға барып оқуға болады. Сол себепті баланы мектеп табалдырығын аттаған кезінен-ақ ағылшын тілін оқытуға болмайды. Бұл ана тілін дұрыс білмей жатқан ұрпақты мәңгүрттендіру емес пе? Орыс тілін оқымаса да әріптері мен дыбысталуында ұқсастық болғандықтан тез меңгере алады. Бірақ бала мектепке қазақша емес орысша біліп барады. Сондықтан басқа тілді үйретпей тұрып қазақ тілін оқытуымыз керек. Дана қазақ ата-бабамыздың; «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген сөзін еске алар болсақ өзге тілді меңгермес бұрын қазақ тілін үйренген дұрыс болар. Бірінші сыныптың жас бүлдіршіндеріне ағылшын тілінен бұрын қазақша оқытып алу керек. Ал екінші сыныптан бастап орыс, ағылшын тілдерін игертеміз. Осылай ғана біз үш тұғырлы тілді ел бола аламыз.

Автор:
Әсем ЖҰМАҚАН № 5 мектеп-лицейінің 9 «а» сынып оқушысы Талдықорған қаласы