Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

МАТЕРИАЛДАРДЫ КӨРКЕМДЕП ӨҢДЕУДІ ОҚУШЫЛАРҒА ҮЙРЕТУ


9 августа 2013, 05:08 | 2 937 просмотров



Мектеп оқушыларының ағаштан немесе маталдан әсем бұйымдар жасауға қызығатыны бәрімізге мәлім. Сондықтан да технология пәні ұстаздары кез-келген материалдан бұйым жасауды меңгерулері тиіс, деп ойлаймын. Бұл мәселе бойынша, әсіресе ағашты көркемдеп өңдеу әдісінен өзімнің біраз іс-тәжірибем бар. Осы тәжірибемді көпшілікке ұсынсам деген ниетпен төмендегі сабақ жоспарын сіздерге жолдап отырмын.

Қазіргі қоғам талабына сай, мектептің білім стандартын басшылыққа ала отырып, технология пәнін оқытудағы негізгі мақсатым: оқушыларды шеберлікке, шығармашылық қабілетін, пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ағашты көркемдеп ою, темірден зергерлік бұйымдар жасау, атакәсіпті терең игеріп, өз бетімен күнделікті өмірге қажетті заттарды, бұйымды жасай білуге үйрету.

Үйенкі ағашының Жетісу өңірінде 8 түрі өседі. Өте өсімтал ағаш. Көктем кезінде бұтақтарын кесіп алсаң, күз кезінде жаңа бұтақтары көптеп шығады. Ағаш шеберлері осы ағаш түрінен үй жиһаздарының әр түрлісін жасаған. Ағаштың қасиеті көркемдеуге, бедерлеп өрнектеп оюға көнгіш, ыңғайлы ағаш. Осы ағаштан бұйым жасағанда оқушылардың еңбекке деген ынтасын, іскерлігін, шеберлігін, қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар ағаштан әсем бұйым жасаудың өз ерекшеліктері де бар. Ол мына төменгі схемада берілген.

Сабақтың тақырыбы: «Үйеңкі ағашынан қаламсап жасау».

Сабақтың мақсаты: бедерлеп ою арқылы өнер туындысын жасау.

1. Білімділік: Жетісу өңірінде өсетін ағаш түрлері, қолданылуы, ұлттық өнерімен таныса отырып, қаламсаптың күнделікті өмірге қажеттілігін білдіру.

2 . Д а м ы т у ш ы л ы қ : оқушының кәсіптік бейімділігін, шығармашылық шеберлігін, еңбек іскерлігін, икемділігін дамыту.

3.Тәрбиелік: ұлттық қолөнерді үйрету, эстетикалық талғамын ұштау.

Сабақтың көрнекілігі: А.Нәлімбаев «Ағаш ою» технологиясы, нұсқау карталар жасалған дайын бұйымдар, құрал-саймандар.

Пәнаралық байланыс: география, сурет, сызу.

Сабақтың түрі: сарамандық және теориялық.

Сабақ барысы.

1. Ұйымдастыру кезеңі. Оқушыларды түгендеп, олардың арнайы киіміне көңіл бөлу, құрал-жабдықтарды, жұмыс орнын дайындау.

2. Үй тапсырмасын тексеру. Өткен тақырыпты оқушылардың қаншалықты меңгергенін тест арқылы тексеру, сұрақ арқылы жауап алу.

1. Бедерлеп ою дегеніміз не?

2. Кертіп ою, қиып ою тәсілдерін түсіндір.

3. Жұмырлап ою дегеніміз қалай түсінесің?

4. Ағаш өнерінің түрлерін ата.

Жаңа сабақ

Балалар, бүгінгі сабақта ағаш өнері туралы әңгімелесеміз. Өздерің білесіңдер, шығармашылық жұмыс үшін бізге талап, үлкен ізденіс, еңбек құмарлық, өнер сүйгіштік қажет. Ағаш өнеріне кіріспес бұрын халық қолөнеріне тоқтала кетейік.

Халық қолөнері ғасырлар бойы дамып, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылық өнерінің сарқылмас көзі, халық мәдениетінің айнасы. Соңғы кезде қолмен жасалған бұйымдармен қоса механикалық тәсілмен жасалған заттар да бар. Бірақ олар қолмен жасалған заттарға қарағанда көркемдік деңгейі төмен.

Ағаш өнері оймашы, балташы, тоқушы болып бөлінеді. Ал, ұсталар айналысатын кәсіпті темір ұстасы, ағаш ұстасы деп бөледі. Халық шеберлері екеуін бөлмей нағыз ұста болғандықтан екеуін де жете меңгерген. Жетісу өңіріндегі ағаш шеберлері өздеріне керекті ағаш түрлерін, оның қасиеттерін анықтап, ағаштың тығыздығына, жұмсақ, қаттылығын таңдап, көркем бұйымдар жасаған. Бедерлеп ою, тегіс тақтаның бетіне өрнек салу, шығыңқы етіп мүсіндік бейнелерді жартылай көлемімен мүсіндеуді, бір сөзбен айтқанда, ағаш бедерленетін барельефті атауға болады.

- Міне, балалар, бүгінгі сабақта бедерлеп ою арқылы бұйым жасаймыз. Үйеңкі ағашынан қаламсап жасау арқылы біздер ағаш ою процесімен танысамыз. Ең бастысы, бұйымдар жасауды технологиялық карта арқылы меңгереміз.

- Құрал-саймандармен жұмыс кезіндегі техникалық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаймыз.

Сарамандық жұмысты ұйымдастыру.

а) Оқушыларға жалпы тапсырма беру.

б) Қаламсапты бедерлеу барысында оқушылардың өз шеберлігін, шығармашылық қабілетін көрсетуді тапсыру.

(Оқушылар өз беттерінше орындайды).

Сабақты қорытындылау:

1. Әр оқушы өздері жасаған жұмысы арқылы бедерлеп ойған

ағаштарына талдау жасайды.

2. Жұмыс барысында қандай құрал- саймандар пайдаланғанын

айту, өздерінің істеген жұмысын қорғау.

3. Бағалау.

Автор:
Сабит ЧУНКЕНОВ Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің технология пәні мұғалімі. Сарқан ауданы