Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Жас ұстаздар мен болашақ ұстаздарға кеңес


18 марта 2010, 15:35 | 5 389 просмотров



Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді.

Мәлік Ғабдуллин

Ұстаз – ұрпақ тәрбиелеп өсіруші қоғам сенген өкіл. Ұстаздық қызметтің қыры мен сыры мол, сан қилы және әр тарапты. Ол - әдіскер де білімдар және өз ісінің қыр –сырын жетік білетін маман.

Ұстаздық мамандықты шын көңіліңмен қалап келген болсаң, бұл мамандыққа тән қасиеттерді есіңе сақтап ал.

1.Ұстаздық мамандыққа тән қасиеттер - ұстаздың адамгершілік және мамандық білімділігі. Бұл қасиет- ұстаз тұлғасының мынандай сипаттарынан байқалады:

-ұстаздың дүниетанымдық көзқарасы, сенімі мен ізгі мұраты;

-ұстаздық қызметке бейімділігі мен мамандық даярлығы;

-ұстаздық қабілет (ұйымдастырушылық, конустриктивтік, коммуникативтік, экспрессивтік, персептивтік, академиялық, дидактикалық)

-Кәсіптік білімі мен біліктілігі, мамандық ісіне төселіп, әдеп-дағдыларын қалыптастыруы.

2.Ұстаздық қызмет қыры мен сыры мол біртұтас гуманистік мамандық. Осындай қасиеттерді өз бойына сіңіріп, игі мақсатқа ұмтылған кісі ғана аса құрметті мамандықты игере алады.

3.Ұстаздың тұлғалық қасиеттері, өзге мамандар мен түрлі қызмет атқаратын адамдардан айырмашылығы мынадай қасиеттерімен ерекшеленеді:

-Ұстаздың шәкірттерге деген ықылас-ынтасы, балаларға сүйіспеншілігі мен жанашырлық көзқарасы.;

-Ұстаздың ұстамдылығы мен байсалдылығы, мінез-құлқын, сезім күйін билей алуы;

-Мұғалімнің жандүниесінің тебіреністері мен көңіл-күйін басқара аларлық өзіне-өзінің сыншылдық көзқарасы;

-Ұстазға жарасымды осындай қасиеттер ғана оның кісілігі мен мамандыққа тән қабілеттілігін білдіретін сапалар деп бағаланады.

Ұстазға тән осындай сапалар мен қабілеттіліктерді мынандай жүйемен жіктеуге болады.

1.Ұстаздық мамандықтағы айырықша белгі-балаларға деген қамқорлық көзқарас, шәкірттерге деген сүйіспеншілік сезім.

2.Шәкірттерді оқу-тәрбие ісінде ғылым негіздерімен қаруландырып, саналы тәртіпке баулу. Ұстаздың қызметіндегі мұндай қасиетті дидактикалық қабілет деп атауға болады.

3.Мұғалімнің шәкірттерді әр – алуан іс-әрекеттерді орындауға жаттықтырып үйретуі және олармен ұстаздық қарым-қатынас орнатуы- оның ұйымдастырушылық яғни коммуникативтік қаблетіне байланысты.

Тәлім-тәрбиедегі негізгі тұлға – ұстаз. Ол шәкірттерінің жандүниесінің сырына терең бойлай отырып, олардың болашаққа деген сенімін арттырады. Ерік- жігер қасиеттерін жетілдіреді. Осы орайда халқымыздың «Әке – балаға сыншы» дейтін ұлағатты сөзін ескере отырып, ұстаз да тәлім-тәрбие берген шәкірттеріне сын көзімен қарап, еліміздің болашақ өнегелі азаматтарын жан-жақты баули білуі - әрі парыз, әрі қарыз.

Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу- өмірдегі қымбат та қиын іс. Бұл мамандықты таңдаған екенсің ендеше қазірден бастап өз-өзіңді тәрбиеле. Уақытыңды босқа өткізбей көп оқы, ізден. Мұғалімдерден сұрап алған баға білім болмайды. Оқу орнын орта біліммен аяқтасаң, кейін оқушыларың да орта оқитындар болатыны айтпаса да түсінікті.

Еліміздің болашағы бүгінгі жастар яғни сендер мен сендер тәрбиелейтін ұрпақтың қолында екенін естеріңнен шығармаңдар.

Автор:
Б.Д.Әбдірейімова, Есік гуманитарлық - экономикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы