Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАПСЫРМАЛАР АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ


16 августа 2013, 05:14 | 2 777 просмотров



Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуға бағытталған шығармашылық тапсырмаларды қолданудың қажеттілігі және оның әдістемелік тұрғыдан толыққанды қамтамасыз етілмеуі мен оны оқыту үдерісінде жүзеге асыру мүмкіндігін пайдалану дәрежесінің арасында қарама- қайшылықтар туындап отыр. Мұндай қарама- қайшылықтарды болдырмау үшін бастауыш мектепте оқыту барысында шығармашылық тапсырмалардың атқаратын қызметі мен оларды тиімді қолданудың маңызы зор.

Танымдық қызығушылық балалық әуесқойлықтан басталады, алайда ол тез арада жарқ етеді де, солайша кенеттен сөніп қалады. Терең білім беруді мұндай әуесқойлық негізінде ұйымдастыруға болмайды. Баланың әуестігін ояту үшін тартымды бастау, әсерлі сюжет, оқиғаның күтпеген арнаға түсуі, мәселелік жағдай сияқты тәсілдер қолдану керек. Оқушыда білуге әуестік пайда болып, ол құмарлыққа ұласады. Оқушы бұдан әрі жаңалықты қабылдап, білімі молайған сайын қуаныш сезіміне бөленеді. Білген үстіне білгісі келіп, құмарлық танымдық қызығушылыққа ауысады.

Оқушыда танымдық қызығушылықтың пайда болуы оның мінез-құлқынан және іс-әрекетінің сыртқы белгілерінен айқын аңғарылады. Ең алдымен оқушының пәнге көзқарасы айқындалып, сабаққа қатынасы, сабақ үстіндегі таным белсенділігі артады. Оқушының сабақтан тыс уақытта өздігінен істейтін жұмысы жаңаша сипат алады. Ол оқулықтан білгеніне қанағаттанбай, көпшілік әдебиеттерге, басқа да материалдарға зер салады. Қызығуы күшейіп, шарықтау шегіне жеткенде оқушының тіршілік болмысы, мінез- құлқы, құндылық өлшемі жаңарып, айқын бағытқа ие болады. Бұл айтылғандардан шығатын қорытынды - алдына мақсат қойып, қызығумен ғана шектелмей, оны іс- әрекетінде жүзеге асыра білетін оқушыда ғана танымдық қызығушылық дамиды.

Танымдық іс-әрекетте қызығушылықты оятуда келесі қызметтердің маңызы зор: оқудағы жетістікті қамтамасыз ету; оқушының артта қалуының алдын алу; үлгермеушілікті болдырмау; білім берудің әр түрлі формалары мен әдістері, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану; мұғалімнің оқушыларға қатынасы, балалар қауымының қоғамдық пікірі, ақыл-ой қабілеті мен жалпы оқу іскерлігін дамыту. Танымдық қызығу оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде қалыптасып дамиды. Оқушылардың танымдық қызығушылығы олардың білімінің деңгейі мен сапасына, ойлау іс-әрекеті мен әдіс- тәсілдерінің қалыптасуына байланысты.

Алынған білімдерінің негізінде шығармашылық тапсырмаларды орындау, материалды жақсы еске сақтауға ғана әсер етпей, сонымен қатар ойлау тәсілдерінің қалыптасуына, зейіннің тұрақтануына, тапсырманы орындау жолдарын тиімді қабылдауына да ықпалы бар. Оқушы тек қана белгілі хабарды жадында сақтап қана қоймай, сонымен қатар оны қоршаған өмірмен байланысты тапсырмаларға қойылған сұрақтарға нақтылы жауаптар тауып алады: «... адам, теориялық формуладан оны қызықтырған сұрағына, проблемасына, қиындыққа анық жауап байқаған болса, онда ол теориялық формуланы ұмытпайды. Оны жаттамай-ақ, жеңіл және табиғи есте қалдырады. Демек, бастауыш мектеп оқушыларының шығармашылық тапсырмалар арқылы танымдық қызығушылығын дамыту мұғалімнің оқу үдерісінде қолданған әдістеріне тікелей байланысты болады.

Оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытуда мына міндеттер жүзеге асырылуға тиіс:

- шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың танымдық қызығушылығын дамытатындай түрлі жағдайлар туғызу;

- шығармашылық тапсырмаларды ұғынуда баланың ойлау жұмысына деген дұрыс мотивтерін (шығармашылық тапсырмаларды орындауға құмарлық, шығармашылық тапсырмалардың әр түрлі сюжеттерінің сипатталуындағы ерекшеліктерді байқай білуге, оны түсінуге ұмтылу т.б.) қалыптастыру;

Тұлғаның шығармашылық сапасын дамыту сабақта және сабақтан тыс жұмыстарда жүйелі түрде көлемді жүргізіліп отырылса ғана мүмкін болады. Шығармашылық тапсырма шығармашылық іс-әрекетте оқытудың құралы болып табылады. Өйткені кез-келген тапсырманы орындау кезінде оқушы іс-әрекет құрамына кіретін мақсатқа бағытталған әрекеттер тізбегін орындайды. Нәтижесінде қарастырылып отырған іс-әрекет толық игеріледі.

Автор:
Сымбат ЧУНКЕНОВА, М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Талдықорған қаласы