Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОҚУШЫ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАБАР ЖЕТІ ҚАДАМ


16 августа 2013, 05:20 | 2 495 просмотров


Мейірімділік пен кішіпейілділік – адам жанына ізгілік дәнін себетін қасиеттер. Бала мінезі балғын шақтан бастап қалыптасатындықтан, балаға аса бір мейіріммен қарап жүрсеңіз, оның мінезінің өзгеруіне елеулі әсер еткенін байқайсыз. Сүіспеншілікпен жақсы көру, жамандықтан аулақ болу ардан қуат алған жүректің ең ерекше сипаты емес пе? Жамандыққа жақсылықпен жауап беріп, өзгенің көргенсіздігіне жиіркеніп қараған адамның істеген іс –әректі оның ішкі жан дүниесі мен мінезінің көрінісін айқындайды. Кез келген адамға мүмкіндігінше мейірімді бол. Сен мейірімділік жолын таңда, әдепсіздерге кеңпейілді, мейірімді бол. Үнемі жақсылығын айт, жылы шырай көрсет, олар сенің мейіріміңнен сусындап, жан дұниесі байый түссін. Басқаларға өзіңді жағымды жағынан көрсеткен іс-әрекеттеріңе назар аудар.

Қызығушылық – баланың ерекше қабілеттерін дамытатын мінсіз қасиет. Қызығушылық - бір нәрсе туралы жағдайға қарай білуге құмарлық, дүниедегі заттар мен құбылыстарды танып-білуге бағытталған адамның жеке ерекшеліктерінің бір көрінісі. Қызығушылық тұрақты қасиетке айналғанда ғана адам өз іс-әрекетінен жақсы нәтиже шығара алады. Не нәрсеге болсын қызықпайтын оқушы болмайды. Қызығушылықты оятуға қандай алғышарттар қажет? Балаға ерекше көңіл бөлудің, онымен сөйлесудің өзінде үлкен мән жатқан жоқ па? Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білім алуға деген қызығушылығын ояту ең маңызды іс болып табылады

«Жаттандылық жарға апарып соғады», «Жаттап алған білім ғұмырлы емес» деп ақыл айтып жатамыз. Жасыратыны жоқ, оқушыдан жаттанды мәліметтерді де көп талап етеміз.

Әр мұғалім шығармашыл тұлға ретінде оқытудың өзіндік тәсілдерін қолдану арқылы түрлі іс-шараларды тартымды ұйымдастыруға тырысады. Әр оқушының мінез-құлықтарын зерттей отырып, әр оқушымен түрліше байланыс жасаудың жолын іздейді, өзіне белгілі тәсілдермен оқушылар зейінін аударуға қол жеткізеді. Сол арқылы қарым-қатынас құрады. Оқушыға қажетті мағлұматтар бере отырып, білімін шыңдайды.

Оқушы білімін әділ бағалау – нағыз ардың ісі. « Оқушы жөнінде әділ және дұрыс пікір айту үшін, оны өз ортасынан өзіміздің ортамызға алып келмей, өзіміз олардың рухани дүниесіне көшуіміз керек»,- дейді озық ойлы педагог ғалым. Жеке қасиеттері мен ақыл-ой дамуының деңгейін есепке алып, оқушылардың оқу жетістіктерін бағалауда мұқият болғанымыз абзал. Түрлі деңгейдегі оқытуға қолданылатын бағалауда оқушылардың оқу-танымдық қызметін ынталандыру үшін жағдайлар туғызу керек. Әлеуметтік қорғау факторлары ретінде оқушылардың жетістіктерін бағалауда әділдік және объективтік жүзеге асыруды қалыптастыру жағдайлары қамтамасыз етілуі қажет.

Бағалау ісі әрбір оқушының әлеуметтік мүмкіндіктерін дамыту және есептеу арқылы оқушының өзіндік өнімді қызметін ұйымдастыру жағдайындағы тұлғаның мүмкіндіктері мен қабілеттерін анағұрлым толық айқындауға негізделуі тиіс. Оқушылардың ішінен кейбіреуі қойылған сұраққа шын жүрекпен үн қатуы мүмкін.

Еркіндік — адамның өз мүдделері мен мүмкіндігіне сай әрекет етіп, өз қалауын жүзеге асыруы. Шынайы еркіндік — адамдар арасындағы мәдени қарым-қатынастардың кепілі. Еркіндік орын алған жерде оқушы өзін емін-еркін сезінеді. Оқушының пікірін толық тыңдау, оның қөзқарасымен санасу, мұғалім мен оқушының арасындағы еркіндік бір-бірін сыйлауға, құрметтеуге алып келеді. Еркіндік басқа адамның ерік – жігерін жасытатын екінші бір адамның тарапынан қандай да бір шектеулер мен тыйымдардан арылу болып табылады. Мұғалімге өзінің жеке басының пікірін оқушыларға зорлап міндеттеуіне болмайды.

Әділдік – ешқашан құнын жоғалтпайтын байлық, адам бойындағы ең тамаша адамгершілік қасиет. Іс-әрекеттегі ақиқат әділдік арқылы көрініс береді. Қандай шешім шығарсаң да, әділдік таразысына сал. Әділдік деп соны айтыңыз, тураны қисық бұрмаса деген қисынды сөз көкейден көрініс беру керек. Әділдік арқылы бала жүрегіне жол тауып, ізгіліктің іргетасын қалай біл.Әділ болсаң ғана ар-ұятыңның тазалығын көрсетесің, алдыңа қойған мақсатыңа жетесің.

Мүғалім келбеті – балаға үлгі-өнеге. Жас ұрпақ тәрбиесі, оның жеке тұлғасының жаңаша қалыптасуы, әлеуметтік дүниеге көзқарасы , жалпы болмысы ең алдымен мұғалімге байланысты.Мұғалім — бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Балалар үшін тәрбиешінің, ұстаздың жүріс-тұрысының, сөйлеген сөзінің, киген киімінің өте үлкен маңызы бар. Мұғалім оқушылармен тығыз қарым-қатынаста болып, олардың ісіне белсене араласып, жеке басының тұлғалық қасиетін көрсете білуі керек. Тек осы жағдайда оқушылар жүрегіне баратын жол салынады.

Автор:
Екпін НҮСІПБЕКОВ Кербұлақ ауданы, Шилісу ауылы.