Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰБТ ӨТКІЗУДІҢ ЖАҢА ЖҮЙЕСІ ҰСЫНЫЛДЫ


23 августа 2013, 13:05 | 1 473 просмотра



Білім саласына 2004 жылдан бері енгізілген Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің қорытындысы бірнеше сағаттан кейін шығатыны белгілі. Ендігі жерде сынақтың нәтижесін бірден көрсететін жүйе енгізілуі мүмкін. Мұндай ұсынысты Білім және ғылым министрлігіне ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақ-Британ Техникалық университеті ұсынып отыр.

Кеше «Moodle» ашық платформасының негізінде жасалған ҚБТУ-дың тестілеу жүйесінде алғаш рет мамандықтар бойынша емтихан өтті. Докторантурадан үміттілер 90 минутта мамандыққа сәйкес 200-400 сұрақтың ішінен жүйенің өзі таңдаған 50 сұрағына жауап беріп, нәтижесін бірден білді. Бұған дейін магистратура мен докторантураға құжат тапсырғандар емтиханды ауызша немесе тест сұрақтарын қолмен белгілеу арқылы өтіп келген.

–Бұл жүйенің ең басты айырмашығылығы – өзге адамның араласпайтындығы. Барлығын компьютер атқарады. Одан кейін, тесттің нәтижесі бірден шығады. Өзге елдерде бұл бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе. Бұл жүйені Ұлттық бірыңғай тестке де пайдалануға болады. Тест сұрақтарын қолмен емес, компьютерде белгілеу арқылы талапкерлер өз білімінің көрсеткішін біледі. Қазіргі таңда Қазақстанда аталмыш жүйені енгізуге техникалық мүмкіндіктер бар. Өйткені аймақтардағы компьютерлердің саны артты. Тесттің нәтижесі база арқылы бірнеше бақылаушы органдарға жіберілетіндіктен, қорытындысын қолдан жасауға ешқандай мүмкіндік жоқ, – дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.

Жалпы, еліміздің біраз жоғары оқу орындарында емтихан тест ретінде өтіп келеді. Ал ҚБТУ- дың тестілеу жүйесінде сынақтан өтушіге бір-ақ рет кіруге болады. Сондықтан тесттің нәтижесін қайта жасау туралы әңгіме болуы мүмкін емес.

Автор:
Үмітжан ЖАПАР