Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Наурызды ұлттық құндылық ретінде бағалай алып жүрміз бе?


18 марта 2010, 16:34 | 2 702 просмотра



Осы бір мәселе соңғы кездері көпшіліктің көкейін мазалап жүргені рас. Кеңестік кезеңнің солақай саясаты кесірінен 20 жыл бойы тойланбай қалған наурыз мерекесімен алғаш көріскен кезіміз 1988 жылдардағы қаурыт қарқын, елдік екпін, ұлттық намыс бүгінде бәсең тартып қалғандай. Неге? Қаншама жыл кеудемізде тұншығып жақан еркіндіктің бәйшешегі бүр жарған шақта баршамыз төл болмысымызға оралғымыз келіп, ұлттық нақыштағы бұйымдарға байыппен қарап, ақ қалпақ киіп дәуірлеп кетіп ек. Қазақ болып туылғандығымыз үшін шексіз мақтаныш кернеп еді кеудемізді? Бүгін сол үрдіс неге бәсең тартып қалды?

Елбасы «Наурыз-Қазақстан халқын біріктіретін ортақ мерекеге айналады» деген болатын. Алайда...

Наурыз мерекесі десе қазір көшеге тігілген қазақ үйлер арқылы ғана бағамдаймыз. Өзімізді-өзіміз осы мерекені түсінуге зорлап ынталандырамыз. Неге?

Себеп, өз айшығынан айрылып бара жатқандығында. Наурыз меркесі тек әкімдер үшін жасалатындай. Әкім бастаған топ әр үйді аралап өткенше бәрі ресми күй кешіп тұрады. Әкімнің батасын алған соң бәрі өзді-өзімен мерекелеуге көшеді.Неге барлық шара, әсіресе мекемелер мерекеге арнап тігілген үйлердің есіге айқара ашылмайды. Наурыз көжелерді осы үйлер көпшілікке шын ықыласымен таратып, халықты ынтымаққа шақыруға ниет етпейді.

Ұлыстың ұлы күні ғана қазақ екеніміз есімізге түсіп, ұлттық киім киіп шығып, ресми шара біткеннен кейін баяғы бәз қалпымызға қайтып келеміз. Осындай көңілге кірбің түсірер жайттарды ескерсек, өткен жылы «Ана тілі»газетінде халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұсынған төмендегідей мәселердің әлі мәнін жоймағанын ескеріп, көпшілік назарына тағы бір мәрте ұсынғанды жөн көрдік. Сіз не дейсіз оқырман!

1) Наурыз мерекесін тойлауға Қазақстан бойынша ресми дайындықты бір ай бұрын немесе 1 наурыздан бастау (көшелерді, ғимараттарды Наурыз нақыштарымен безендіру, баспасөз беттерінда тұрақты хабарлар беру, электронды ақпарат құралдарында Наурызға арналған сюжеттер, роликтер беру);

2) Наурыздың арнайы символын жасап, орнықтыру (мысалы, Жаңа жылдың символы – шырша, Аяз ата мен ақша қар, жаңа жылдық сыйлықтар болса, Наурыздың символы – наурыз көже, жыл он екі айға ие болған жан-жануарлар бейнесі, т.б.). Осы символ бейнеленген ашық хаттар, конверттер, кәдесыйлар дайындау;

3) Мерекеге орай балаларға және ересектерге «наурыздық» деген сыйлықтар беру (мұны берудің, сыйлықта ненің болуын ойластыру қажет);

4) 22 Наурыздан бір апта алдыңғы жұма күні бүкілхалықтық «наурызақ» – тазалық күнін ұйымдастыру (аулалар, өзен-көлдер тазартылып, ағаштар отырғызу, ағаштардың семген бұтағын отау, діңін әктеу, т.б.);

5) Елбасының қатысуымен шаралар өткізу: 22 Наурыз күні Елбасының сотталғандардың белгілі бір тобына (кездейсоқ қылмысты болғандар, жеңіл-желпі қылмыс жасағандар, тәубесіне келіп, имандылық жолына түскендер, т.б.) рақымшылық жасауы; тұрмысы төмен отбасылары мен жетім балаларға қайырымдылық шараларын өткізу, т.б.;

6) жалпыұлттық «Наурыз» қорын құрып, оның қаржысын ұлтты ұйыстыратын, дамытатын шараларды қаржыландыруға жұмсау.

Автор:
Ерғазы Манапұлы