Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АНА ТІЛДІҢ ҚАДІРІН ҰРПАҚ БІЛІП ӨСУДЕ


29 августа 2013, 08:58 | 1 716 просмотров



«Адамды тәрбиелеу – демек оның ертеңгі қуанышқа ие болатын келешек жолын тәрбиелеу» деп ұлы педогог А.С.Макаренко айтқан ұлағат бар. Олай болса , осы сөздің ақиқатына бүгін тағы да көз жеткіздік. Өмірінің басым бөлігін бүлдіршіндермен сабақтастырған бүгінгі айдарымыздың кейіпкері Смағұлова Светлана Қажкенқызы қаламыздағы №42 бала бақшаның қазақ тілі ұстазы. Сәбилерді шынайы жүрегімен сүйе білген ұстаздың көздерінен мейірім шуағын оп- оңай көруге болады. «Бала деген періште ғой» деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз бала тәрбиесі жолына 33 жылдан астам уақытын арнаған.

Смағұлова Светлана Қажкенқызы 1964 жылы 17 шілдеде Қапал ауданынының Қоңыр ауылында дүниеге келген. Өзінің жүрек қалауымен Талдықорған педогогикалық университетінің мектепке дейінгі педогогика және психология факультетіне 1992 жылы түседі. Өзінің ұстаздық жолға келгенін Светлана Смағұлова әжесінен алған тәрбиесімен, кітапқа деген бала кездегі құмарлығымен байланыстырады. Кейіпкеріміз өзінің кітапты, бала күнінен сүйіп оқығанын, тіпті 4 сыныпта әжесіне Макаренконың ата- аналарға арналған кітабын оқып беретінін бүгінде үлкен таңданыспен, әрі күле отырып еске алды. Иә, Светлана апай мектеп қабырғасында жүрген шағында қазақтың үлкен классиктері Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Ілияс Есенберлиннің, Әди Шәріповтың тағы да көптеген ірі тұлғалардың бәрінің дерлік шығармаларын оқып шыққан. Әрине бұл шығармалардың үлкен салмақты туындылар екенін ескерсек, бала Светлананың талабына таң қалмасыңа шара жоқ.

Ұлтын, дәстүрін, салтын сүйетін Светлана Қажкенқызы қазақ тілінің жанашыры. Ұлтының тілін дамытуда, оның өркендеп өсуі жолында барлық күш жігерін аянбай арнап келеді. Тілін шексіз сүйетін ол балабақшадағы кішкене бүлдіршіндерге ана тіліміздің құндылықтарын дәріптеп, тілді сүюге, құрметтеуге, басқа ұлт балаларына қазақша тіл сындыруға баулудан әсте жалыққан емес. Ол облыс көлемінде өткізілетін шаралардың бәріне дерлік ат салысып, кештерді жүргізіп, бел ортасында жүреді. Қалалық, облыстық шара- байқаулардың ұйымдастырушысы да осы Светлана апай. 2003 жылдан бастап қалалық «Сүйкімді ару» байқауының жүргізушісі, «Күн мен Қыран құс» музыкалық қойылымы және мектеп жасына дейінгі балаларға арналған әндер аудармасының, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мерекелер мен ертеңгіліктермен өлеңдер жинағының авторы. 2002 жылдан С.А.Назарбаеваның ресми түрде мақұлданып енгізілген эксперименттік іс –тәжірбие алаңында « Өзін –өзі тану» бағдарламасының белді мүшесі. Светлана ұстаздың ұстаздық тәжірбиесінен туындаған бірнеше танымдық сабақтары, әдіс- құралдары бар. Ол өзінің үздіксіз ізденісінен туындаған еңбектерін, бала оқытудағы түйген еңбектерін әріптестірімен бөлісіп, ұстаздар қауымының ортақ қазанына салып келеді. Оның облыстық «Атамекен-Ай» журналында 2009 жылы « Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» , «Балабақшада қазақ тілін оқытуды «Өзін –өзі тану» сабағымен аралас өткізу атты мақаласы Алматы облысы балалардың құқықтарын қорғау департаменті басып шығарған «Оқу тәрбие үрдісіндегі пән аралық байланыс» жинағында басылып шықты. 2012 жылы «Балабақшада мемлекеттік тілді оқыту барысында қазақ халқының қолданбалы қол өнерімен таныстыру» атты мақаласы Талдықорған қаласы білім бөлімінің ғылыми- әдістемелік кабинеті ұсынған «Ұстаз ұлттың тірегі» атты жинақта және «Атамекен-Ай» журналында жарық көрді.

-Сіз қазақ тілінің жанашырысыз. Тәуелсіздік алғанымызға 22 жылдан астам уақыт өтсе де тіл мәртебесін айтып, дабыл қағудамыз. Бірақ, оның жемісі де шамалы. Айтыңызшы , бүгінгі қазақ тілінің деңгейін көтеру үшін қандай шара қолдану керек деп ойлайсыз?

- Иә, қазақ тілінің мәртебесін көтеру керек деп айтып келе жатқанымызға да 22 жылдан астам уақыт өтті. Бұл аз уақыт емес екенін ескерсек, тіл мәселесін әлі шеше алмай жүргеніміздің өзі ұят нәрсе. Біз сияқты КСРО ның құрамында болған 15 мемлекеттің ешқайсында бүгінде ана тіл мәселесі жоқ. Ал біздің етегімізді жия алмай жатқанымыз ащы да болса шындық. Қазақ тілі өзіне лайық деңгейде болуы үшін алдымен қажеттілік керек деп мен өзім ойлаймын. Себебі, талап бар жерде үнемі нәтиже болады. Ал, бізде қалай айтудай ақ айтамыз, бірақ , дұрыс талап етпейміз. Осы табанды талаптың жоқтығынан қазақ тілі өзіне лайық дәрежеге жеткен жоқ.

- Мысалға айтар болсақ, қарпайым банкомат жәшігінің алдынан да қазақ тілді қызметті таңдаған қазақты көрмейміз. Бұл, мүмкін ұсақ- түйек болып көрінер, бірақ мәселенің мәні де осыдан басталмай ма?

- Иә, шынымен де банкомат жәшігінен қазақша қызметті таңдап, тұтынған жанды өкінішке қарай көзіміз әлі шалмады. Ия, барлық нәрсе осындай ұсақ- түйектен басталатынын ескерсек, бұған бей- жай қарауға болмайды. Сондай-ақ, дүкенде болсын, қоғамдық көліктерде болсын қажеттілік болып, қазақ тілінде сөйлеу немесе қызмет көрсету талап етілсе, қазақ тілінің хәлі әлдеқайда жақсы болар еді. Елбасы қазақ тілі мәртебесін көтеруді жарлық етті ма ,болды жылдар бойы, тіл мәселесін көтеру керек деп айта бермей, соны іс жүзінде дәлелдеу, орындау керек. Адамдарға көрсетілетін ұсақ қызмет түрлерінен бастап, кіріс- шығыс құжаттарын толтыруда осы заңдылықтар, талаптар орындалса, ана тіліміз өз тұғырында болар еді деп ойлаймын.

- Бүгінгі білім стандартының тәжірбиелі ұстаз ретінде көңіліңізден шықпайтын тұстары бар ма?

- Қазіргі кездегі жалпыға міндетті білім стандартында бітпейтін қағаз жазу, преспективтік жоспар, циклограмма, индикатор деген педогогтың бала тәрбиесінен айналысқаннан гөрі уақытының басым бөлігін қамтитын шаруалары басым. Осы индикатордың биылғы жылы 7 қосымшамшасы тағы бар. Сонда тәрбиеші қай уақытта балалармен ойнап, қай уақытта бүлдіршін тәрбиесімен айналысады?! Міне, осындай стандарттың екінші кемшілік жағын да қарастырса.

- Светлана апай, балабақша бүлдіршіндерімен жұмыс істеу қиын емес па?

- Бала деген губка секілді. Олар үлкендер не айтса соның бәрін бойларына сіңіріп алады. Періштедей көңілдері пәк балдырғандармен жұмыс істеген маған өте ұнайды. Сәбилердің риясыз күлген күлкісі мен таза ниеттері маған шаршағанды ұмыттырады. Олардың бал тілдерін қызықтап өткізген әрбір сабақ кезінде мен уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де байқамаймын. Балаға өзім үйретіп, жаттатқан әрбір сөзді ертең сол бала маған айна-қатесіз қайталап айтып тұрғанын естігенде өз ісімнен рахат тауып, еңбегімнің еш кетпегеніне қуанамын.

- Баланың өзіне деген махаббатына қол жеткізу үшін педогогтың бойында қандай қасиеттер болуы шарт?

- Педогог ең алдымен баланың жан –дүниесін түсінетін жақсы психолог болуы керек. Оларды шынай жақсы көруің ең маңызды. Себебі, баланың өзі бір психолог. Ол үлкендердің өзіне қалай қарайтынын, қаншалықты жақсы көретінін бәрін- бәрін сезіп, біліп тұрады. Өз ісін, мамандығын сүйетін ұстаз қашанда бала махаббатына бөлене алады.

- Мұғалім деген ұлы есімнің мәртебесі түсіп кетуіне кінәні қайдан, кімнен іздейміз?

- Ұстаз мәртебесінің түсіп кетуіне алдымен кінәні қоғамнан іздеуіміз керек. Бүгін біз демократияда өмір сүріп жатырмыз, әркім өз ойын айтуға құқылы деп жатамыз. Бірақ, адамдардың ойын ашық айтатын да, айтуға болмайтын да кезі бар. Біз оны көбіне естен шығарып жатамыз. Мысалы біздің қалада «Вечерка» деген қоғамдық саяси газет барын баршамыз білеміз. Бұл газет көбіне адамдардың психологиясына өз әсерін беріп жатады. Оның бетінен «сен өз ойыңды айтуға құқылысың» немесе, ата- аналар өз құқығыңызды, балаңыздың құқығын қорғауға хақыңыз бар деген сияқты құлақтандыруларды көзіміз шалып жатады. Оны оқыған көпшілік арасында кері, жаңсақ пікірдің қалыптасатыны шындық. Кейбір ата - аналардың арасында өз баласының құқығын қорғағысы келетіндер табылып жатады. Осыдан келіп ата-аналар балаларынан саған бүгін ұстазың не деді?не айтты? деген сияқты сұрақтар қойып, бала көңіліндегі мұғалімнің есіміне селкеу түсіріп жатқанын өзі де байқамай жатады.

- Сөз соңында «Білім шапағаты» газетіне айтар ұсыныс- тілегіңіз болса...

- «Білім шапағаты» газеті ұстаздар қауымына дер кезінде келді. Осы басылым арқылы біз республика көлемінде ұстаздармен тәжірбие алмасамыз, өзімізге қажетімізді аламыз. Мына түрлі бұқаралық ақпараттар дамып жатқан бақталас дәуірде қоғамнан өз орнын ала білген «Білім шапағаты» газеттің ұжымына табыс тілеп, осылай халықтың алғысына бөленіп, құлаштарын кеңінен жая берсін демекпін!

Светлана Смағұлова ортасына сыйлы, ұжымына құрметті жан. Оның үздіксіз ізденісі назардан да тыс қалған емес. Ол бірнеше мақтау қағазы мен алғас хаттарының иегері. Ол 2010 жылы Алматы облыстық тілдер дамыту жөніндегі басқарманың «Балапан» бағдарламасы аясындағы «Балдырғандар үшін қазақ тілі» байқауының жүлделі орынын иеленді. Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісімбасқармасының ұйымдастыруымен өткен «Мен қазақша сөйлеймін» атты байқауға қатысып №42 балабақша 1 орынды жеңіп алды. Әріптестерінің ортасында өзіндік орны бар сыйлы жан сонымен қатар аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже.

«Адам өз өмірінің суретшісі, ол өмірді сырлап бояуға, оны әшекейлеп өрнектеуге еңбек етеді» деген ұлылырдың сөзі бар. Өз өмірімен қатар балалардың болашақ ғұмыры үшін барын салып жүрген Светлана Қажкенқызындай еңбекқор, анаға да ұстазға да тән ізгілік қасиеттердің бәрін бойына жия білген ұстаздың ұлылығына риза болдық. Ертеңгі ел болашағы бүлдіршіндерді тәрбиелеудегі ұстаздық жолына жеміс тілейміз. Осындай тәрбиешісі, ұстазы бар балалардың болашағы жарқын, көкжиек танымы кең болатынына зор сенімдеміз.

Автор:
Динара АУЖАНОВА , өз тілшіміз dinara.aujanova@mail.ru