Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖАҚСЫ ҰСТАЗ-ЖАН АЗЫҒЫ


29 августа 2013, 09:02 | 1 452 просмотра



Мұғалім – ұстазысың балалардың,

Болашақ ғалымдардың, даналардың.

Өмірде сенің алар орыныңды,

Бірі де жеткізе алмас бағалардың.

«Ұстаз» ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы» - деп ақын жырлағандай, ұстаз болу-өте жауапты мамандық. Ең күрделі ғылым – Адам болу ғылымынан дәріс беріп жүрген мамандық иесі, сөзі маржан, үні ән ұлағатты ұстаз.Ұстаз бойындағы барлық игі қасиетін шәкіртіне дарытуға тырысып еңбек етеді. Осы еңбегінде ол ешнәрсемен санаспайды. Өз ісіне берілген,жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаздар туралы «Жақсы ұстаз-жан азығы» демеске неге. Осындай абзал жанды ұстаздың бірі- «Көкөзек орта мектеп Бірлік бастауыш мектебімен» мемлекеттік мекемесінде бастауыш сынып мұғалімі Рысқұлбекова Алма Жалелқызы.

Алма 1968жылы 11 қарашада Ақсеңгір совхозыңның Жайсан бөлімшесінде қарапайым шаруа жанұясында дүниеге келген. Кішкентай кезінен оқуға зерек , білімге деген талпынысы жоғары ,асқақ арманмен Есік қаласындағы педагогикалық училищесін 1988 жылы бітіріп қолына диплом алысымен ұрпақ тәрбиелеу ісіне араласып кетеді .Күрті ауданындағы Андреев (қазіргі кезде Тоқаш Бокин) атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысын бастады. 1992 жылда жанұя жағдайымен өз ауылында аға пионервожатый онан соң бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысын жалғастырды. 1992 жылының қаңтар айынан Көкөзек орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысын істеп жүр. 2005 жылы Алма апай Қазақ Мемлекеттік педагогикалық қыздар институтын да осы мамандық бойынша білімін жоғарлатты.

«Жаста берген тәрбие жас шыбықты игендей»- деген дана халқымыз Алманың бойындағы адамгершілік, ибалық, қарапайымдылық мінезін ерекше айтуға болады. Одан басқа өзіне де, өзгеге де сын көзбен қарап, талап қоя білетін білімді ұстаз сабағының мазмұнды, тартымды өтуіне көңіл бөліп, қадағалап отырады.

Табан тіреп төзгенсің қанша ауырға

Тарап демде кетеді шаршауың да

Бал-бұл жанған балғын жүз, жәудір көздер

Тұрғанында солардың қоршауында- дегендей Алма апайдаң тәлім-тәрбие алған шәкірттері жоғары сыныптарға барғанда да өз апайына сын сөздер келтірмейді. Жақсы оқып, істеген істеріне жауапты болады. Шәкірттердің сапалы біліммен қоса саналы тиәрбиесіне мән беріп «Оқу мен тәрбие егіз»деген қағиданы берік ұстаған Алма апайдың сынып оқушыларымен өткізетін іс-шаралары тәрбиелік мәні зор, оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, білімді, еңбекқор, шығармашыл, саналы тұлға өсіруге жанын аямай тер төгуде.Оған дәлел болатын «Рәміздерім- мақтанышым», «Отаным деп соғады жүрегім», «Кітап-асыл қазына», «Ардақтайық ананы», т.с.с тәрбие сағаттары, кездесу, сынып сағаттары түрлі әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдана отырып әр іс-шарасын тартымды, қызықты, маңызды етіп өткізеді. Алма апай мектептегі барлық қоғамдық жұмыстарға ат салысып жүреді. Ұстаздық өмір жолында өткізіп жүрген әрбір сағаты, әрбір күні өміріндегі естен кетпес сәттері. Білім мен тәрбиеге сіңірген еңбегі ескерусіз қалмады. Ұстаздың мектепішілік, аудан білім басшыларынан алған алғыс хаттарымен, мадақтау грамоталары қаншама.

Алма апай тек ұстаз ғана емес ол сүйікті жар, ізетті келін, ардақты ана. Жан жолдасы Нұрқали екеуі дүниеге Мақсат, Дінмұхамед, Мерей сынды алтын балаларын әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкен ұлы Мақсат өз мектебін жақсы бітіріп , ҰБТ- ен сүрінбей өтіп қазіргі танда Алматы қаласындағы «Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты» 2 курс курсанты Дінмұхамед болса 11-сынып оқушысы, мектеп мақтанышы, кішкентай бүлдіршін қызы Мерей мектеп табалдырығын аттап, әліппесін ұстайды.

Ұстаз жолы ұлы жолы басқадан,

Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған

Шаршаса да осы жолдың бойында,

Қандай жақсы шын бақытын тапса адам.-

- дей отырып Алма Жалелқызы Рысқұлбековаға тек табыстар тілейміз!

Автор:
Динаш БИСАЕВА «Көкөзек орта мектеп Бірлік бастауыш мектебімен» м.м директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жамбыл ауданы.