Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА ХАЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ ҮЛГІЛЕРІН ОҚЫТУ


29 августа 2013, 09:03 | 1 945 просмотров



Мектептің бастауыш сатысында оқушыларды тәрбиелеу мәселесі ең негізгі талаптардың бірінен саналады. Қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің барлығы дерлік балаға өмір танытарлық қызмет атқарары сөзсіз. Баланы тәрбиелеу ісіне қажетті барлық мүмкіндіктер ауыз әдебиеті үлгілерінен табылады. Сол арқылы бала халықтық шығармаларды оқып-танысу барысында адамгершілік асыл қасиеттердің адамды арман-мұратына жеткізетініне, ал жаман қылық, жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшырататынына көз жеткізеді.

М.Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерінің баланың психологиясына тигізер әсер-ықпалына терең мән береді. Қазақтың бесік жырының баланың есту сезіміне, ертегілердің ақыл-ойына, мінез-құлқына, тілін, қиялын дамытуға тигізетін әсерін дәйектеп көрсеткен. Мысалы ертегінің бала дамуындағы маңызы туралы былай дейді: «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей. Егер сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігінен қор болғанын, зиян көргенін суреттеп алып келсең, міне, бала өтірік айтпау керек екендігін сонда ұғады. Бесік жыры. «Бесік жырын» оқыту барысында бесік жырының мән-мағынасына, тәрбиелік әсеріне көп көңіл аударылады. Мәселен, бесік жырының әр шумағын мәтіннен тауып оқыта отырып, төмендегі сұрақтар қойылады:

-Бесік жырында анасы сәбиін қандай сөздер айтып жұбатады?(1-2 шумақта)

-Анасы сәбиін қандай бала болса дейді?(3-шумақта).

Арнау – тілек өлеңдері. Арнау – тілек өлеңдері балалардың дүниетанымын кеңейтеді; шығармашылыққа жетелейді; қоршаған ортаға адамгершілік, ізгілік қатынастарын қалыптастырып, экологиялық мәдениетін дамытады. Санамақтар. « Санамақ» өлеңі балаларды санауға үйрету мақсатында шығарылған. Мұндағы «бірім-бір», «екім-екі» деп қайта-қайта қайталануы баланың сандарды, олардың аталуын еске сақтау қабілетін арттырады. Өлеңнің мазмұны одан әрі тереңдей түсіп, «бір дегенім-білеу», «екі дегенім-егеу», -әр санды бір сөзге балап айтады. Осында айтылған сөздердің бәрі тұрмысқа қатысы бар заттардың, құрал-бұйымдардың атаулары. Сондықтан олардың мағынасы түсіндіріліп, сөздік жұмысы жүргізіледі.

Төрт түлік жырлары. Ауыз әдебиетінде төрт түлікке маңызды орын берілген. Төрт түлікке байланысты өлең, жыр, жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдердің білімдік, танымдық, тәрбиелік мәні өте зор. Бұл жырларды оқытуда мына мәселелерге айырықша назар аударылады:

1) Төрт түлік туралы түсінік.

2) Мал төлдерінің атаулары.

Жаңылтпаш. Жаңылтпаштар-балаларға арналған ойнақы да қызықты жанр. Тіліміздегі қиын айтылатын дыбыстар мен сөздерден, сөз тіркестерінен тұратын жаңылтпаш жанры бала тілін ұстартуға жаттықтыратын таптырмас құрал. Әсіресе жаңылтпаштар жас балалардың тілі келе бермейтін р, ш, с, қ дыбыстарын дұрыс, анық айтуға; сондай-ақ ш-с, з-с, а-ә , о-ө,ұ-ү, ы-і, қ-ғ, к-г,н-ң дыбыстары бар сөздерді алмастырмауға; кейбір дыбысталуы ұқсас, мағынасы әр басқа сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс айтуға үйретеді.

Жұмбақтар. Жұмбақтар балалардың ойын өсіріп, танымын кеңейтумен қатар тілін де дамытады. Жұмбақтың шешуін айту кезінде балалар сипаттау, пайымдау, дәлелдеу тәсілдерін үйренеді. Өз ойын дұрыс, дәлме-дәл, нақты, керекті сөздермен жеткізуге тырысады. Жұмбақтың шешуін сипаттау тілімен айтқан кезде нәрсенің (заттың) түрін, түсін, көлемін, дәмін, салмағын және т.б. білдіретін сөздерді пайдаланады. Пайымдау тілімен айтқан кезде егер де, сондықтан да, сол себепті, солай болғанда, яғни және т.б. сөздерді қолданады. Дәлелдеп айтқан кезде біріншіден, екіншіден, үшіншіден, тағы да және т.б. сөздермен ойын реттеп, тәртіптеп, жіктеп жеткізеді.

Мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдермен жұмыс жүргізу баланың ойлануын және қиялын қарыштатады, сезімдерін сергітеді. Халықтың ой топшалуына, сөз зергерлігіне сергектікпен қарауға, оның мағынасына мән беруге үйретеді. Мақал-мәтелдер баланы нақты ойлауға, сөздің астарлы мағынасын терең түсіне білуге жетелейді.

Мақал-мәтелдермен оқушылар 1-сыныпта-ақ таныса бастайды. Оқушыларға 1-сыныпта мақал-мәтелдерді оқыту кезінде мына мәселелерді назарда ұстаудың тиімділігі мол болды:

1) Мақал-мәтелдер туралы жалпы түсінік беру.

2) Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасын түсінуге жағдай жасау.

Батырлар жыры. Батырлар жырында ел қорғау жолындағы батырлардың ерлік-істері жырланатындықтан, оның шәкірттердің бойына елжандылық, Отансүйгіштік, ар-намыс, батылдық, адалдық, сөзге беріктік тәрізді қасиеттерді дарытуда рөлі ерекше.

Автор:
Айнұр АНСАБАЕВА № 12 омг бастауыш сынып мұғалімі, Талдықорған қаласы