Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ҒЫЛЫМ ТУРАЛЫ» ЗАҢДЫ ОҚЫМАҒАН ҒАЛЫМДАР БАР


29 августа 2013, 09:05 | 1 252 просмотра



Бар ғұмырын ғылымға арнаған ғалымдардың арасында «Ғылым туралы» заңды оқымағандары бар екен. Олар заңмен таныс болмағандықтан, министрлік жобама қаржы бөлмей жатыр деген шағыммен Мемлекет басшысын маңайлауды әдетке айналдырыпты. Ал жоғары оқу орындарын ғылыммен айналысуға құлықсыз ректорлар басқарып отыр.

Әрине, соңғы жылдары Қазақстан ғылымында жүрген түбегейлі жүйелік өзгерістерді ешкім жоққа шығармайды. «Ғылым туралы» жаңа заң күшіне енгелі бері ғылымды басқару мен ғылымды қаржыландырудың жаңа тетіктері жүзеге аса бастады. Заңда қарастырылған барлық құрылымдар, яғни бес ұлттық ғылыми кеңес, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы қалыптасты. Ғылыми жобаларға халықаралық сараптама жүргізіле бастады. Яғни ғылыми жобаны отандық сарапшылармен қоса, шетелдік ғалымдар да сараптаудан өткізеді. Бұл ғылыми жобалардың сапасын көтереді деген үміт бар. Міне осылай, сараптаудың нәтижесінде 6593 жобаның 32 пайызы ғана сараптаудан өтіпті. Халықаралық сараптаманы өткізу үшін тартылған 2990 ғалымның 1759-ы шетелден шақырылған. 59 елден келген олардың басым бөлігі Америка мен Батыс Еуропадан екен.

«Осылайша, бүгінде тәуелсіз сараптама құрдық деп айтуға болады. Осы сараптаманың негізінде қаржыландыру мәселесі шешілді. Тәуелсіз сараптама жүйесі ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысын сапалы бағалауға мүмкіндік берді. Сараптама нәтижесі бойынша 60 жобаға өте жоғары баға берілді. Ал 93 ғылыми жоба мақұлданбады, сондықтан оларды қаржыландыру биыл тоқтатылды» деді Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынханов.

Осы жобалар бойынша өте төмен ұпай алған ғылыми ұйымдар бар. Олардың қатарында Алматы энергетика және байланыс университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақ егін шаруашылығы институты бар. Өтпей қалған жобаларға қойылатын басты кінә жобаның ғылыми жаңалығы жоқ, тиісті талап бойынша ғылыми мақалалар жарияланбаған. Ал енді кейбір жобалар бұған дейін қорғалып қойған жұмыстар. Яғни плагиаттық дүние. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында министрлік плагиатпен күресудің жаңа стандарттарын әзірлеуде. Айтуынша, ол стандарттар ғылыми-зерттеулерді жүзеге асырудың барлық кезеңінде пайдаланылмақ.

«Гранттық жобаларды орындаған кезде плагиат жүйесі және өзге де көптеген мәселелер туындайтынын көріп жүрміз. Осындай құбылыспен күрес жүргізу үшін зерттеушілік қызметті этикалық реттеу стандарттарын әзірлеп жатырмыз. Осы стандарттарды бұзатын барлық жұмыстар тоқтатылады» деген М.Орынханов докторантураны ғылыми әлеуеті бар жоғары оқу орындарына ғана орналастыруды ұсынды. Себебі осы жылы докторантураға 500 мемлекеттік тапсырыс болған. Оған 2 мыңнан астам адам құжат тапсырған. Алайда, құжат тапсырғандардың 70 пайызы халықаралық деңгейде жұмыс істеуге қабілетсіз болып шығыпты.

«Біз докторантураны белгілі бір ғылыми әлеуеті бар жоғары оқу орындарына орналастырамыз. Егер ғылыми әлеуеті жеткіліксіз болса, «Болашақ» бағдарламасын пайдалануды ұсынамыз» деді вице-министр.

Орынхановтың баяндамасынан кейін залдан ғылыми жобаларға бөлінетін қаржыға қатысты сауал қойылды. Бір жобаға бөлінген қаржы екінші жобаға бөлінген қаржыдан 10 есе көп болатыны айтылды. Осы тұста сөзге араласқан Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ғалымдардың көбісінің «Ғылым туралы» заңды оқымағанына қынжылды.

«Ғалымдардың көбісі елдің Президентіне дейін барып, министр қаржы бөлмейді немесе қажетті көлемде бермейді деп айтып жатады. Бірақ бұл кісілер «Ғылым туралы» заңды оқымаған. Нақты жобаны қаржыландыруға министрліктің еш қатысы жоқ. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды ғылыми кеңес пен халықаралық сарапшылардың қарауына бергенбіз. Дәл осы кеңес қаржыландыру көлемі мен жұмыс сапасын айқындайды. Осы орайда ғылыми кеңестердің шешімі заңға сәйкес міндетті болып саналады» деді министр.

Министрдің айтуынша, ректорлар ғылыммен айналысқысы келмейді. «Соның салдарынан олар ғылыми-зерттеу институттарынан алшақтайды. Бұл құпия емес» деді ол. Министрдің сөзін орынбасары Мұрат Орынханов та қуаттады. Оның айтуынша, ЖОО ректорлары ғылыми кадрларды даярлауда нақты айқындалған саясатты жүргізбей отыр.

Ал өз кезегінде сөз алған Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Айтар болсақ, енді ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындар ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыруға міндеттеледі. «Квазимемлекеттік субъектілер үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландырудың минималдық үлесі бойынша талаптар бекітіледі. Яғни квазимемлекеттік және ұлттық компаниялар бұл бағдарламаларды міндетті түрде қаржыландыруы тиіс» деді вице-министр.

Оның айтуына қарағанда, зерттеулерді қаржыландыруға мемлекет қатысатын болса, бизнес ғылымның ұсыныстарын қарастыруға дайын. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қазіргі уақытта технологиялық бағдарламалар үшін гранттың жаңа түрін енгізуді қарастыруда екен. Ал оны жүзеге асыру 2014 жылы басталады. Яғни ғылым бизнестен тәжірибелік полигон мен жаңа қондырғылар алады, ал бизнес өндірісте жұмыс істейтін ғылыммен тұрақты байланыста болады. Мемлекет жаңа технологиялар мен кадрларға ие болады. Енді осы мүмкіндікті ғалымдарымыз бен ғылыми ұйымдарымыз тиімді пайдаланса деңіз.

Автор:
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана