Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қайғы жамылған Қызылағаш...


18 марта 2010, 16:36 | 3 287 просмотров



Қалай деп сөз бастасақ болар екен?!.

«Қуармай солған көкөрім,

Қазасы ауыр бұл өлім!..»

Данышпан Шәкәрім Құдайбердіұлы Еңлік пен Кебектің өліміне дәл осылай деп толғанған. Иә, бұл екі «көкөрімнің» өлімі қатаң қағиданың үкімінен болған еді ғой. Ал, мына өлімнің үкімін кімнің шығарғанын тура дөп басып айту қиын. Алладан дейін десең, оның астында адамның қолымен жасалған өлімге әкеліп соқтыратын себептер жатыр. Тура адамнан болды дейін десең, тікелей Алланың тарапынан болатын табиғи құбылыстың салдары болғаны да анық. Және де, «Ей, адамзат сақтансаң, сақтаймын!», - деп ескертеді Ұлы Алла! Не десек те, ай мен күннің аманында, бейбіт жатқан бір ауыл жермен-жексен болды...

Құлақ ұрған тыныштық, ана жер, мына жерде қалқиып тұрған бірлі-жарым үйдің бой көрсетіп, қираған қабырға, опырылған ағаш, өлген мал, бүлінген мүлік, үйілген мұз бен топырақ, қыбырлаған жәндікті – бұл жерде кеше ғана түтінін тұтатып, тірлігін жасап жатқан ауылдың белгісі демесең, айтарға қиын!.. Сол бір апатты түннен бері бұл жерде құтқарушылар мен дәрігерлер күні-түні жұмыс жасап, самсаған техниканың көмегімен қайта жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жасалып жатыр. Көкте шырылдаған «шегіртке» ұшақ пен жер қопарған алып техникаларда да тыным жоқ. Бірақ, соның бәрінің әшейінде құлақ құрышын жарып жіберетін гүрілінің де үні тынып қалғандай. Олардың не жасап жүргенін қозғалысынан байқамасаң, былайғы дауысын ести алмайсың. Аспанды да бір зіл батпан басып алғандай. Ауыр!.. Иә, ауыр апат, ауыр өлім!..

- Қалайсыз апай, қазір қай жеріңіз ауырып жатыр?, - деп сөз бастадық, дала қосының жан сақтау бөлімінде ем қабылдап жатқан кейуанамен имене тілдесіп,

- Жақсы, - дейді, сөзі әзер естіліп. - Жақсы балам, жақсымын, дәрігерлер дәрісін беріп, қарап жатыр... Мұндайда дүниенің ең төзімді жаратылысы – қазақ аналарының сабырлылығына, көмпістігіне, қанағатшыл, кең пейіліне қалай қайран қалмайсың?!

- Басымның ауырғаны басылмайды.

- Атыңыз кім?

- Наурызхан, әкем аты Құмар деген кісі, Қытайдан келген оралманмын.

- Мұнда қашан түстіңіз?

- Осы жаңа ғана.

- Бала-шағаларыңыз аман-есен ғой?

- Аман. Менің өзімнің үйім ана жақта.

- Жақсы, адамдарыңыз аман болсын!

- Күйеуіңіз, күйеуіңіздің бауырлары туралы жаңағы маған айтқандарыңызды айтып бермейсіз бе? (Бұл – медбике қыздың сөзі!)

- Күйеуімнің апасының баласының ұзат-

қан қызы (осылай сөз саптап жатқан ананың денсаулығының қаншалықты екенін бағамдай беріңіз! Ж.Х), күйеуі, екі баласы, ішінде бір баласы бес адам осы апатта кетті. Соған келгенбіз. Қордайдан келдік. Сонан бір баласының сүйегі табылмай қойып еді, мына жерден тауып еді, соны бермей жатыр. Кеше папасын, шешесін екі баласымен жерлеп еді, мына бір баласының сүйегін бермей жатыр.

- Оны кім бермей жатыр?

- Мілисалар дейді ғой, білмеймін ғой, мен!..

- Сол жаңағы қайтыс болған атамыздың келіні мен бір сіңілісі баласын алып, кетпек болған екен, «Сендер қайда барасыңдар, апат болмайды, өтірік, еш қайда кетпеңдер» деп жібермей қойыпты.

- Кім ол?

- Осы жердің әкімі ғой. Сонан әкім кеткеннен кейін, сіңілісі бір баласын алып, ұрланып жолға шығып, машинаға отырып, Талдықорғанға кетіп қалып, аман қалыпты.

- Қай кезде?

- Сол түннің он екі сағаты ғой, деймін.

- Жақсы, рахмет, сізді қиналтпайық апа!..

Бұл біздің Қызылағашта апат болғаннан кейінгі төртінші күні сондағы адамдармен жүздескендегі үшінші адаммен, жасаған сұхбатымыз.

Апат болған күннің ертеңінде министр В.Божконың «Дүйсенбіге дейін көпір жасалады» деген уәдесі орындала қоймапты, өзеннің екі жағында қалған адамдар бір-біріне жете алмай жүр.

- Ана адамдар арғы бетте неге жүр?

- Бері өткізбей жатыр ғой. Кеше адам жерлеуге келген адамдар.

- Неге өткізбейді?

- Білмейміз ғой! Бізде не кінә бар?! Оралманбыз. Еліміз, жеріміз деп келдік. Мұндай күйде болайық дегеніміз жоқ қой!, - дейді, және бір оралман ана мұңын шағып.

- Арғы беттегі үшінші бөлімшенің де біраз үйлерін су шайып кеткен. Кеше адам жерлеуге қалқыма көпір арқылы қатынап барған адамдар бүгін бері өте алмай жүр,- дейді, бір топ ауылдық азаматтар. Бұлардың арасында да бес-алты адамынан айрылған жандар бар екен.

- Айта-айта болдық қой, келген журналистердің барлығы өтірік ақпарат береді,- дейді, олардың бірі бізге сенімсіздік танытып.

- Шын болса, халықты обалды қылып кеткен екен?

- Қалай?

- Су келетінін біліп, ел үй-қорасын тастап кетпек болған ғой. Ауыл басшылары оларға, сендер олай дүрлікпеңдер. Мал-мүліктеріңді кім қарайды, ұрлап кетеді, «Су басады деген әшейін әңгіме», - деп қозғалт-

пай қойған ғой.

- Отыз адам өлді дегені де өтірік, - дейді, келесі бір жігіт әңгімеге араласып,

- Бұлардан әріректе тағы бір топ әйел топтасып тұр екен:

- Алтайдан келген көршіміздің үйінің төрт бірдей адамын іздеп таппай жатыр. Міне, көріп тұрсыздар ғой, адам түгілі үйлерді де, тып-типыл қылып кеткен. Жан қала ма? Бұдан не жан қалады?

- Мұндайда сүйектері табылса да тәубе ғой?

- Айтпа, тәубе ғой, тәубе! Әйтеу, көміп қойып болса да, қарайды ғой. Міне, мына бергі жағында тұрған адамның ағасының бала-шағасы түгелімен кеткен...

Осы әңгімелерден кейін біз ауылдық екі жігітті жолшылыққа алып, сел орнын аралап көруге бел байладық. Үйлердің көбісінің тағаны ғана қалған. Бүтін үй атаулы жоқ. Көмілген машина... аунаған трактор... өлген мал... шашылған дүние-мүлік, ағаш басына ілінген киім-кешек, шөп-шалам... бөгеннен бергіні жайпап келіп, ана жер, мына жерге тоқтаған ұңғысы үйдей трубалар...

Ішінде екі бірдей сиыр өліп жатқан қираған қораның тұсында бір әйел жүр екен, бұрылып барып әңгімелестік.

- Көріп тұрсыздар, айтар сөз жоқ. Біздің Қызылағаш халқына төнген бір зауал болды. Әйтеуір басымыз аман, енді кейбір адамдар қалып, қаза болды.

- Сіздер қашып құтылдыңыздар ғой?

- Мен немеремді алып, қашып шығып, Талдықорғанға барып, аман қалдым.

- Күйеуіңіз де қашып шықты ғой?

- Жоқ, ол үйде қалған, әйтеуір, аман қалыпты.

- О, Құдірет, ол кісі сонда қалай аман қалған?

- Білмеймін, Құдай сақтаған ғой! Үйге су тола бастағанда, есікті ашып жіберіп, суды шығарып, аман қалдым,- дейді. Әне, өзі де келе жатыр, осы кісі.

Жартылай қираған үйдің арғы жағынан жайлана басып, бір ер келе жатты. Батпақтата барып, сәлем бердік. Есімі Қуаныш деген азамат, сақшы қызметінде жүріп зейнетке шыққан екен. Мінезі де ауыр, сен тимесең, мен тимен дейтіндей нағыз қазақтың өзі.

- О, кәнеки, адам сенгісіз нәрсе, есігіңіздің алдындағы сиырыңыздың өзі тырп ете алмағанда, сіз қалай аман құтылдыңыз? – дедік, таныса бере таңданып.

- Диванда ұйықтап жатқанмын. Ояна келсем, үйге су толып барады екен, атып тұрып, есікті ашып жібердім. Су кетті, сарылдап ағып...

- Көп уақыт ақты ма?

- Где, то 10 минуттай уақыт болды-ау...

- Үйіңіз қалай құламай қалған, сапалы үй болған ғой, шамасы?

- Иә, сапалы, немістер салған ғой...

- Бір нәрсеге таң қалып тұрмын, жан-жағыңыздағы үйлердің бәрі кеткенде, қалайша, сіз жатқан бөлменің диваны да қозғалмаған?

- Иә, бәрі де Алланың қолында ғой, әйтпегенде, анандай үлкен бетондардың өзін ағызып кетіп жатқан су адамның не жанын қояды. Әйтеуір, құдай сақтады ғой!..

Міне, қадірлі оқырманым, «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі!», - демей ме, атамыз қазақ. Қай кезде, қандай жағдайда, нендей данышпан айтқанын кім білген, дәл қазір осы сөздің көрегендігіне көз жеткізіп отырмыз. Екі жағындағы көршісінің үйі де, жермен жексен болған. Ортан белінен суға малтыққан үйі де, өзі де аман қалған адам қарсы алдымызда бізбен әңгімелесіп тұр. Есіктің алдындағы сиыр қорасының жол жағын су жұлып кетіпті де, екі сиыры тұрған жерінде серейіп қалыпты. Үйдің су келген жақ терезесі сынған, үйдің іші қызыласықтан той батпақ. Ас үйдегі тоңазытқыш пен өзге бөлмедегі дүниесін топан су төңкеріп тастапты. «Мынау, 160 мың теңгелік универсальный компьютер болған ғой, оны көтер сем, ішіне су толып кетіпті», дейді әйелі, ауыл мектебінде тәрбиеші болып істейтін Мейрамгүл Қызырбекова. Біз барардан сәл бұрын ерлі-зайыпты екеуі топырақ басқан үстелдерінің бір шетін тазалап, дастархан жайып, су тимей қалған бірнеше бауырсағын қойып, дәм татыпты. Аллаға шүкіршілік еткендері болар!..

- Мына, шешен жігіт молодец, 600 адамды алып шығыпты. Кузовка толтыра тиеп, таси берген ғой,- дейді, жолшы жігітіміздің бірі, қарсыда кетіп бара жатқан ГАЗ-53 машинасын нұсқап,

- Аты кім?

- Қазыбек.

- Фамилясы?

- Ибраһим.

- Қазыбек Ибраһим деген азамат болды ғой!

- Иә, иә!..

- Мына жерлерде үйлер болмаған ба?

- Мұның бәрінде үй болған. Арықарай барлығын алып кеткен ғой!..

- Міне, мына жерлердегі қатар-қатар үйлердің де барлығын алып кеткен. Анау, жерде 200 қойы бар бір оралман жігіт болған, бір қойы қалмады. Мына тракторларды көрдіңіз бе? Қопарып кеткен ғой! Міне, мына жерде болған үй, адамдарымен бірақ кетті.

- Қанша адам еді?

- Үлкен кісі, балалары да бар болатын... Малының өзі қанша еді?!

- Ауылда мал көп пе еді?

- Әйі бір он мың шамасында болды-ау! Ірі қараның өзі қаншама...

- Әне, анау үйді көрдіңіз бе? Есігі арғы жағында болатын, іргесінен су кіріп, бері қарай бұрып тастаған!..

- Міне, мына жерде үй болған, дым жоқ қашасы ғана қалыпты, қайта арғы жағындағы үйдің жартысы қалыпты ғой!..

- Мына мұзды қара?

- Мына жерлердің астында да мұз бар ғой?

- Осы дәу мұздар ғой, жолындағының бәрін шағып, өлтіріп отырған. Мұздың бәрі бұлардан төменде, не бір дәу мұздар жатыр. Міне, мынау аурухана.

- Аман қалыпты-ау, ә?

- Иә, сапалы үй болған ғой, Сәбет одағының ең соңғы салынған құрылысы. Қазіргі халтурка үйлер болса, бұл да кетер еді ғой!..

Ауыл жұртын аралап жүргендегі біздің әңгімеміз бірыңғай осылай, «ананы қара», «мынаны қара», «болған ғой», «кеткен ғой»... деген сияқты таңданыс пен өкінішке қосақтала өріліп отырды. Таңданыс емес, қайран ету. Барды бардай, жоқты жоқтай көзбен көру. Және олардың бұрынғы қалпын білетін тірі куәлер арқылы. Солайша, ауылдың аяғынан басына дейін, екі көшені толығымен аралып шықтық. Арада төрт күн өтсе де, тазалау жұмысы бір шетінен аспаған. Қандай сұрапыл апаттың болып өткені ап-анық сайрап жатыр. Адамдар әлі де есін жия алмаған. Оны біздің сұхбатымыздағы сөзсаптастардан байқадыңыздар. Елге тоқтау айтатын. Есін жиғызып, ақылға келтіретін мықты басшы, мықты психологтардың, шариат айтып, тоқтау болатын имам, теологтардың өнімді жұмыс жүргізіп жатқаны байқалмайды. Жұртта жүрген адамдардың барлығының денсаулығын қалыпты жағдайда деп айтуға келмейді. Жұмыс жасап жатқан адамдар да...

- Аға, мына жерге ауылды қайта тұрғы зуға болмайды екен. Көрдіңіз бе, біз үйлердің ірге тасынан биік батпақтың үстімен келеміз. Бұның астында не жатқанын кім біледі? Есесіне, бұл жерге үлкен бір ескерткіш орнатса!, - дейді қасымдағы журналист қыз, үрейленіп.

Менің есіме Нагасакиге түскен бомбадан кейін, көпірдің үстінде қалған жеті адамның көлеңкесі оралды. Иә, әп-сәтте жон арқаларынан күл боп кеткен жеті адамның бейнесі сәуле жылдамдығында сол көпірде мәңгілікке қалып қоймап па еді? Бұл Қызылағаш оқиғасы да, оны көрген адамдардың есінен мәңгі өшпес-ау! Жаңағы жуналист қарындастың та көкейінде сондай сұмдықтың елесі қылаң беріп тұр...

Иә, бұл жерге дәл қазір үй тұрғызуға ерте. Күн жылынса, үйінділердің астынан не шығары әлі зерттелген жоқ. Және де, адамдардың көңілінде қалған дақты кетіру – пенденің қолынан келмейді.

Ең маңыздысы, Жапонияда болған апат адамдардың қолымен, ақыл-ойымен жасалды. Жасаушы да, оны қолданушы да, құрбан болушы да анық!.. Ал, мына оқиғада ондай нақтылық жоқ. Өйткені, бұл жерде де адам қолымен жасалған істің табы бар! Мүмкін, ол – адамдардың жанын құрбан етіп, озбыр құрылысшылдыққа баратын Социалистік құрылымнан қалған қателіктердің соңғы көрінісі болар. Немесе капитализмге аса жабайы, аса жоспарсыз қадам басуымыздың қателігі. Немесе бодандықтан құтылушы елдің бостандықты пайдалануындағы озбырлығы! Ашкөздігі!.. Немесе?!. Немесе?!. Немесе?!.

Не десек те, бұл да бір халықтың басына келген зобалаң екені АҚИҚАТ. Ал, зобалаңды беруші де, шешуші де Аллаһ тағала! Оның зауалы мен сауабы да соның қолында. Ақиқат жаза да – Сол жақта!

Жаратушы Иеміз өліге иман, тіріге береке берсін!

Автор:
Жүкел ХАМАЙ, Талдықорған-Қызылағаш-Талдықорған