Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АҚСУДЫҢ АБЫЗ АҚЫНЫ


26 октября 2013, 06:41 | 1 820 просмотров


Жуырда Ақсу ауданы Қапал ауылдық кітапханасында «Абыз даланың жалыны» атты ақын, драматург Құдаш Мұқашевтың Алматы облысы әкімінің қолдауымен « Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жарық көрген «Сөйлеп бір кетсе өткендер» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Кітапхананың оқу залы әдемі безендіріліп, ақынның сөзіне жазылған «Ақсудан ұшқан аққулар» атты әні баяу шалқып тұрды. Кешті кітапханашы кіріспе сөзбен ашып, кітаптың шығу тарихына тоқталып арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап өтті. Ауыл әкімі Жұмажан Мұхамеджанұлы Рахимджанов жиналған көпшілік қауымды құттықтап «Кітап жан азығы деген емес пе? Кітаптың жас ұрпаққа берері мол» -деп бай мұра жайлы сыр шертті. Келесі 9 «а» сынып оқушысы Қизат Нұрденнің ақынға арнаған төл туындасын нақышына келтіре оқыды. Жиналған игі жақсыларға арнап Мәдениет үйінің қызметкері Хамитов Семсердің орындауындағы Сәді Қожа серінің әні «Cары бидай» әнін орындап бір серпілтіп тастады.

Ғали Орманов атындағы орта мектебінің 10а сынып оқушысы Дауытова Жания көпшілікке ақынның өмірдерегінен сыр шертті. Келесі сөз кезегін Алматыдан арнайы келген қонақ ақынның балдызы ардагер ұстаз Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері Майра Жылқыбайқызы ақынның отбасы, балалары, немерелері туралы кеңінен әңгімелеп берді. Сарқан қаласынан келген Құдаш Мұқашевтың көзі тірі шәкірті зеинеткер Ләш Әбуғалиқызы Бисекеева «»Артыңда жырың қалды» атты өз өлеңін оқып, естелік айтты. Келесі кезекте Ғали Орманов атындағы орта мектебінің 6 «а» сынып оқушысы Гүлмира Ержанқызының орындауында, ән сабағының мұғалімі Кенжехан Рамазанұлының сүйемелдеуімен «Ақсудан ұшқан аққулар» атты өлеңін тыңдады. Есболған Жайсаңбаев атындағы орта мектебінің 7 «а» сынып оқушылары Құдаш Мұқашевтың өмірінен деректер беретін «Туған жер туралы толғау» атты дастанын жатқа айтып көрермендерді риза етті. Ақынның өлеңдерін жатқа оқыған «Жас толқын» қызығушылық клубының мүшелері Қымбат Тұрсынжан, Анар Сәпи,Уалихан Әлисаяттар кештің соңын қыздыра түсті.Ауылымыздың құрметті азаматы Елесбаев Әлмұхамед Шаяхметұлының естелігі тіпті қызықты болды. Әлтәй аға оқушы кезінде Құдаш Мұқашев Қапал педучилищесіне оқып, студент кезінде сабақ бергенін, өте сұлу, білімді кісі болғанын, және алғашқы жарын қалай кездестіріп үйленгені жайлы қызықты әнгімелеп берді. Шараның соңына қарай ақынның ет жақын туыстары Әлтәй ағаның иығына шапан жауып, ұйымдастырушы кітапханашыға алғысын білдіріп, барлық қатысушы балаларға сыйлықтар таратты. Қортынды сөзді кітапханашы Қорабаева Күләтай Хасенқызы «Қысқа ма ғұмыр, ұзақ па, күтемін кетер кезімді, адам боп келгем бұл жаққа, жыр болып жұмам көзімді» деп ақынның сөзімен түйіндеді.

Автор:
Гафур БЕКТАШЕВ, Қапал ауылы, Ақсу ауданы