26 октября 2013, 06:47 | 2 218 просмотров
Міне, күз мезгілі де келіп жетті. Мектептер мен бала-бақшаларда күзге арналған мерекелік шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр. №7 ясли-бақшасында «Алтын күз» мерекесіне арналған ертеңгіліктер, көрме, түрлі байқаулар жоспарланған. Қазанның 22,23,24 күндерінде аталған балабақшада бүлдіршіндер қатысуымен ертеңгіліктер өтті. Сондай бір ертеңгіліктің біз де куәгері болып қайттық.
«Бауырсақ» сәбилер тобының бүлдіршіндері ән айтып, би билеп қана қоймай «Шалқан» ертегісі қойылымын ұсынды. Бал тілдерімен сәбилер тақпақтар да айтты. Тәрбиешілерінің көмегімен өз өнерлерін ұсынған балалар ертеңгілікті ойнап-күліп өткізді. Сәбилердің киімдері де, көңіл күйі де мерекелік ертеңгілікке лайық болды. Топ тәрбиешілері Жүнисова Айман мен Тоқмолданова Қарлығаш апайлары сәбилермен жұмыс істеу қиындау болса да, кішкентай «бауырсақтар» ертеңгілікті ойдағыдай өткізгенін білдірді. Кішкентай өнерпаздардың көрсеткен өнерін ересек көрермендер де қызығып тамашалады.
Ирина, ата-ана: «Бұл балалардың өткізген бірінші ертеңгілігі. Бірінші ертеңгілікке өте жақсы өтті. Біздің Воваға қатты ұнады».
Кішкентай Вова «Бауырсақ» тобында жалғыз орыс баласы, ата-анасы баланы қазақша топқа 2,5 жасында беріпті. Басында қиналғанымен, Вова қазір «бала-бақшаға достарыма барамын» деп ясли-бақшаға асығады екен. «Біздің апай жақсы, менің достарым бар» -деп қазақша жауап берді бізге Вова. Оның анасы Ирина: «кішкентайынан қазақша орта тәрбиеленсе балмызға жеңіл болады, оның үстіне біздің тәрбиешілер өте жақсы, әр баланың тілін таба алады. Қазір баламыз қазақша сөйлейтін болды, бізде онымен бірге тіл үйреніп жүрміз» деді ағынан жарыла.
«Бауырсақ» тобынан басқа «Балапан», «Балбөбек», «Қарлығаш», «Күншуақ» сәбилер топтары ертеңгіліктер өткізіп, «Алтын күз» мерекесі №7 бала бақшада тамаша көңіл күймен, жақсы сезіммен аяқталды.