Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ОЙЫН – ӨМІР МЕКТЕБІ


26 октября 2013, 06:49 | 2 003 просмотра



Мектепке дейінгі мекемелерде адамгершілік тәрбиесі білім беру үрдісінде әр түрлі іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Олармен ойынның әр түрін ұйымдастыра отырып, бір-біріне деген қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, достық, жолдастық сезімдерді тәрбиелеуге болады. Ал балаларды қоршаған ортамен таныстыру, тіл дамыту, табиғатпен таныстыру, бейнелеу өнері сабақтарында өлі-тірі табиғатқа деген сүйіспеншілік, үлкендердің еңбегіне қызығу мен сыйластық сияқты адамгершілік сапалары қалыптастырылады.

Баршамызға белгілі, ойын арқылы баланың дене құрылысы жетіліп, өзі жасаған қимылына сенімі артады. Баланың бойында ойлау, тапқырлық, ұйымдастырушылық, шыдамдылық, белсенділік қасиеттер қалыптасады. Ойын дегеніміз – жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді.

Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын үстінде баланың бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығуы анық байқалады.

«Балаға керегі – ойын. Ең мағыналы пайдалы мектебі, бар қызығы – ойын. Ойында бала көрген–білгенін екшейді, үйренгенін нығайтып бекітеді». Бала тәрбиесі әр уақытта үлкен мәселе болып саналады. Әрбір қоғамның дамуына байланысты бұл мәселе әрқалай шешіліп отырған. Қазіргі жаңару кезеңінде біздің қоғамымыздың ілгерілеу процесінде адам факторы және оны жандандыру, ел өмірінің барлық жақтарын жаңарту бала тәрбиесінің мәні мен оның проблемаларын күрделендіріп отыр. Осыған байланысты тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып біліп, жан-жақты қалыптастыру.

Адамгершілік – рухани тәрбиедегі басты нысана - баланы құрметтеу. Баланың қуат қоры мол болғандықтан, оның өмірді танып білуге ұмтылысы зор екенін мойындап, соған орай баланың сезімін тәрбиелеуге, сұлулықты сезінуге, көңіл – күйін реттей білуге көмектесетін «Өзін-өзі тану» пәні болып отыр. Бұл пән болашақ ұрпақтың бойына рухани адамгершілік қайнарын сіңіріп, мінез- құлқын тәрбиелеуге, жалпы адамзаттық құндылықтарды, адамгершілік принциптер мен мұраттарды ғұмыр бойы басшылыққа алатын тұлға қалыптастыруға негізделген. Ізгілік пен сұлулықтың шын мағынасын түсінуге, шынайы мейірімділік пен ақиқатқа ұмтылуға, өз өмірін жоғары мәнмен өткізуге жетелейді.

Бала әрқашан, барлық жерде – бала. Бала үшін ойын ол өз тәжірибесін, өмір мен адамдар туралы түсініктерін тексеріп, зерделейтін эксперименттік алаң ғана емес, сонымен қатар, бала үшін ойын – үлкен әлем, үлкендер араласпайтын, ол өзі қалаған нәрсесін жасай алатын оның өзінің жеке, тәуелсіз, таңғажайып әлемі.

Мектепке дейінгі балалардың жан-жақты дамуы үшін ойынның ролі ерекше. Ойын – жалпы адамзат мәдениетінің бірегей феномені, оның қайнар көзі мен шыңы. Мәдениет феномені ретінде ойын оқытады, дамытады, тәрбиелейді, әлеуметтендіреді, көңіл көтертеді, дем алдырады, сонымен қатар, ол сықақтап, күлдіріп, кез-келген әлеуметтік мәртебенің шартты екендігін көрсетеді. Ойындардың мазмұны – адам өміріндегі таусылмайтын жағдайлар мен тақырыптар. Баланы ойын тәжірибесінен құр қалдыру – бұл баланы тек балалықтан ғана емес, сонымен қатар, дамып, жетілудің негізгі көздері: өмірде қажет болатын тәжірибеден, әлеуметтік қатынастар сипаттарынан, ұжымдық қатынастардан, өзін- өзі зерттеуден, әлемді тануға қызығушылық процесін қозғаудан құр қалдыру деген сөз. Ойын барысында балалардың айналадағы дүние жайында мағлұматтары кеңейіп, таным белсенділігі артып, игерген білім машықтарының негізінде бір сюжетке орай басты кейіпкерлерге еліктеуі, ойын ойнауға өзіне серік тауып алуы, онымен шынайы қарым-қатынас орната отырып, таңдап алған ролдеріне деген жауапкершілігі арта түсіп, қиялындағы мүмкіндіктерін байқап көруге жағдай жасайды.

Балалармен жүргізілетін тәрбие жұмысының жалпы жүйесінде сюжеттік- рольдік ойындар маңызды орын алады. Өз ойындарында балалар отбасының тұрмысын, елдің жағдайын, адамдардың жұмысын, жалпы, күнделікті өмірде көретін және еститін құбылыстарды бейнелейді.

Сюжетті – ролдік ойынның міндеті – баланың қызығушылығын туғызып, сезімін оятып, рухани-адамгершілік қасиеттерін арттыру. Сонымен қатар өзара сыйластық, қамқорлық, жанашырлық құндылықтарын дамыта отырып, мейірбандылық, жақсылық жасай білуге тәрбиелеу. Бұл құндылықтар – бір күнде қалыптаса қалатын қасиет емес. Бұл – балабақшадан бастау алып, өмір баспалдақтарында шыңдалып, біртіндеп қалыптасатын қасиет. Бастан кешірген табысты істері, қанағат сезімдері балалардың бойында жаңа міндеттер мен мәселелерді шешуге талпыныстарын оятып, өз күштеріне сенуге, өзін-өзі сыйлауға тәрбиелейді. Осы ойындардың арқасында балалар өз істеріне баға бере білуге, өзінің сезімін, әдет-дағдысын бақылай және басқара білуге, сонымен қатар жанындағы адамдардың табиғи болмысымен қабылдап, ізгі ниет, ықылас таныта білуге үйретеді. Әр бала өз ісі мен қылығына жауапкершілікпен қарап, ойын нәтижесінде құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларына ие болады, өмірлік әлеуметтік дағдыларды меңгереді.

Қызықты ойынсыз балалар әлемінің болуы мүмкін емес. Балалардың ойындары қызықты және алуан түрлі болуынан оларды қоршаған орта кеңейіп, өмірлеріндегі жарық пен қуаныш көбейеді. Сөйтіп сюжетті-рольдік ойын бүлдіршіндердің өзі-өзін тануына көмектеседі, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі басқаруға жетелейді.

Ойын баланың тек тәртібін ғана емес, сонымен қатар оның ішкі өмірін реттеп, өзін, өзінің қоршаған әлемге қатынасын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл баланың бастамашылық танытып, шығармашылық көрсететін бірегей саласы. Сонымен қатар ойында бала өзін бақылап, бағалап, не істеу қажет екендігін түсініп, дұрыс қадамдар қолдануды үйренеді. Өз бетімен саналы әрекеттер жасап үйренуі арқылы бала өмірдің саналы субъектісі бола алады.

Мектепке дейінгі жас – тұлғаны қалыптастыруға ең қолайлы кезең, сондықтан, аталған қабілеттер кейін өздігінен дамиды деп қателеспеген жөн.

Ойынның күрделі болмауы балалардың коммуникативтік дамуларына келеңсіз әсерін тигізеді, себебі, ара-қатынастар тек бірге ойнау барысында қалыптасады. Бірге ойнау – қатынастардың басты мазмұны. Ойнап, түрлі ойын рольдерін орындау барысында балалар жағдайларды жан-жақтан көріп, басқалардың әрекеттері мен мүдделерін ескеріп, ереже сақтауды үйренеді. Кері жағдайда мағыналы қатынас та, бірлескен әрекеттер де болмайды.

Қорыта айтқанда, «Өзін-өзі тану» бағдарламасының мазмұнында ескеріліп, көзделген эмоционалдық тұрғыдағы ауқымды жүргізілген алуан түрлі іс-әрекеттер баланың адамгершілік рухани дамуының негізін қалауға және өмірлік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл білім мектеп жасына дейінгі балалардың бойында ең басты қажеттілік өзін- өзі дамытушылық қажеттілігін қалыптастыруы тиіс. «Өзін-өзі тану» бұл тек баланың өзін ғана танып, білуімен ғана шектеліп қоймайды, оның мазмұны тереңде. Баланың өзін тануы әлемді тануымен, ортаны тануымен, адамды тануымен ұштасып жатыр. Сол себепті де «Өзін-өзі тану» курсының бүгінгі таңда барлық адамзат үшін маңыздылығы өте зор.

Автор:
Назгүл САРЖІГІТОВА №25 балабақшасының тәрбиешісі Үштөбе қаласы, Қаратал ауданы