Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛ МЕН ҚЫЗ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОТБАСЫ БІРЛІГІНІҢ МАҢЫЗЫ


26 октября 2013, 06:57 | 2 374 просмотра



Мақсаты: Қазақ халқының терең тамырлы өнегелі әдет-ғұрпын,мәдени мұрасын оқушылар бойында дарытып, теориялық білімдерін іс-әрекетпен ұштастыра отырып, ата-аналар тәжірибесінің ең жақсы үлгілерімен, имандылық,еңбек сүйгіштік және адамгершілік рухында тәрбиелеу.Ұл бала мен қыз баланы бір-бірін шынайы құрметтеп, қастерлей білуге баулу, өзара сыйласымдылықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыру.

Сабақтың түрі: Пікірталас.

Көрнекілігі: Слайд-шоу.Нақыл сөздер

Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы-оны жақсы тәрбиелеу.

Ұрпақ қамын ойлау- бүкіл қауымға ортақ парыз.

Тәрбиесіз берілген білім- адамзаттың қас жауы.

Қызды тәрбиелей отырып- ұлтты тәрбиелейміз. Баланы жетiге келгенше тыйма, жетiден он төртке келгенше құлынша қина, он төрттен кейiн құрдасыңдай сыйла.

Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi.Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата - ананың табиғи құқығы, әрi парызы

Сабақтың барысы:

Мұғалім сөзі:

Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27-бабының 2-тармағында "Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата - ананың табиғи құқығы, әрi парызы" делінген. Бала тәрбиесiнде отбасының орны ерекше. Оны қоғамдық тәрбиенiң қандай саласы болса да алмастыра алмайды. Отбасының негiзi- баланы өмiрге келтiру ғана емес, оған мәдени - әлеуметтiк ортаның құндылығын қабылдату, ұрпақтың, ата-бабалардың, ұлылардың ақыл- кеңес тәжiрибесiн бойына сiңiру, қоршаған орта, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етiп тәрбиелеу. Ата-ана балаларына жақсы тәрбие беруде қоғам алдында жауапты. Сыйластық, түсiнiстiк, үлкен жауапкершiлiк сезiмдерi бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берiлген тәрбиесі сiңiмдi және негiздi. Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Берерi де, сұрауы да, жемiсi де мол тәрбие саласының ең өзектiсi. "Баланы жетiге келгенше тыйма, жетiден он төртке келгенше құлыңша қина, он төрттен кейiн құрдасыңдай сыйла" деп, баланың ой-өрiсi даму кезеңiн ерекше бағалаған. . Олай болса, «Ұл мен қыз тәрбиесіндегі отбасы бірлігінің маңызы» атты сынып сағатымызға келген ата-аналарға,қонақтарға «Қош келдіңіздер!»- дейік.

Бүгінгі ата-аналар мен балаларды біріктіріп,ашық сабақты өткізудегі басты мақсатымыз: Қазақ халқының терең тамырлы өнегелі әдет-ғұрпын,мәдени мұрасын оқушылар бойында дарытып, теориялық білімдерін іс-әрекетпен ұштастыра отырып, ата-аналар тәжірибесінің ең жақсы үлгілерімен, имандылық,еңбек сүйгіштік және адамгершілік рухында тәрбиелеу.Ұл бала мен қыз баланы бір-бірін шынайы құрметтеп, қастерлей білуге баулу, өзара сыйласымдылықты, достық қарым-қатынасты қалыптастыру. Яғни, ата-ана-мектеп-оқушы болып,үш жақты тығыз қарым-қатынас орнату.Өйткені біздің идеямыз,мақсатымыз, көздегеніміз бір.Ол- егеменді еліміздің тізгінін ұстар азаматтар тәрбиелеу.

«Өзін -өзі тану» пәнінің мұғалімі «Шаттық шеңбер» ойынын ойнату арқылы сабаққа сәттілік тілетеді.

1. Мұғалім төмендегі сұрақтарды қою арқылы,пікіралмасуды бастайды.

• Үйдегі алтын қазық кім?( оқушылар мен ата -аналар ой бөліседі)

(Ата-аналар мен оқушылардың пікірлері бір ауыз сөзбен жинақталып, тақтаның бір бұрышына жазылып отырады )

Сыйластық, түсiнiстiк, үлкен жауапкершiлiк сезiмдерi бар отбасы – бақытты отбасы. Бақытты отбасында ғана ата-ана және олардың балаларының өзара қатынасы мазмұнды, берiлген тәрбиесі сiңiмдi және негiздi болады.

• Олай болса, бақытты отбасы болудың негізгі шарттарына нені жатқызар едіңіздер?

(Ата-аналар мен оқушылардың пікірлері бір ауыз сөзбен жинақталып, тақтаның бір бұрышына жазылып отырады )

• Баланы еркін тәрбиелеген дұрыс па,әлде қатаң тәрбиелеген дұрыс па?

(Ата-аналар мен оқушылардың пікірлері бір ауыз сөзбен жинақталып, тақтаның бір бұрышына жазылып отырады )

Бауыр етің – балаңның бәрі бірдей, бірін артық, бірін кем көрмейсің. Қазақ ұлды «Қара шаңырақтың иесі» деп жақсы көрсе, «Қыз – өрісің» деген. «Нағыз жігіт – халқына қорған болар, антына берік болар және ата- баба салтын,дәстүрін жалғастырады», «Қыз тәрбиелей отырып- ұлтты тәрбиелейміз» деп бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген екен.

• Ендеше, сіздерден «Отбасында қыз баланы тәрбиелеу жеңіл ме, әлде ұл баланы тәрбиелеу жеңіл ме?» деген сауалға жауап берулеріңізді сұраймын

(Ата-аналар мен оқушылардың пікірлері бір ауыз сөзбен жинақталып, тақтаның бір бұрышына жазылып отырады ) Жүсiп Баласағұн :

Ақ сүтпен бiрге сiңген жақсылық

Айнымайды еш, алғанша ажал қапсырып.

Ет сүйекпен бiрге бiткен қылығың, өзгермейдi салғанша ажал құрығын,- деп ана сүтiмен дарыған қасиеттi дәстүрлі халықтың салт-санасынан берiк орын алатындығын айтқан.

•Ендеше, сіздерден «Ұлағатты ырым- тыйымдарды үйде қолданасыздар ма? Оның тәрбиелік мәні неде?» деген сауалға жауап берулеріңізді сұраймын

Мұғалім:

Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар!

Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Сонымен бірге саналы болыңдар!

Қыздар ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар, ұрысқақ болмаңдар.

Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер!-деп

тақтаның бір бұрышындағы ата -аналар мен оқушылардың жауаптары негізінен жасалған бақытты отбасының кластеріне назар аудартады.

(«Отбасында салт-дәстүрді сақтағанда, ұл мен қызға дұрыс адами қасиеттерді үйрететін тәрбие бергенде, баланы тұлға ретінде танығанда ғана отбасы мүшелері бақытты болады.Ал ондай бақытқа жетудің жолын кім көрсету керек екен? Әрине, осындай жауапты іс әр үйдің алтын қазығы болған әжелер мен аталардың еншісіне тиген екен»-деген ой тізбегі жасалынады).

Мұғалімнің сөзі:

«Ата-ана-бәйтерек,бала-жапырақ»-деген дана сөз бар. Бәйтерек өз тамырына қоректік заттар алып,оны жапырақтарына жеткізеді. Олай болса, «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын бәйтерекке көңіл бөлейік»,- деп тақтада ілініп тұрған бәйтерекке пікіралмасуға қатысып отырған қауым назарын аудартады. Пікіралмасуға қатысып отырған ата-аналар, оқушылар адамгершілік қасиеттер жазылған парақшаларды бәйтерекке ілу керек Алдымен ата -аналар өздерінің әке- шешелерінен алған ең асыл қасиеттерді жазады,одан кейін балалары өз әке- шешелерінен алған қасиеттерін жазады, соңында әке- шешелері өз балаларының бойында осы кезге дейін байқамай,сабаққа қатысқаннан кейін ғана байқаған қасиеттерін жазады.

Мұғалімнің сөзі:

Баланың тәрбиелі,өнегелі болып өсуі- берекелі отбасының әсері,білімді-білікті болуы-ұлағатты ұстаздың әсері,адам болуы- сана-сезімінің терең болуына байланысты. Олай болса:

Ізетті – ине етіп,

Иманды – түйме етіп,

Инабатты – күйме етіп,

Жүрші балам жамандықты күйретіп-деп, балаларға ақ бата беріп, қонақтарға рахмет айтып,сабағымызды аяқтаймыз.

Автор:
Гаухар БҰЗАУБАКОВА, №16 мектеп-гимназиясы қазақ тілі пәнінің мұғалімі. Талдықорған қаласы.