Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БАЛАБАҚШАНЫҢ АЛТЫН КҮЗІ


24 ноября 2013, 08:58 | 3 169 просмотров



Күз мезгілі - ерекше мезгіл ғой. Кейде ол адамды сағыныштың сары әлеміне сапар шектіреді, ал кейде жаныңды жабырқатып, мұңға бөлейді. Күздің аспаны да аумалы-төкпелі. Күліп тұрған күн сұлу әп-сәтте жоқ болып кетіп, ұсқыны бөлек, түсі суық сұр бұлт аспан әлемін жаулап алады. Енді бір сәтте ес-түсіңді алып көк жүзінде найзағай ойнайды да, сұр бұлт сұрланып келіп көз жасын бір төгіп өте шығады. Сол бір сәтте бұлыңғыр аспан да, түйіліп келіп түйіп-түйіп өтетін «жылауық» бұлттар да, шелектеп құйған ақ нөсер жаңбыр да жан-дүниеңді алай- дүлей сезімге толтырып, көңіл-теңізіңді бір тербетіп өткендей болады. Адамдардың да көңіл-күйлері күз күндеріне қатты ұқсайды. Олар кейде жүректері бұрап-бұрап ауырып, сонау алыста қалып кеткен, сағынышқа айналған сары жылдарын ойлады, еріксіз ой-теңізіне батады. Ақындар бұл мезгілді «Көңілдің жазы кетіп, күзі қалды»,- деп бейнелейді.

Сонымен қатар күз айы - молшылықтың, берекенің айы ғой. Бүкіл астық, жеміс-жидек пісіп, қамбаға түседі. Ел-жұрт қыстың қамын ойлап, қам-қаракетін жасайды. Олар мал-жанының қыстық жем-шөбін мол етіп дайындап алады. Әрі бала-шағасының қамын жасайды.

Енді аз күндерден соң «қылышын сүйреткен» қыс келіп қақпаны қағады. Бұл - табиғат заңы. Күзден соң қыс келері анық. Күн өткен сайын қабағы «түксиіп», ұрты «салбыраған» күз күндері де азайып барып, қылышын сүйретіп қыстың күні де келіп жетеді. Ол күндер де межелі жеріне жеткенде біз қаласақ та, қаламасақ та босағамыздан аттап, есіктен кіріп төрге озады. Қысты ойласақ осы кезден-ақ денеміз түршігіп сала береді. Қыс - қаталдықтың белгісі сияқты. Ол өзінің қытымырлығымен сені бір уыс жасап қояды. Сөйте тұра ол тазалықтың, пәктіктің белгісіндей болып та көрінеді. Өйткені, қыс айында жер-әлем әппақ ақ көрпеге оранып бір тазаланып қалады. Қай жағыңа қарасаң да кіршіксіз дүниені көресің. Тіпті, анау ағаш басына қонған әппақ қар да сені елітіп, басқа әлемге жол бастағандай болады. Осындайда: Тал-шыбықтар табиғат нәуетегі,тиіп кетсең моншағы «сау» етеді,- деп жазған ақынның өлең жолдары еске түседі. Шынымен де қар жауған сайын, ағаштар қар жамылған сәттерде өтіп бара жатып қар жамылған ағаштың бір бұтағын сілкіп қалсаң әппақ қар «сау» ете түседі. Бұл деген керемет көрініс емес пе?!...

Міне, қазір күз. Кәдімгі сары күз. Төңіректің бәрі тегіс сары тап. Жапырақ жауған сары күз толық күшіне енген. Қай жағыңа қарасаң да сары бояуға малынған әлемді көресің. Күздің мәужіреген күндері жаныңа жайлы самалдай болып әсер етеді. Әсіресе биылғы күз айы керемет жайлы болып тұр. Ал осынау көркем де кербез күз айы басталғалы бері бүкіл мектеп пен балалар бақшасында алтын күзге арналған байқаулар, мерекелік кештер мен ертеңгіліктер басталып та кеткен. Соның бір дәлелі, жуырда Талдықорған қаласындағы №7-ші сәбилер мен балалар бақшасында «Алтын күз - 2013» атты ертеңгіліктің болып өткендігі. Жалпы, балалар бақшасында осындай мерекелік шаралар жиі өткізіліп тұрады. Біз де асығып-аптығып сәбилеріміздің өнерін тамашалау үшін балабақшаға қарай асықтық.

Ертеңгілікке «Ботақан» атты естиярлар тобы қатысты. Аталған ертеңгіліктің мақсаты - кішкентай бүлдіршіндердің күз туралы түсініктерін кеңейтіп, жемістер мен көкөністер туралы толығырақ білім беру және оларды табиғатты сүюге, аялауға, оны бағалауға, әсемдікті сезіне білуге, еңбек етуге, сонымен қатар экологиялық тәрбие алуға баулу болып табылады. Ертегі жас бүлдіршіндердің жәндіктерді танып-білуге қызығушылықтарын арттырып, олар туралы білуге құштарлығын дамытып, оларды еңбексүйгіштікке, кішіпейілділіке тәрбиелейді. Ертеңгілікті топ тәрбиешісі Анара Стамбаева Құранбекқызы өзінің әсем дауысымен әдемі өрнектеп жүргізіп тұрды. Ертеңгілік барысында «Ботақан» тобының бүлдіршіндері «Құмырсқа мен шегіртке» ертегісін сахналаса, алтын күздің ханшайымы болған ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қадырбекова Жанна Жұмағалиқызы бүлдіршіндерді алтын күздің ерекшеліктерімен таныстырды. Бүлдіршіндердің бал тілдері мен тәтті қылықтары отырғандарды еріксіз қызықтырып жатты. Негізінен қазақ ертегілері бала бойына адалдық, мейірімділік, имандылық сияқты жақсы қасиеттерді сіңіріп, оларды өздерінің сиқырлы күштерімен таңғалдырады ғой. Сонымен бірге ертегілер бала жанын айналадағы табиғатпен, жанды мақұлықтармен, жануарлармен етене жақындастырып таныстырады да. Әсіресе хайуанаттар жайлы ертегілердің балаға берері көп болады. Өйткені хайуанаттар жайлы ертегілердің барлығы да балалардың ұғымына лайықты әрі қызықты болып келеді. Олар көркем тілді, терең ойлы, үздік кейіпкерлі болып келетіндіктен ел аузында ғасырлар бойы сақталып, айтылып келеді. Біз де жақсы ертегіні тыңдап, сол ертегіден адам бойына керекті жақсы қасиеттердің бәрін де бойымызға сіңіріп өстік. Ертегілер халықтың ой-қиялынан туған дүниелер ғой. ЕрТөстік, күн астындағы Күнікей қыз, Қаңбақ шал, Алдар көсе, Желаяқ, Көлжұтар, Толағай, Тазша бала, Мыстан кемпір деген кейіпкерлердің бәрін бала кезімізде естіп, оқып едік. Солар әлі күнге санамызда сақталып қалды.

Біздің білуімізше құмырсқа кішкентай болса да ол өз салмағынан он есе артық жүкті көтере алатын, яғни кішкентай болса да күші көп тіршілік иесі. Құмырсқалар құрылысшылар секілді болады.Олардың салған илеулері көп қабатты үйлермен тең болады екен. Есіктің алдын күзетші құмырсқалар күзететін көрінеді. Құмырсқаның илеуінің үстіңгі жағы жуан шөптесін өсімдіктердің діндерімен жабылып тұрады. Олар илеуді желден, салқыннан қорғайды. Құмырсқалар дәндері мен тұқымдарын бөлек-бөлек сақтайды екен. Барлық жәндіктер сияқты құмырсқа да тұқымнан бөлініп шығады.

Құмырсқаның белі жіңішке, басы үлкен болып келеді. Басының үлкендігі ақылының көптігі, ал белінің жіңішкелігі ол тамақты аз жейді. Тіпті, құмырсқа жылына бір-ақ тал дән жейді екен. Олардың ұзын мұрттары болады. Олар сол мұрттары арқылы дәмді, иісті сезеді және сол мұрттары арқылы бір-біріне хабар да береді. Сонымен бірге олардың орман зиянкестерін құртатын да қасиеттері бар. Сондықтан да оларды «Орман санитары» деп те атайды.

Ал шегірткенің болса жаз бойы көгалды қуып ән салып, секіріп жүретінін, алдағы өмірін ойламайтынын бәріміз де білеміз. Ол жалқау, еріншек. Еңбек етуден қашып жүретін тіршілік иесі. Шегірткенің рөлін жоғары «Аққу» тобының Жұматай Нұрдәулет атты баласы орындады.

Ертегідегі құмырсқаны бейнелеген менің немерем Абдолла Әлиханның өнері топтағы барлық жас балалар мен тәрбиешілер қауымын тәнті етті. 4 жасар немеремнің кейіпкер образына енгені сонша киген киімі, жасаған іс-әрекеттері мен бейне-көріністері аумаған құмырсқаны көз алдымызға келтіріп еді. Ол құмырсқаның илеуін жасап көрсетті және оның тіршілігімен таныстырды. Бір қолына тырмағын, бір қолына дәнге толы дорбасын ұстаған кіп-кішкентай құмырсқаның еңбекқорлығы мен тынымсыз тірлігіне риза болмаған жан қалмады десек те болады. Қойылым кішкентай ғана тіршілік иесінің қоштасып қайтып бара жатқанында санасы оянып, еңбексіз күні болмайтынын түсінген шегірткенің оның артынан қуып жеткендігімен аяқталады. Құмырсқа осылайша өзінің өмірге икемділігін, жанкештілігін көрсету арқылы басқалардың да ой-санасын оятып, олардың өздерінің күш-жігеріне сене білулеріне және мақсатына жететініне көздерін жеткізді.

Ертеңгілікте «Ботақан» тобының бүлдіршіндері тек сахналық қойылым көрсетіп қана қоймай тақпақ айтып, ән шырқап, би де биледі. Олар құмырсқаның киімін киіп күз және күз айлары туралы өздерінің түсініктерін, еңбек жайлы білетін мақал-мәтелдері мен тақпақтарын айтты. Олардың хорда тұрып айтқан «Алтын күз» бен «Сылдырмақ» атты әндері көпшіліктің көңілінен шықты. Әсіресе Қосан Нұрай мен Несіпбай Зеренің орындауындағы «Қуыршақ» әні мен топ қыздарының «Қол шатыр» биі ертеңгіліктің көркін аша түскендей болды. Бұл жерде жас бүлдіршіндерді осындай өнерге баулыған тәрбиешілері Стамбаева Анара Құранбекқызы мен Оразаева Динара Базарханқызының, музыкант Шынар Мейрамқызының, бағыт беруші әдіскерлер - Гүлзат Мақсұтқызы мен Алтын Амантайқызының еңбектері зор. Олар жас бүлдіршіндерді тәрбиелеп қана қоймай олардың санасын жетілдіруге, ой-өрісінің кеңеюіне үлкен үлес қосып жүрген жандар. Құшақтары мейірім мен қамқорлыққа толы жандардың бүлдіршіндердің саналы да тәрбиелі ұрпақ болып қалыптасуына тигізер әсерлері мол. Жалпы ертегідегі кейіпкерлердің рөлін ойнау арқылы балалардың әртістік қабілеттері дамиды, олардың ертегіге деген қызығушылықтары оянады. Бүлдіршіндер ертегілерді сахналау барысында ертегі кейіпкерлеріне ұқсауға тырысады. Сонымен бірге олар ертегілерді сахналаған кездерде сөйлеу, есту, есте сақтау, ойлау, қиялдау, тіпті тақпақтарды мәнерлеп айту, ауызекі сөйлеу сияқты қасиеттерді үйренеді.

Балабақшадан шыққан балалардың ойлау қабілеттері жоғары, өнерлі, дарынды, оқуда озат болады. Олар мектепте ұстаздарынан ылғи да мақтау сөздер естіп отырады. Соның бір дәлелі - менің Ай-Күн атты немерем. Ол осы бақшаның түлегі. «Аққу» тобында тәрбиеленді және тәрбиешілер Толқын Тоқтасқызы, Эльмира Класқызы және Венера Бейсембекқызынан тәлім- тәрбие алып, білімге ден қойған еді. Алғаш осы тәрбиеші қыздармен танысқан кезде- ақ, көңілім жайланды. Орнықты, түсінігі мол, жайдары жандар екен. Қашан көрсем де олар сыпайылықтарын көсетіп, күлімдеп тұратын. Өзім Алматыда тұрсам да немеремнің ертеңгіліктері болатын кезде мүмкіндігінше барып қатысуға тырыстым. Сол себепті де Талдықорғанға барған сайын міндетті түрде Ай-Күнді бақшаға өзім алып барып, өзім алып кетіп жүрдім. Сол кездерде мен Ай-Күнімнің жақсы адамдардың алдарында жүргеніне қуанатынмын. Оның періште көңілі олардың барлық жақсы қасиеттеріне еліктеп, қалап, бойына сіңіріп алды деген ойдамын.

Ай-Күн биыл мектеп табалдырығын аттады. Қазір №12-ші мектеп-гимназияның 1-ші сыныбында оқиды. Апайы Сүлейменова Ләйлә Әділханқызының айтуы бойынша оқу озаты. «Тәртібі өте жақсы, тілі де, жаны да таза қазақи бала. Жақсы жандардан тәрбие алғандығы білініп тұрады. Әріптермен жаңадан танысып жатсақ та ол бүкіл әріптің бәрін біледі әрі жаза да алады. Сабақ үстінде менімен бірге әліппені жарыса оқып отырады»,- деп мақтайды. Бұл да болса жоғарыда аттары аталған қыздарымның берген білімі мен тәрбиесінің арқасы деп ойлаймын. Мен сол себепті Әлиханымның да осы бақшада тәрбиеленіп жүргеніне қуанамын. Оның да жақсы тәрбие мен білім алып шығатынына сенімім мол. Сондықтан да менің №7-ші бақшаның жалпы ұжымына деген ризашылығым шексіз.

Ертеңгілік соңында балабақша меңгерушісі Мамекова Ұлтуар Мұхамерқызы барлық бүлдіршін балаларға үлкен алғысын айтып, алдағы уақыттарда да осындай- осындай жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдірді. Біз де егеменді еліміздің ертеңгі болашақтары болатын бүлдіршін балаларымыздың өнерлеріне риза көңілмен аттандық. Біздің өміріміздің қызығы - адамгершілік, имандылық қасиеттерімізді жалғастырар ұрпағымыз - балаларымыз бен немерелеріміз ғой. Қазіргі кезде Абайдай дананы бауырына басып, ертегі әлемінің теңізіне жүздірген Зередей, Шоқанды еркелеткен Айғанымдай балаға ұлттық болмыстың дәнін себетін, туғаннан бастап ержеткенге дейін көл-көсір пейіліне шомылдырып өсіретін әжелер саны азайып бара жатқандай. Біздің қазақтың әжелерінің айтарлықтай білімдері жоқ болғанмен, нағыз халық даналығының мәйегінің көзі болған. Отбасы - ұлттық тәрбиенің қайнар көзі. Адам бойынан кездесетін небір асыл қасиеттер де отбасынан басталады. Ал, ұлттық тәрбие дегеніміз - әжелердің өсиеті. Ертегі тыңдап өскен баланың ертеңі жақсы болады. Әжесінің тәрбиесін көрген баланың бойында бекзаттылық, тектілік пен имандылық қалыптасады. Біздің қазіргі заманымызда ертегі айтпайтын әжелер мен бесік жырын білмейтін келіндер көп-ақ. Мен осыған қынжыламын. Менің немерелерім алыста жүр, соларды ойлағанда ет-жүрегім езіліп тұрады. Күн сайын қастарында отырып ертегі айтып беріп, бастарын сыйпамасам да кездескен сәттерде бәрін де құшағыма қысып, бойымдағы бар жылулығымды беруге тырысамын. Олардың кеудесіне иман нұрын құюды өзімнің әжелік борышым деп ұғамын. Қазіргі бала бақшаның тәрбиешілері біздің әжелеріміздің міндетін атқарып жүрген жандар. Ендеше тілі енді-енді ғана шығып, аяғын апыл- тапыл басып жүрген балапандарымыздың ертеңі де осы жандарға тікелей байланысты. «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген ата- бабамыздан қалған асыл сөз бар. Дегенмен де бүгінгі күні балаларымыздың үйден гөрі түзде (бақшада, мектепте) болуы көбірек. Сол себептен де олардың тәрбиесіне үйден гөрі сол жақтың ықпалы көбірек себеп болады деп ойлаймын. Көздерін тырнап ашқаннан қас қарайғанша тәрбиешінің құшағында болатын олардың көбіне-көп осы жандарға ұқсап өсуі заңды нәрсе. Жас балалар еліктеуге өте құмар. Олар кішкентай болса да соларға қарап өседі. Яғни, олардың жақсы жақтары да, жаман әрекеттері де қатты ықпал етеді. Сондықтан да тәрбиеші қауымының мейлінше мейірімді, иманды, адамгершілігі жоғары, кішіпейіл, ізетті, инабатты жан болулары шарт. Олардың бала тәрбилеудегі іс-әрекеттері айқын, ашық, мәдениетті түрде болуы керек. Тәрбие мейірім мен сүйіспеншіліктен бастау алады десек, онда бала кімнен мейірім көрсе сол адамды ерекше жақсы көреді. Сондықтан да тәрбиешінің білімі мен мәдениеті, ақылы мен әдебі, әділдігі мен бала жанын түсінуі, мінез-құлқы мен сөйлеу мәнері, тіпті жүріс- тұрысы мен киім киісінің өзі балаға көп тәрбие береді. Олар тек сонда ғана бала есінде сақталып, олардың жүректерінен өшпестей орын ала алады. Білімі терең, педагогикалық шеберлігі мол, беделі жоғары тәрбиеші осы қасиеттері арқылы балаларды өзіне тарта біледі, бір сөзбен айтқанда өзіне баурап алады. Ой-өрісі таяз, білімі төмен тәрбиеші балалардың сана-сезімінің өсуіне кедергі келтіреді. Ал Ұлтуар Мұхамерқызы басқарып отырған №7-ші сәбилер мен балалар бақшасының ұжымына жоғарыдағы жақсы қасиеттердің барлығының да тән екендігі даусыз. Бұл жердегі тәрбиешілер ғылым мен техникасы дамыған мына заманның сәт сайын болып жатқан құбылыстары мен өзгерістерінен, ғаламдық саясат пен мәдени жаңалықтардан қалыс қалмай зымырандай зырлаған өмірдің жалынан ұстаған жандар деп білемін. Жалпы, балабақша тәлім-тәрбиенің бастауы болғандықтан тәрбие негізі де сол жерде қаланады деп айтуға болады. Сондықтан да балабақша тәрбиешілерінің міндеті - ұлттық сана- сезімі қалыптасқан, ой-өрісі дамыған, жаны мейірімділік пен әдемілікке, ізгілік пен инабаттылық сияқты жақсы қасиеттерді қалыптастырған, дені сау, Отанын, жерін, табиғатын қорғай алатын нағыз патриот, елжанды азамат тәрбиелеу. «Бала - елдің болашағы» дейміз. Сол себептен де халқымыз бала тәрбиесін жөргегінен бастаған. Ұрпақ өсіру жолында қазақ халқында қалыптасқан небір тамаша салт-дәстүрдің бар екендігі де сондықтан. Баланың бойға біткен кезіндегі «Құрсақтойынан» басталатын рәсімнің отау тігіп, шаңырақ көтергенге дейінгі аралықта сан алуан әдет-ғұрыппен алмасып отыруы осының бір айғағы. Сондықтан да балаға дұрыс тәрбие беру, оны өсіріп азамат етіп қалыптастыру ел алдындағы жауапты іс екендігін естен шығармаған ләзім. Жас ұрпақ тәрбиесі қандай да болмасын жағдайда қоғамның ең өткір мәселелерінің бірі болып келген, болып келеді, бола береді де. Ендеше әр үйдің бір-бір «еркесі» мен «серкесінің» неше түрлі «құқайына» шыдап, әрдайым төзімділік пен сабырлылықты жандарына жалау етіп, оң мен солын да танымайтын, оқи да, жаза да білмейтін балалардың тәрбиесіне жете мән беріп, оларды барынша жан-жақты тәрбиелеп, сана-сезімдерінің жеткенінше өнерге үйретіп жүрген Анара Құранбекқызы мен Динара Базарханқызы сынды қыздарымызға тек алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біз алдағы күндерде де екеуі тәрбиелеп жатқан балаларымыздың әдемі әсерге толы талай-талай ертеңгіліктерінің куәсі боламыз деп сенеміз.

Осылайша балабақшаның алтын күзін тамашалаған біздер үлкен көңіл-күймен сыртқа шықтық. Дала маужырап тұр екен. Иә, биылғы күз тіпті ерекше болып тұр. Қимаймыз. Бірақ, біз қимағанмен зырлаған уақыт ұршықтай зырылдап өтіп барады. Біздер бұл мезгілді алтынға балаймыз ғой. Алтын күз. Алтын да сап-сары емес пе?! Ағаштардың жапырақтары да алтындай жарқырап күн нұрымен шағылысып жалт-жұлт етеді. Ал жердің бетін сары жапырақтар нөпір етіп жауып қалыпты. Тобығыңнан келер сары жапырақтарды кешіп бара жатқанда Табиғат- Ана сені сан қырлы әлемге жетелейді. Бір сәт қиялыңа ерік бересің. Сөйтіп өзіңнің табиғатқа ғашық болып қалғаныңды да сезбей қаласың. Табиғатты аялау, табиғатты сүю деген осы шығар, бәлкім?!...

Автор:
Сәуле ӘБДІХАЛЫҚҚЫЗЫ, ата-ана