Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ҰЛАҒАТ – ҰСТАЗДАН


12 декабря 2013, 12:52 | 1 459 просмотров



«Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»

Б. МОМЫШҰЛЫ.

«Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Шендібай Керімұлы алғаш оқытушы қызметіне келген кезден бастап баулыған, ақылын айтып, тәлім-тәрбиесін дарытқан ұстазы сол кездегі мектеп директоры Болысбек Оспанов болды. Тәжірибелі ұстаз жас маманды қанатының астына алып, оқу-тәрбие жүйесінің қыр-сырына үйретті, қияға қанат қақтырды. Иә, ұлағат ұстаздан дариды. Жаста берген тәрбие-жас шыбықты игенмен тең екендігі де рас.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қайраткерлер де, бәріміз бір адамға қарыздармыз.

ОЛ - ҰСТАЗ.

«Мен де мұғалім мамандығын таңдауға мұрындық болып,өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге,қызметімнің білгірі болуыма көп көмегін тигізген, жан дүниеме нұрлы шуақ түсіріп адамгершілікке баулыған ұстаздарым Ләш Нұрғазина, Болысбек Оспанов, Сәмет Шуманкулов бейнелері көңіл төрімнен мәңгілікке орын алады», дейді Ш.Орманбеков.

Кейіпкеріміз Шендібай Керімұлы Алматы облысының Алакөл ауданы Үшарал қаласында 1958 жылы ақпан айында қарапайым отбасында дүниеге келді.

Өз қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепті бітірген соң Семей зооветеринария институтында, Өскемен педагогикалық институтында өз біліктілігін арттырып веттехник, тарих пәні оқытушысы мамандықтарын алды.Осы жылдары ауыл мектептерінде оқытушы, әскери жетекші, мектеп директорының орынбасары, ал 1984-1998 жылдары мектеп директоры, 1998 жылдан Қапшағай қаласындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепте оқу ісі бойынша директорының орынбасары, 2002 жылдан ЛА 155/8 мекемесі жанындағы кешкі ауысымды мектеп директоры, оқу-тәрбие істері бойынша директор орынбасары болып осы салада табан аудармастан еңбек етіп келе жатқандығына 36 жылдың жүзі болыпты.

Бір жігіттің ғұмырындай осынау жылдың ішінде ол қызметке үйренісу, саланы танып-білу, шарықтау, толысу, шырқау секілді кезеңдерді басынан өткізді. Сол кездегі жас маман – қазіргі таңда ақылман ағаға, көргені мен түйгені мол жанға айналған.

Қызметін жетік меңгерген, өз ісінің шебері. Майталман маман.

Талай жас мамандарды қияға қанат қақтырған ардақты ұстаз.

Әріптестеріне сыйлы, досқа адал.

Ұстаздық еткен Шендібай Керімұлы тек білім және тәрбие беру жүйесінің бетке ұстар маманы, сала мақтанышы ғана емес, сонымен қатар отбасында аяулы жар, ардақты әке. Жанұяның тірегі. Жан жұбайы Қамбар Айтқұлқызы да өз кәсібін жетік білетін математика пәнінің маманы, қазіргі таңда Қапшағай қаласындағы орта мектеп гимназиясында жас шәкірттерге білім беруде.

Бүгінде Шендібай Керімұлы 3 ұлын тәрбиелеп, шаңырағында немерелері шапқылаған бақытты әке. Үлкен ұлы Эдуард та әке жолын жалғастыруда. Кішкене ұл, келіндері де әр салада қызмет етуде.

Маңдай тер, жасалған адал еңбек ешқашанда ескерусіз қалған емес. Ол қашанда халықтан өз бағасын алатыны анық.

Елеулі еңбек, өнегелі өмір иесі өз ісіне адал ұстаз Шендібай Керімұлының жемісті жылдары алдағы уақытта жалғаса беруіне сенімдіміз.

Елім деген, жерім деген Шендібай Керімұлы секілді майталман мамандар барда еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болатындығы сөзсіз.

Автор:
Б. СЕРДЕНОВ ЛА 155/8 түзеу мекемесіндегі орта мектеп мұғалімі. Қапшағай қаласы