Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТАСТАНДЫ


12 декабря 2013, 13:01 | 1 358 просмотров



Талдықорғандағы өз перзенттерін өздері балалар үйіне өткізген аналардың әрекеті әлеуметтік тұрғыдан әлсіз қорғалғандықтан ба, әлде безбүйректіктен бе?

Ағымдағы жылдың 31 тамызында таңғы сағат 7 шамасында Талдықорған қаласы, Абай көшесі 285 үйдің есігінің алдына белгісіз біреулер 1 жас шамасындағы нәрестені тастап кеткені туралы жекелеген басылымдар жарыса жазды, айтты. Адам тағдыры даурықпа үшін пайдаланылды. Қалды. Ал бүгін ше? Талдықорғанда уақыт талабына сай қалыпты тірлік жалғасын тапты, жалғаса берері де хақ. Әйткенмен, жоғарыда айтылған оқиға бізді бей-жай қалдырмады. Алматы облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі басқармасының қызметкерімен бірге сол баланың бүгінгі тағдырын білу үшін облыстық мамандандырылған балалар үйіне бардық. Құдайға шүкір, баланың денсаулығы жақсы ең бастысы жақсы адамдар заңнама шеңберінде қамқорлықтарына алыпты.

Шыны керек, бұл пәлендей таңғаларлық оқиға емес. Мұндай жайттарға сала мамандарының ғана емес қарапайым адамдардың құлақтарының үйренгендігі сол, алғашында «қашан, қайда?» деген жаттанды сұрақтарды ағытқанымен артынша ұмытылып қала береді. Бүгінгі таңда басым бөлігінің ешқандай құжаты жоқ 60 баланы уақтылы талапқа сай колориялы тамақтандырып, денсаулықтарын тексеріп, күтіп отырған Талдықорғандағы облыстық мамандандырылған балалар үйінің бас дәрігері Сәуле Жапабаева «Аналық мейірімділіктен бе, әлде күллі жауапкершілікті мойныма алғандықтан ба әйтеуір жаратушы иеміз әркез маған қандай да бір келеңсіздікті алдын ала сездіріп тұрады. Иван атты баланың атасы мен әжесі анда-санда келіп немересінің жағдайын біліп тұратын. Бір күні сол баланың апасымен бірге анасымын деп бір әйел келді. Зейін қоя сөзін тыңдап, түр-түсіне қанша қарасам да ол әйелдің келіп-кетіп жүргендігін ойыма түсіре алмай секемдендім. Амал нешік, заңның аты заң. Баласын алып кететін болды. Барлық құжаттарын заңнама талабына сәйкес толтырып беріп, балаға сәттілік тілеп қала бердік. Артынша сол баланы анасы мен әжесі сатпақ болып әрекеттенгені әшкереленіп, жалпақ жұртқа жайылды. Қазір Иван біздің, яғни Талдықорғандағы облыстық мамандандырылған балалар үйінде. Денсаулығы да, көңіл-күйі де жақсы», деді. Мұны қалай түсінеміз? Қоғамға кінә артпас бұрын сол қоғамның қозғаушы күші адамдар әрекетін зерделеп көрелікші. Көкек аналар тек қалаларда ғана емес халық көп шоғырланған ірі елді мекендерде де көбейіп барады. Ойнап жүріп от басты деп бірін ақтасақ, екіншісі неге сол қыз өмірінен сабақ алмайды?

«Алматы облысында балаларды тәрбиелеу мен оқытуда, медициналық, заңдық, педагогикалық, психологиялық қызметтер көрсетіледі. Десек те, балалардың жалпы жағдайы ойлануды қажет ететіні жасырын емес. Олай дейтінім, кейбір мәселелер күрделеніп бара жатқан тәрізді. Статистикалық мәліметке сүйенсек облысымыздағы 616355 бүлдіршіннің 3 мыңнан астамы жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған екен. Солардың 20-25 пайызы – ата-аналары қайтыс болған тұл жетімдер. Қалған 75-80 пайызы – әлеуметтік жетімдер, немесе ата-аналары қандай да бір себептермен балаларынан бас тартқан, тастандылар. Індете түссем, ата-аналық құқығынан айырылған, яғни сотталған, заң орындарының іздеуінде жүрген немесе ұзақ мерзімдік сауықтыру орындарында емделіп жатқан, құқығы шектеулі, сот жүйесімен із-түзсіз жоғалған деп танылған жандар. Рас, әлеуметтік жетімдік мәселесі көбінесе отбасы рөлінің төмендеуіне, ата-ананың бала тәрбиесіне көп көңіл бөлмеуіне, материалдық және тұрғын жай қиыншылықтарымен, мектеп, отбасы және қоғамның өзара әрекетінің жеткіліксіздігінен, отбасы және отбасылық тәрбиелеу құндылықтары туралы насихат жұмысының әлсіздігі, бала мен ата-анасының денсаулық жағдайына да байланысты болып тізбеленеді. Әлеуметтік жетімдіктің негізгі себебі баланың отбасы мәселесін заңдық тұрғыда қолға алып, оңалту мақсатында кешенді көмек көрсету қажет-ақ. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 800-ге жуық бала үшін облыста сәбилер үйі, мамандандырылған балалар үйі, мектеп-интернаттар, отбасылық үлгідегі балалар үйлері, жасөспірімдер үйі жұмыс істейді. Сонымен қатар, 11 қабылдаушы ата-аналар мектебі, 2 отбасыларды қолдау қызметі тағы бар», деді Алматы облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі басқармасының бастығы Гүлнәр Ермекбаева.

Жекелеген ата-аналардың өз баларын өздерінен гөрі мемлекеттің баққанын артық санайтыны да ақиқат. Оған Іле ауданында балалар баспанасына айналған үйде 100 баланың өмір сүріп жатқаны нақты дәлел болады. Безбүйректік дейміз бе, әлде... Әйтеуір жұмыс істеуіне, жеке өмірін көңіл хошы қалағандай етіп сүргісі келген аналардың бірін мысалға келтірсек, жасы 40-қа толмаған ананың 2 жоғары білімі бар екен. Баспаналы, тұрақты жұмысы да бар болғанымен 10 жасар баласын бағудан бас тартып, бір емес, екі рет барып әрі міндеттей отырып мамандандырылған балалар үйіне өзі өткізгенін қалай түсінуге болады?

Мақаланы жазу барысында тағы бір аңғарғанымыз ішімдікке салынған әке өмір сүруіне балалары кедергі келтіреді деп санағандықтан оларды ұрып-соғып алып артынша көлгірси алдаусыратқан болады екен. Ал ішімдіктен арыла алмайтын ана балаларына мейірімді болғанымен оны тәрбиелеумен айналыспайды. Мұндай отбасылардан шыққан ұлдар өздерін есейдім деп санаған кезінде бастары ауған жаққа босып кетсе, қыздар жыныстық қатынасқа тым ерте түсіп, мектепті тастап кетеді екен. Тек ағымдағы жылдың 10 айында 40-тан астам ата-ана ата-аналық құқығынан айырылған. «Кәмелеттік жасқа толмаған 3 бала он жылдан астам уақыттан бері жетімдер үйінде тәрбиеленуде. Аналары тағдыр тәлкегіне тастап, белгісіз жаққа кетіп қалған. Әлі күнге қайда тұратынын ешкім білмейді. Әке болса балаларын бағудан бас тартып отыр. Үлкен екі бала мамандандырылған орта білім алып, еңбек етуде, кішкенесі мектепте оқып жүр», дейді Гүлнәр Ермекбаева.

«Медалдің екі жағы бар» демекші, кезінде тығырыққа тірелген аналар, отбасылар моральдық, материалдық тұрғыдан көмек алғанда бүгінде көптеген ведомстволар тағдыр тәлкегіне түскен жетімдер өмірін қалай түзеу, оған қажетті қаражатты қайдан алу, бейкүнә бейшараларды қалай баспаналы ету секілді мәселелермен бастарын қатырып отырмас еді.

Сондықтан, қандай да бір себеппен өмірге бала келді ме ол мемлекет қамқорлығына алынып, түрлі қажеттіліктерді өтейтін қаражат бюджеттен бөлініп жатса құба-құп.

Автор:
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.