Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ЖАҚСЫ ҰСТАЗ – ЖАН АЗЫҒЫ


28 декабря 2013, 05:57 | 2 533 просмотра



Ұстаздық-ұлы мамандық. Бойындағы бар білімі мен өнегесін ел келешегі- жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған, осы жолда қандай қиындықтар кездессе де мойымай жеңе білген, шәкірттерінің ыстық ықыласына бөленген, ақжарқын жан Бибаева Назигуль Тұрсынжанқызы туралы болмақ. Назигуль 1977 жылы 3 қазанда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қорам ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Анасы-Кулжамал мамандығы есепші болса да, халық әндерін майын тамыза орындайтын. Ал әкесі Тұрсынжан-ұстаз, ағаш шебері, темірден түйін түйген ұста. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, бейнетті еңбектің зейнетін көріп отырған зейнеткерлер. Екі ұл, үш қыз тәрбиеленіп өскен бұл шаңырақта, осы күні әке жолын қуған бір ұл, үш қыздың бірі – Назигуль Тұрсынжанқызы. 15 жылдан бері талмай еңбек етіп қиын да, қызықты маман иесін әңгімеге тарттық.

- «Менің әкем 40 жылдан астам уақыт ұстаз болып еңбек етті. Сурет салу, домбыра жасаумен де айналысатын. Тіпті ағаш тамырынан жасаған түрлі мүсіндері көрмелерден жүлделі орынсыз қайтпайтын»- деп кейіпкеріміз әңгімесін сабақтай түсті. «- Қазір де білгенін үйретіп, көмегін аямайды. Әкем сияқты мұғалім боламын деп мектеп қабырғасында жүргенде шешіп қойғанмын. Сондықтан мектепті бітіре салып, Есік педагогикалық колледжіне түстім. Оны бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша «Үздік дипломға» тамамдап, Алматы қаласындағы «К.Байсейітова атындағы музыкалық колледжіне» орналастым. Алғаш барғанда жүрексінгенім рас, бірақ коллдежде алған білімім мен сол мектептің білікті мамандарының арқасында бірер ай ішінде тез үйренісіп кеттім. Осы газет арқылы сол колледждің директоры Абдуллаев Охан, Зәуре, Қарлығаш апайларға үлкен рахметімді жеткізгім келеді. Білгендерін үйретуден аянып қалмады. Нағыз ұстаздар еді, мамандығына берілген. Қазіргі таңда туған ауылымда, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келемін. 7-сынып оқушыларына жетекшілік етемін».

- Тіл маманы болсаңыз шығармашылықпен де айналысатын боларсыз?

- Әрине, сабақ берумен қатар, аудандық, облыстық байқауларға қатысқанды ұнатамын. Шәкірттерімнен де соны талап етемін. Газет-журналдардан тіл, әдебиетке қатысы бар байқауларға қатысу туралы хабарландыру көрсем бірден дайындыққа көшемін. Бірде жолда келе жатсам оқушым газетке оралған гүл ұсынды. Газетті мыжып гүл орағанға кейісем де, шын ықыласымен гүл ұсынып тұрған оқушымның көңілін қимадым. Ескерту мен рахметімді айтып, үйге келіп гүлді құмыраға салып, газетке көз жүгірттім. «Ұлан» газеті. Ең соңғы бетінде «Ауылымның түтіні қымбат маған» тақырыбында мақала жарысының ережесі бірден көзіме түсті. Уақыт оздырмай бірден мақала жазуға отырдым. Қабылдайтын ең соңғы күн екен. Бағым жанып «Алғыс хатпен» марапатталдым. «Қазақстан Ұлттық телеарнасы» ұйымдастырған «Сөз- мерген» тіл-танымдық байқауға қатысып, бас жүлде «Жаркент Арасан» шипажайына жолдама алып, демалып қайтқаным бар. «Білім кілті» журналы ұйымдастырған ашық сабақтар жоспары сайысында «Алғыс хатпен» марапатталсам, мұғалімдер арасында ұйымдастырылған «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» байқауында ауданда ІІІ орынды иелендім. Республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарға 21 мақалам мен ашық сабақтар жоспарым жарияланды.

- Шәкірттеріңіздің жетістігі туралы да айта отырсаңыз...

- Оқушылардың жазғы демалыс кезіндегі мектеп жанындағы лагерде жүргенде балалардың әр күнін қызықты етіп ұйымдастыруға бар күшімді салатынмын. Бір күні Нестаева Назерке атты оқушым естелікке суретке түсуімді өтінді. Бір аптадан кейін «Ұлан» газетінің бетінде жарияланған мақаласы мен суретімізді көргендегі қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Маған үлкен тосын сый болды. Оқушымның жетістігіне қуандым. Сынып бойынша «Мектептегі мерекелер», «Мөлдір бұлақ» атты журналдардың мұқабасында жариялану да кішігірім жетістігіміз деп білем. Қанатбек Абылай, Нұғыман Серік атты оқушыларым да Абай аталарына арнауы журнал бетіне жарық көрсе, Тілеубек Тілек «Мұзарт шыңның мұзбалағы» атты ақиық ақын Мұқағали оқуларының жеңімпазы атанды. Былтырғы оқу жылында ҰБТ-ден қазақ тілі пәні бойынша 100% сапа, 100% үлгерім көрсетті. Жалпы әр оқушымның мен үшін орны бөлек. Бітіріп кетсе де телефон шалып, үйге қонаққа келіп бұрынғы альбомдағы суреттерді көріп «Менде мұндай сурет жоқ. Мұны қашан түскенбіз» деп таңғалып, жетістіктерімен бөлісіп отырады. Кеңеседі.

- Өзгеріс еніп жатқан қазіргі білім саласына көзқарасыңыз қандай?

- Шыны керек, біреу дұрыс дейді, біреу бұрыс деді. Елден мың рет естігенше бір рет көзбен көрейін деп 110 мұғалімі бар мектептен ең алғаш болып үлкен үміт арқалап 3 айлық «Өрлеу» біліктілігін арттыру курсына бардым. Өз көзіммен көрдім, оқыдым, сертификат алдым. Енді мені мазалаған сұрақтарға өзім жауап таба аламын. Маған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен Кембридж университетінің білім беру факультеті бірлесіп әзірлеген деңгейлік бағдарламасы ұнады. Ең алғаш рет барғанда түсінбей, шет елдік терминдер мен ғалымдардың аттарын естігенде таңырқап тосырқағанымыз рас. Дайын білімді бізге көрсетті, жасатты. Шығыс данасы Конфуций айтқандай: «Айтсаң ұмытып қаламын, көрсетсең үйреніп аламын, ал өзіме жасатсаң мәңгі есімде қалады». Өн бойымыздан өткіздік. Бірақ уақыт өте түсінген сайын қызықты бола бастады. Жеті модуль кереметтерін ұғынып, түсінуіміз тренеріміз Жақыпова Назима Балапанқызының еңбегі деп білемін. Бірден: «Ол мынандай дүние»,- деп барлығын жайып салмай, өзіміз түсініп, көзіміз жетіп, ұғынғанша төзімділік пен шыдамдылық танытқан тренерімнің шеберлігі маған үлкен өнеге болды. Сабақта осы бағдарламаны қолданған сайын күннен күнге өзіме жаңалық ашқандай боламын. Бұл бағдарламаның берері мол.

- Мұндай курстан өтпеген мұғалімдерге әлі де түсініксіз болар. Кеше мен бүгінгі сабағыңыз бен шәкірттеріңізді салыстырып көріңізші

- Кеше- оқушыны (жалпы айтып отырмын) екі-екіден партаға отырғызып, жаңа сабақты қозғалмай, алаңдамай , мұқият, зейін қойып, артына қарамай жаңа сабақты тыңдауды бұйыратынмын. Мысалы, «Септеулік шылауларды» өткенде 4 септікте тұратынын және қай септіктерде, не үшін түгел айтып түсіндіремін. Сыныпта білімі төмен оқушыларға жеке тапсырма беремін. Үй жұмысын орындап келген оқушы да өзгеге көрсетпейді. Неге өзің орындамадың деп кінә артады. Бұрын мұғалім осы тақырыпты жылдан жылға қайталап келді, тағы да өзі түгел айтып шықты. Ал оқушы кейбірі тыңдады, кейбірі тыңдамды. Алты сабақ бойы қозғалыссыз отырудан жалықты. Зеріккеннен мұғалімнің сабақ айту барысында «Жаңағы», «әлгі», «содан соң» секілді сөздерді неше рет қайталағанын іштей санап өзіне сабақ аяқталғанша ермек тапты. Оқушы тек жаңа сабақты тыңдаушы. Түсінгенін баяндаушы.

- Қазір- оқушылар 4-5-тен топтасып отырады. Және топқа бөлу кездейсоқ болады. Түске, геометриялық фигураларға,т.б. байланысты топқа бөлуге болады. Тура осы тақырыпты өткенде шылаулардың түрлерін жазған қиықшаларды алдына тастап топтастыруды тапсырамын. Білгенін айта отырып, топтастыра бастайды. Олар ақылдаса келе топтарға бөледі. «Не үшін?» деген сұраққа өз ойларын дәлелдеп қорғайды. Естіп тұрған топ оларға ой қосады, мүмкін жіберген қателіктерін түзеу арқылы өздері көз жеткізіп түсінеді, түзетеді. Кестелі постерге әр септіктің тұсына сай келетін қиықша шылауларды желімдейді. Қанша септік шылауларды қабылдады? Неге? Көз жеткізеді, түсінеді. Себебін анықтап, қолмен жасап көреді. Бұрын парта соңында отыратын балалар енді, кезегі келгенде не айтарын озат оқушылардан сұрайды. Бір-біріне енді сен сөйлейсің, кезек маған келді деп сабақ айтуға алдын ала даярлана бастайды. Нәтижесінде- мұғалім аз, оқушы көп сөйлейді. Оқушы өз ойын дәлелдеуге тырысады. Мұғалім бағыттаушы. Оқушыларға жаңа білімді игеру қызықты әрі түсінікті болды ма? Келесі жылы осы тақырыпты өткенде тағы нені ескерген дұрыс. Тапсырма дұрыс таңдалып алынды ма? Қай тұсы ашылмай қалды? Оған келесі сабақта оқушыларға қандай тапсырма даярлап келсем болады? деген сұрақтар бойынша мұғалім оқушылар іс-әрекетіне қарай жұмыс жасайды.

- Оқушы жауабы дұрыс болмаған кезде?

-Кеше- Оқушы жауабы дұрыс болмаса, мұғалім: «Серік сен түсінбепсің. Отыр. Кім дұрыс жауабын біледі»,- деген сөз тіркестерін пайдаланады. Бұдан соң оқушы жауабын дұрыс тапса да, қате болып қалар деп үндемеуге көшеді.

Бүгін-«Серіктің жауабын тыңдадық. Ал кім тағы қандай жауапты ұсынғысы келеді»,- дегендей жетектеу арқылы дұрыс жауапты табады. Әр оқушы оған үлесін қосуы мүмкін. Бұрыс жауап айтқан бала өз жауабын өзі түзейді немесе өзгелерден үйренеді.

Кеше - үйден оқып, тапсырманы орындап келген оқушы көмек сұраған оқушыға көмектеспейді (көп жағдайда). Озат оқушылар төмен деңгейлі оқушыларды көзге де ілмейді. Олар мектеп бітіргенге дейін осылай сыныптан сыныпқа көшіп жүре береді.

Бүгін – сыныпта әр түрлі тапсырмалар орындау барысында (сурет салу, өлең шығару, шағын қойылым қою) оқушының жеке қасиетін ашу. «О, Жақсылық біздің топқа түсіпті. Енді сурет салудан қиналмайтын болдық, постермен жұмыс істегенде»,-деген сөздің өзі, төмен деңгейлі оқушының достарына көмектесе алатындығына көзін жеткізді, өз- өзіне деген сенімі артты. Тіпті парта соңында отыратын оқушының кітап ақтарып дұрыс жауабын іздеп отыруының өзі еңбек емес пе? Ең бастысы ортада оның да орны бар екенін ұғындыру. Қызығушылығын арттыру арқылы білім алуға жетелеу.

- Осы әдісті қолдану барысында есте қалған қызық оқиғаңыз?

- Ең алғаш курстан келіп сабаққа кірдім. Түстер арқылы топқа бөлдім. Енді ылғы осылай топқа бөлінетінімізді айтқанда Бекзат есімді оқушы: «Ой, апай! Қандай керемет! Әйтпесе Ержанды тек сен ғана оқыта аласың. Сені ғана тыңдайды деп міне үш жыл болды бір партада отырғанымызға»,-дегені. Төмен деңгейлі оқушым Жақсылық сабақтан қаша беретін, қала берсе партаны сызатын. Осы бағдарлама бойынша сабақ өткенде, оның бір сөзі дұрыс болса да, Жақсылық дұрыс айтты деп қасында болсам басынан сипап өтетінмін. Бір күні ол достарына «Апайдың қолы мақта сияқты жұмсақ, күн сияқты жылы екен»,-деп айтыпты. Қанша жоғары сынып оқушы болса да, біздің жылулығымыз бен мейірімімізге зәру екенін түсіндім. Әр баланың жотасынан дұрыс деп қағып өткеннің өзі олар үшін үлкен мадақтау, қуаныш.

Сабақ соңында

Кеше – оқушы үй тапсырмасын алады. Сабақ қалай өтті, оқушыға ұнады ма, жоқ па ешкімді қызықтырмайтын.

Бүгін- әр оқушыға стикер таратылады. Оқушы өз ойын жазады. Бұл құпия түрінде жазылады. Сабақ ұнады ма, жоқ па. Оқушы көңіл күйін смайликтер арқылы да анықтауға да болады. Стикерлерін сабақ соңында «Көңілді», «Бейтарап», «Көңілсіз» смайликтер тұсына жабыстырып кетеді. Мұғалім оларды оқу арқылы өзіне баға береді, жұмысына талдау жасайды.

Бағалау

Кеше – қанша шынайы бағаладым десек те не баға алған оқушының, не өзге сыныптастарының көңілі толмай отырады. Оған себеп: туысың, құрбыңның баласы, көршің, т.б. Жақсы оқып келсе, қиналмайсың, оқымай келсе ше?

Бүгін-өзін өзі критерийлер бойынша бағалайды: үй жұмысын орындадым ба, сабақта белсенді қатыстым ба, т.б. немесе топ бағалайды. Шынайы баға қойылады. Оқушы да өз деңгейін бағамдайды.

- Мектептегі әріптестеріңіз бұл әдіс- тәсілді қалай қабылдады?

- Ең алғаш рет үш айлық курс болады дегенді естігенде, кәдімгідей әбігерге түскеніміз рас. Біріміз бала-шағаны ойласақ, біріміз үйдегі ата-ене, жолдасымыздың қабағына қарадық. Айтып өткендей бұрынғы курстардан қандай өзгешелігі бар екендігі қызықтырды. Алғаш болып мектептен мен барғандықтан әріптестерім тағатсыздана күтті. Бір сөзбен қалай жеткізетінімді түсіндіре алмадым. Бірақ бірте-бірте сабағыма қатыса отырып, педагогикалық, әдістемелік кеңестерде, өткізген семинарларыма қарап үйрене бастады. Болды, біз енді зейнеткерлікке жақын қалдық, енді жастар сендер оқыңдар дегендер де болды. Бірақ қызығушылық танытып, келесі курсқа барсам деп тізімге жазылып, сұраныс беріп жатқан мұғалімдер саны көбейді. Сабағыма қатыса отырып, кеңес алып өз сабақтарында қолданып жүрген мұғалімдер де баршылық. Атап айтсам: Жаныбекова Шайкуль, Бибаева Айгуль, Сарибаева Света, Ахатова Рая, т.б.

- Болашақта алдыңызға қойған мақсатыңыз жайлы бөліссеңіз

- Бұл деңгейлі бағдарлама болғандықтан алдағы уақытта ІІ, І деңгейлі курстарды да оқып үйренсем деймін. Шәкірттерім Қазақстанның туын биікке желбірететін білімді, тәрбиелі, Отанына адал қызмет ететін тұлға болып өссе деймін. Өзім де заман ағымынан қалмай жаңашылдықты игеру, ізденіс арқылы жетістіктерге жетсем.

А.Байтұрсынов : «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана шәкірт жанына нұр құя алады»,-демекші, оқу, іздену арқылы ғана жеңісіне жете алатын мұғалімдерге шыдамдылық, төзім, денсаулық тілеймін.

-Сұхбатыңызға көп-көп рахмет! Табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл Сіздің барлық істеріңіз бен бастамаларыңызға ақ жол ашып, мол табыстар ала келсін. Үздіксіз ізденісіңіз жетістіктерге толы болсын!

Автор:
Динара АУЖАНОВА өз тілшіміз