Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Қисынды ойдың шебері


3 сентября 2009, 03:01 | 2 163 просмотра



Немесе Шағантаудың әйгілі ұстазы, математик Бөлеген Базарбайұлы жайында бірер әңгіме

Шағантаудың ұстаздарын жазбақ болып жүріп, мен үлкен бір дүниеге тап болдым. Қазақтың байырғы тағдыры – Алаштан арқау алған елдің аяқасты күйреуі. Биік тауға математиктігімен аты әйгіленген марқұм ұстаз Бөлегеннің әкесінің аты Базарбай екен. Балаларының аты – Төлеген, Бөлеген, немересі Жебеген. Енді осы ойдан бастап өрбіте бер!.. Қаймағы бұзылмаған түгел қазақ (бүгінде әлем төріне «шашылып кеткен») ежелгі дәстүрін ХХ ғасырдың басына дейін сақтап келгендігі.

Яғни, бізге аңыз іспетті сезілетін «Қыз Жібек» дастанының сол күнге дейін ауызекі жатталып, кейіпкерлердің аты қазақ баласына қалпы бұзылмай беріліп келгендігі... Қойбышқа аты шыққан әйгілі ұстаз, математик Бөлегеннің әкесі Базарбай болғандығы – осы ойымызға айғақ. Түбі бір қазақтың атасы Базарбай, баласы Төлеген, Бөлеген дегенді аңғартып тұрғандай. Бірақ та, атам қазақ қазан тәркілеуіне дейін Атыраудан Алтайдың күнгейіне біртұтас ел болып келгендігі. Әуелде Базарбай аға осы елдікті білген. Елу төрт жасында Қытайдан еліне қайта оралып, елу алты жасында өз жерінде бақиға аттанған. Сонда бұның несі мәнді деп сұраңыз! Сөзім шұбалыңқы болар, бірақ түйгенімді айтайын. Зұлмат саясат – 1927 жылдан қазақ даласында жаппай тәркілеу (кәмпеска) басталды. Осыны алдын-ала сезген данагөй қария, күз жайлаудан оралмастан бүгінгі Қытай жеріндегі (бұрын бұл өлке де тұтас қазақтың жері болатұғын!) Күнеске қарай ығысқан. Демек, арғы бетте қалып қойған. «Сай сайға құяды, бай байға!» дейді, бүгінде Бөлеген мұғалімнің жүзін көріп, тәлім алған шәкірті Сансызбай. Ауылға 28 адамды екі жанұя келіп қосылды. Соғыстан әден зардап шегіп, түтіні азайған жергілікті жұрт бұларға қатты таңданды. Ауылда мұндай жан саны көп жанұя түгілі, түгел Отанның соғысқа күйреп, ертәндісі азайған шағы еді ғой. Жесір әйел, жесір кемпір, жеткіншек жетім, мүгедек қария деген секілді. Арғы беттен қаймағы бұзылмай, түгел оралған қазаққа міскін ауылдың таңданғаны да сондықтан болатын. Мен сіздерге жаңылтпаш айтып отырмаған сияқтымын. Шынында да, жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ тағдыры мен қазақ қоғамы дәл осылай өрбіген. Сондықтан да тіліміз көне, дініміз таз. Зұлматтан ұрпағын сақтаған атамыз Базарбай күзде ел етекке түсерде бала-шаға, мал-жанын сақтап арғы бетте қала берген. Бұл – ұлы қазақтың генетикасын алпауыттар ауызынан сақтап қалудың сол кездегі бірден-бір озық тәсілі болатұғын. Бәстесесіз бе?! Олай болса, қазіргі қалың дүниеден қазақы қалпымен атамекеніне келіп жатқан қара қазақты қайда қоясыз?!

Елге қадірлі ұстаз Бөлеген дәл осы тағдырды бастан кешкен адам болған. «Арғы беттен келгендер математикаға жетік болды!», - дейді Сансызбай. Сансызбайдың айтары дұрыс, бірақта сонау зобалаңды тұста қазақтың білімді мен біліктілерін «халық жауы!» деп тоталитарлық жүйе түбірімен құртқан жоқ па?! Әлі күнге дейін әлемнің данышпаны Аристотельден асқан ұстаз, ғұлама Құнанбайұлы Абайдың көзін көрген ұрпақтарын құмалақтай санап таба алмай жүрміз. Бөлегеннің (аруағы кешірсін!) білікті, тегін жоймаған, аристократ тұқымы болғанын неге ойламасқа? Әкесі Базарбай сол үшін де діні бұзылмаған ұрпағын атамекеніне сүйреген болар.

Қазақтың (қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттың) маңдайына жазған бір «қасиет» - асылдарын өмірден озғаннан кейін жоқтау. Жоқтамасқа болмайды. Неге? Ол өмірде жоқ. Жоққа жақсыны да, жаманды да қосақтап қоса беруге болады.

Тек арғы беттен келгендер ғана емес, жұлдыз санап өскен түгел қазақ математикаға жүйрік болған. «Бір дегенім білеу» деген сияқты, тұрқы мен діні бұзылмаған қаймана қазақтың баласы жастайынан асық санап өскен. Қисынды ойды «ел етекке түскенде» деген сөйлем құрасындағы «етек» (геометрия) атауын қалай түсінуге болады. Бәлкім, Абайдың «Күз» өлеңін еске алатын шығармыз. Ел етекке түскенде қара домалақ қазақ баласы бір қара қозысын бірлеп-екілеп санап, ылдилап келе жатпайтын ба еді. Жұлдыз – аспанның көркі һәм жаратылыстың саны межелі жерге қозысын айдап жеткізген әлгі бала, салқын түнде темір қазық жастанып, аспанның жұлдыздарын санайды. Білгенінше. Білмегенін толықтырып, тақуа қария атасы айтып береді. Анау – Темірқазық, - дейді, - жарқыраған жалғыз жұлдыз, мынау шөмішке ұқсайтын жұлдыз – Жетіқарақшы, бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті... Сонан барып, көз ұшында қарауытқан қырқаларды санайды. Ақ қырқа, қара қырқа, қоңыр қырқа... Сонан барып отта тұрған аттыңшашасындағы шідердің тиегін санайды... Дала баласы осылайша туадан әлхимик, әлфизик,әлматематик болып өседі. Түн ұйқыда түс көрсе, жұлдыз санап жатады немесе қасқа құлынның тілерсегіне үш тиекті шідер түю салып жатады. Есеп-қисап қазаққа жат емес ұғым және де жаңалық емес. Таспа тілу, жүген түю, шылбыр, арқан өру бәрі есепке құралған. Қазақ ғұмырын тригонометриялық өлшеммен өлшейді – түйіні бес күндік ғұмыр.

Дүниеге жоқтан бас жасамақ болған К.Маркс пен Лениннің тағдыры адам баласын (қазақты) қисапты қисынынан ажыратты. Қыспақ қысаға салды. Адам дінінен, ділінен, тілінен безді. «Көріпкел» Настродамустың айтатын Тартария мемлекеті (СССР) құрыла бастаған тұста, оның адам жадына мүлде жат екенін түсінген ақыл ойлы адамдар сол елден безді. Соның бірі және бірегей куәгері біздің бүгінгі әңгімемізге арқау боп отырған, Шағантауға аты шыққан математик – Бөлеген. Бөлеген ата-бабасының барын құртып, аспани ақыл-ойды құрсаулаған еліне арғы беттен қайта оралған, қуанған, күйінген. Қазақтың орыс етпек болған «Тартария» қоғамының қотқа жүрмейтінін білген. Мидың өлшемі – салмақ, салмақтың өлшемі – есеп. Еліне келіп, іш-жігері қайнаған жас Бөлеген дереу математик мамандығын қалаған. Жұлдызды елдің баласының жорамалы теріс болмады. Бала күнінен қисапқа сеніп, қисапты тәрбие көрген қазақтың бір баласы Семейдің мұғалімдер

даярлайтын Институтын үздік бітіріп, бабасының кіндік қаны тамған Ақтекше ауылының алғашқы математик мұғалімі болды. Қазақы қалпынан танбаған оның жүйелі дәрісін алған талай қазақтың баласы қазақтың атақты математиктері, банкирлері болды. Түбегейлі сөзге түтіліп кетер мақтау айтудың қажеті жоқ. Бірге бірді қосса, әманда екі болады. Өзгермейді. Шағантауға аты шыққан әйгілі ұстаз-математик Бөлеген, дәл осындай қазақтың қисынды ойын көкірегіне түйген ұстаз болатын.

Автор:
Кәусар ҚАБДИҚЫЗЫ