Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ПОЧЕРК» ТУРАЛЫ ОЧЕРК


28 января 2014, 03:59 | 1 658 просмотров



Осыдан он жыл бұрын журналистер жиналып, бір мерекені тойлапты. Сонда аға журналист жас журналиске тілегінде: «Қарағым, қаламың қарымды, мықты журналист бол» депті. Бүгінгі журналистердің тілегі басқаша: -«Мониторың» жарық, «клаваң» керемет, «тышқаның » жүйрік болсын»!

Жылдан жылға компьютердің, электронды поштаның, электронды жазбалардың, смс-тердің дамуы салдарынан адам да қолымен жазудан алшақтатып барады. Қолға қалам алып, ақ қағазға ойын түсіруді өзіміз де ұмытып барамыз. Оның орнына ком-пьютермен теріп жазуды таңдаймыз. Мүмкін, жақын болашақта қолмен жазылған хат «қызыл кітапқа» енген жанауар сияқты жер бетінде сирек кездесетін шығар. 23 қаңтар – әлемде «Почерк күні» немесе «Көркем жазу күні» деп аталып өтеді екен. Бұл күннің негізгі мақсаты –адамзатқа қолмен жазылған хат, жалпы қолжазба, көркем жазудың маңыздылығы, ерекшелігін еске салу.

Көркем жазу, хаттың дамуы мыңжылдықтармен есептеледі. Сонау ықлым заманнан бері жазу адамзат тарихымен бірге дамыды. Қаншама ғалымдар мен ойшылдар адам қолымен жазылған жазудан оның мінезін, келбетін, ішкі жан дүниесін танып білуге бола¬тынын айтып өтті. 1875 жылы фрацуз аббаты Жан Ипполит Мишонер алғаш рет «графоло¬гия» терминін қолданысқа енгізді. Бүгін гра¬фология ілімі арқылы адамның психикалық күйінің қыр сырын анықтауға болатыны белгілі. Себебі, адамның жазуы, почеркі оның жан дүниесінің айнасы іспеттес. Ақпараттық- технология дамыған сайын қолмен жазу да азайып барады. Бүгінгі заман талабы компьютерді жетік білу. Қайда жұмыс істесең де алдыңнан компьютер кездеседі. Компьютер бар жерде қолмен жазу қайда!? Өркениеттің осы бір түріне өзіміз де тез-ақ үйреніп алдық. Бүгінгі заманның ада¬мы хатты қалай жазады? Ақ қағазға қаламды қолға алып, әріптерді әдемілеп жазбаймыз. Мониторға телміріп, пернетақтаны саусақтарымызбен соғып, «тышқанды» ары бері қозғап оймызды электронды түрде түсіреміз. Әріптеріміз түзу, әдемі жазылған, басқалардікі сияқты. Ал қолмен жазуда адамның инвидуалдығы, ерекшелігі сақталушы еді, себебі әр адамның почеркі ешкімге ұқсамайды.

Хат жазудың одан да жеңіл жолы қалтафонда «смс» тереміз. Қазір үлкені де, кішісі де смс-хаттар жазуға әуес. Жастар арасынан тіпті смс теруден чем¬пионат ұйымдастыруға болады. Соңғы үлгідегі смартфондарда тіпті сөзді теріп үлгермейсің, ол автоматты түрде сөзді толық өзі-ақ жазып береді. Міне, керемет, даму, прогресс деген осы шығар.

Біз өмір сүретін заман –электрон¬ды, цифрлы технологияның заманы. Электронды пошта, электронды хат, электронды карталар, электронды база –барлығы электронды. Заманның өзі бізге қолмен жазба деп жар салу¬да. Дәрігердің почеркін түсіну бір қиынның қиыны. Медициналық картаңда жазылған диагнозды мүлдем түсіне алмайтынмыз. Енді ауруханаларда да, емханаларда бәрі компьютерленген. Жақын арада электронды медициналық карталар да енгізілмек. Мектепте ба¬лалар қолмен жазады. Бірақ мектепте де түрлі электронды бағдарламаларды енгізу жүргізілуде. Бүгінгінің сәбидің тілі шықпаса да, телофонның тілін жақсы біледі. Кішкентайынан интернет, смартфон, планшеттерді білетін ба¬лалар әрине, бірінші қолына қалам алу¬дан бұрын телофонның тетігін басып ойнайды. Бұрындары жас нәресте ең бірінші қолына кітап пен қалам алса, ғалым болады деуші еді. Бүгінгіге не дейміз...? «Айтишник» болар! Айта берсең, саралай берсең, роман жазуға болады. Толғандыратын да, көкейді тесетін де мәселелер жетеді.

Ой түйін

Компьютер пайда болып, технология дамыған сайын талай мамандардың жұмысы жеңілдеді. Кез-келген прогресс өзімен бір кері әсер әкеледі. Бізге келген зиянның бірі осы - қолмен жазуды қойғанымыз. «Қолмен жазылмаған хатта жан жоқ» дейді, менің мына мақалам да пернетақтаны тоқылдатып, мониторға телміріп жазылған дүние. Жазудағы мақсатым –қалың оқарман қауымға ойымды жеткізу, санамдағы сырмен бөлісу. Осы сөздерді тере отырып, бір беттік электронды қағазға ойсалатын, ой-ландыратын дүние шығару. Қалай бұл мақалада «жан» жоқ деп айтамын? Электронды жазбаның да «жаны» бар, тек келбетін көру қиынырақ. Себебі, қолмен жазылған жоқ. Қалай болғанда да келбетімізді сақтап, жанымызды жадыратудан қашпайық!

Автор:
Мәдина ОМАРҚҰЛОВА