Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БІР ҰСТАЗ ЖАЙЛЫ ҮЗІК СЫР


3 сентября 2009, 03:02 | 3 013 просмотров



Балалы ортада қашанда қиыншылық пен қуаныш қатар жүреді. Жас та болса қиналған сәттерінде әкесінің ақылы ой салатын. Алғаш ұстаз оқуына түстім деп қуана келгенінде Ұлы Отан соғысының ардагері Нұржау ата:

- Балам, ұстаздық жолды қалапсың. Әр бала, әр үйдің еркесі, үміті ғой. Сенің міндетің бала жүрегінен орын тауып, дұрыс бағыт беріп оқыту. Қиындықсыз болмайды. Төзе біл. Еңбегіңнің жемісін көр,- деп ақ батасын берген еді.

Содан бері де талай жылдар өтіп, өмірдің ағымы талай жерлерге барыпты-ау. Қолына қалам ұстап,алғаш оқуға жаттықтырған бір кездегі шәкірттері, қазір әр салада қызмет етуде. Бастауыш сынып мұғалімі қолына гүл шоғын ұстай келген әр бүлдіршінді құшағын жая қарсы алады. Бойын тік ұстап, дұрыс жазып, оқуға назар аудартып, оқушы біліміне көп көңіл бөле жүріп, мектеп өміріндегі жаңалықтардан да тыс қалған емес. Жаңашыл ұстаз аудандық бастауыш сынып мұғалімдері әдістеме бірлестігінің жетекшісі қызметін атқара жүріп, жас мамандарға ақыл-кеңесін беріп отырады. Тәжірибелі ұстаз аудандық, облыстық байқауларға қатысып, еңбегінің нәтижесінде жүлделі орындарға ие болуда. «Білім сапасын арттыруда оқу- тәрбиесі үрдісіне білім беру технологиясын енгізудің рөлі» тақырыбымен аудандық мұғалімдер оқуының педагогикалық оқу сайысында жүлделі II- орынға ие болды. Ізденіс нәтижесінде алған тақырыбы кеңейтіліп, жеке кітапша болып шығарылып, ұстаздар арасына таратылды. Аудандық «Деңгейлік оқыту технологиясы» тақырыбымен панорамалық сабақтар байқауында III- орынға ие болса, «Үздік бастауыш сынып мұғалімі - 2008» байқауында Бас жүлдені иеленіп, облысқа жолдама алды. Облыстан құр алақан оралмай, Алматы облыстық білім департаментінің «Үздік бастауыш сынып мұғалімі -2008» тақырыбында өткен облыстық байқауында ойлау қабілетінің жоғарылығымен ерекшеленіп, «Мұғалім – эрудит» атағын иеленіп, марапатталды.

Білім алып, тәрбиеленген шәкірттері де ұстаз еңбегін жандандырып, жемісін көрсетуде. Математикадан аудандық сайысқа қатысқан Дүйсембай Гүлім III- орынды алса, «Кенгуру - 2007» сайысына қатысқан Жабекова Мөлдір ынталандыру сыйлығына ие болды.

Ботакөз Нұржауқызы отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Батырхан екеуі екі бала тәрбиелеп отырған жандар. Қызы - Мөлдір мен ұлы- Құрметжан оқу озаттары, мектеп белсенділері, өнерге жақын жандар. Мөлдір Үштөбе қаласындағы Балалар шығармашылығы орталығының фортепиано класын үздік тамамдаса, ұлы Құрметжан Абдуманапов Қаратал ауданының әкімі Қ. Медеуовтың аудан тұрғындарына мәдени қызмет көрсетуде «Қаратал әуендері» халықтық ұлт-аспаптар ансамблінің құрамында күмбірлете күй төгіп, көрермендер ықыласына бөленген, «Халықтық» атаққа қол жеткізуде тартымды еңбек сіңіргені үшін» алғыс хатымен марапатталды.

Ізденімпаз ұлдары Құрмет Кемел ата еңбегін зерттеумен айналысып келеді. Ол оқушылардың ғылыми жарыстарының аудандық кезеңінде I- орынды иеленіп, тарих секциясында оқушылардың облыстық ғылыми жарысында жеткен жетістігі үшін Алматы облыстық білім басқармасының I дәрежелі дипломымен марапатталды. Мектеп оқушысы бола тұра, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми практикалық «Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері атты» конференциясына қатыса отырып, өз ойлары мен ұсыныстарын батыл да жігерлі айта білген Құрметжан Гуманитарлық факультетінің Құрмет мадақтамасына ұсынылды. Бұл жас өреннің зерттеу жолындағы алғашқы жетістіктері.

Ұстаз жаны жаңашылдыққа толы. Әрбір сабағын жоғары деңгейде өткізіп, бала бойына білім нәрін сіңіруде өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын оқытушыдан болашақта жаңашыл ізденістер мен ғылыми жаңалықтар күтеміз.

Автор:
А.К.МАЛДЫБЕКОВА Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп