Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ТҮЙТКІЛ МӘСЕЛЕ ТІЗІЛДІ. ІСКЕ АССЫН ДЕП ТІЛЕЙІК


8 февраля 2014, 11:47 | 1 461 просмотр



Өткен аптада былтырғы жылдың қорытындысы мен биылғы жылдың басымдықтары бойынша, бірқатар министрліктер кеңейтілген алқа мәжілістерін өткізіп үлгерді. Олардың кейбіріне Үкімет басшысының өзі қатысса, қалғандарына оның орынба¬сарлары барып, ведомстволарға тап¬сырмалар беріп жатыр. Қаңтардың 31-де өткен алқа мәжілісі ҚР Білім және ғылым министрлігіне арналып, ве¬домство басшысы Аслан Сәрінжіпов өзі басқарып отырған министрліктегі бірқатар түйткілді мәселелерді тізіп шықты.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Білім және ғылым министрлігінде 2014-2016 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді. «Елбасы өзінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосудың стратегиялық мақсаттарын анықтап берді. Министрлікте 2014-2016 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді. Ол Президенттің алға қойған міндеттерін толығымен шешуге бағытталған», - деді министр. Мемлекет басшысының тапсыр¬масын орындау үшін министрлік 2016 жылға дейін ауқымды жұмыстарды жоспарлап отырғанына тоқталған А. Сәрінжіпов: «Біріншіден, мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы бала¬ларды жүз пайыз қамту үшін «Бала¬пан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылысы 9,6 млрд. теңгеге жоспарланып отыр және мек¬тепке дейінгі білімге мемлекеттік тап¬сырысты 47,2 млрд. теңгеге арттыру көзделген», - деді.

Ал, екіншіден, биылғы жылы балалар¬ды ертеден дамытудың тұжырымдамалы негіздері әзірленеді. Қыркүйектен ба¬стап балабақшаларда жаңартылған бағдарламалар пайдаланылады. Үшіншіден, жоғары оқу орындарындағы жаңа мемлекеттік тапсырыс мектепке дейінгі білімнің педагогтары үшін грант¬тар санын арттыруды қарастырады.

Сонымен қатар А. Сәрінжіпов «Ба¬лапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында өңірлерде кемшіліктер бар екенін де жасырмады. «Министрлік өз та¬рапынан мектепке дейінгі білімді дамыту үшін барлық жағдайды жасауда. Алай¬да, бүгінде «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы жетістіктерге қарамастан, жергілікті жерлерде күрделі олқылықтар байқалуда», - деді министр.

2015 жылы мұғалімдер үшін Кем¬бридж курсына ұқсас мектепке дейінгі педагогтарға біліктілікті арттырудың деңгейлі бағдарламалары енгізіледі. 2015-2016 жылдары біліктілікті артты¬ру курсынан он бес мың мұғалім өтеді. Балабақшалар саны екі есеге артқанына тоқталған А. Сәрінжіпов, бірақ та өңірлер арасында алты жасқа дейінгі балаларды қамтуда айырмашылықтар бар екенін жеткізді. Егер де Қостанай облысын¬да оның дейгейі 91 пайызды, Қарағанды облысында 87 пайызды құраса, Алматы қаласында 35 пайызды, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 36 пайызды құрап отыр. Осы орайда ол әкімдермен жасалған меморандумдар аясында жергілікті бюджеттер балабақша желісіне жергілікті бюджет көлемін арттыруға басымдық берілгенін атап өтті. Атап айтқанда, 68 мың мектепке дейінгі педагогтардың ішінде тек 58 пайызында жоғары білімі бар екен.

«Мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауды тоқтатудың салдарынан балабақшалардағы сапаның төмендеуімен қатар, балалардың денсаулығына байла¬нысты тәуекелдерді тудырды. Мәселен, өткен жылы Ақтөбе облысының жекеменшік 18 балабақшасында және Алматы қаласының 16 балабақшасында санитарлық ережелерді өрескел бұзу фактілері анықталды. Ал Астанадағы балабақшалардың бірінде бір педагогтан туберкулездің ашық түрі анықталды», - деді министр. Бұл тұрғыда министр мырза білім беру басқармалары мектепке дейінгі ұйымдарда педагог кадрларға талаптарды күшейтуі тиіс екенін тапсырды.

Бұдан кейін ведомство басшысы мектептердегі жағдайға ойысты. 2014-2016 жыл¬дары 192 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде 2016 жылға қарай үш ауысымдағы мектептер санын 13 есеге, апатты мектептерді екі есеге қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Атап өтерлігі, бұл бағытта шаралар жергілікті атқару ор¬гандары тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары уақытылы жүргізілсе ғана іске асады. Бүгінде еліміздің 1372 мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Алайда, жергілікті атқару органдары тек 439 мектепті жөндеуді жоспарлап отыр. Бүгінде пай¬далану мерзімі өтіп кеткен саман мектептердің саны 768-ге жеткен екен, ал оның 245-і - Оңтүстік Қазақстан облысында.

Сонымен қатар орта білім саласындағы келесі проблема жоғары білімі бар оқытушыларды өңірлерге теңдестірмей бағыттауға байланысты болуда. «Жоғары білімі бар оқытушыларды өңірлерге теңдестірмей бағыттау алаңдатып отыр. Өткен оқу жылында оның ең төменгі үлесі Маңғыстау облысында байқалды, яғни 75 пай¬ыз деңгейінде. Атап айтқанда, алты жыл бойы осы өңірде бұл көрсеткіш бойынша өрлеу байқалмады», - деді министр. Жоғары санатты педагогтардың үлесі бойынша Қызылорда (4%), Ақтөбе (12%), Батыс Қазақстан (12%), Атырау (12%) облыстары қалыс келе жатыр. Ауылдық жерлер жоғары санаты бар оқытушылар саны бойынша қалалаларға қарағанда аз қамтылған.

Тағы бір тоқтала кетер жайт, бүгінде оқушылар орындарының тапшылығы 113 мыңды құрап отыр. Бұл тұрғыда ең жоғары көрсеткіш Оңтүстік Қазақстан облысында 27 мың және Алматы қаласында - 23 мың деңгейінде. Апатты мектептердің көп үлесі Атырау (10 пайыз) мен Қызылорда (9 пайыз) облыстарында екен. Тиісті қадағалаудың болмауынан жаңа мектепті тапсырғаннан кейін де бұл нысандарға бірден күрделі жөндеуді жүргізу қажеттілік ететін жағдайлар орын алып жатқаны да күйзелтеді.

Бұған қоса жоғары білім саласында да елеулі өзгерістер болатын секілді. Біріншіден, 2014 жылдың барысында қолданыстағы заңнама жаңа талаптарға бейімделеді. Ве¬домство жоғары және орта буынның менеджерлер пулын даярламақ. 2016 жылға қарай менеджерлердің 25 пайызы оқытылады деп көзделіп отыр.

Айта кетейік, биылдың соңына дейін бақылаушы кеңестерді енгізіп, олардың өкілеттілігін кеңейту жоспарланып отыр. «Мемлекеттік жоғары оқу орындары ректорларының жұмысын алқалы органдар бағалайтынына олар дайындалуы тиіс», - деп тоқталды А. Сәрінжіпов.

Талдау нәтижелеріне қарағанда, жұртшылық тарапынан жоғары оқу орындарындағы жемқорлық пен білім сапасының төмендігіне байланысты алаңдаушылық бар. Министрлік мәліметінше, былтыр мемлекеттік ЖОО-ларда аттестация нәтижесі бой¬ынша 1,5 мың (11 пайыз) студент тестілеуде қажетті деңгейді еңсере алмады. Соны¬мен қатар жекеменшік жоғары оқу орындарындағы жағдай бұдан да жаман, бұндағы көрсеткіш 5,3 мыңды (32 пайыз) құрады.

Белгілі болғандай, мемлекеттік жоғары оқу орындарының студенттері 59 мамандық бойынша білімдерін көрсете алмады. Жеке жоғары оқу орындарында мұндай мамандықтар 218 (тестіленгендердің 50 пайызы) болды. Министрдің айтуынша, ЖОО- лардың сапасыз жұмысы тұрғысында мысалдар жетерлік. Осы орайда «мемлекеттік оқу орындарының ректорына бұл ахуалды еңсеруге қауқарлы ма?» деген сұрақ қоюдың уақыты жетті. Ал шағын жекеменшік жоғары оқу орындарының құрылтайшылары «өздерінің оқу орындары қоғамға керек пе және еліміздің дамуының жалпы страте¬гиясына бағыттала ма?» деген мәселелер бойынша айқындалуы тиіс. Немесе олар өздерінің жеке әл-ауқаты үшін ғана жұмыс істей ме?!

Жоғары білімі бар оқытушыларды өңірлерге теңдестірмей бағыттау алаңдатып отыр. «Жоғары білімі бар оқытушыларды өңірлерге теңдестірмей бағыттау алаңдатып отыр. Өткен оқу жылында оның ең төменгі үлесі Маңғыстау облысында байқалды, яғни 75 пайыз деңгейінде. Атап айтқанда алты жыл бойы осы өңірде бұл көрсеткіш бойын¬ша өрлеу байқалмады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жоғары санатты педагогтардың үлесі бойынша Қызылорда (4%), Ақтөбе (12%), Батыс Қазақстан (12%), Атырау (12%) облыстары қалыс келе жа¬тыр. «Ауылдық жерлер жоғары санаты бар оқытушылар саны бойынша қалалаларға қарағанда аз қамтылған», - деп яқтады есебін Білім және ғылым министріАслан Сәрінжіпов.

Мектеп салу кезінде қайта-қайта шыға беретін «бітпейтін проблемалар¬ды» айтудан шаршадық,-деп бастады сөзін салиқалы алқа жиынында Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

Соңғы үш жылда елімізде 279 мектеп салынған. Дегенмен бұл са¬лада ғимаратты пайдалануға беру мерзімдерінің тым жиі бұзылу үрдісі сақталып келеді. Мысалы, 2013 жылы 35 мың орынға арналған 50 мектепті пайдаға асыру жоспарланған болса, соның жетеуі әлі күнге дейін салынып бітпей жатыр. Сонымен қатар, Алма¬ты, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласында үш ауысымдағы мектептердің мәселесі де өзекті күйінде қалып отыр.

«Қандай құрылысқа қарасаң да, әйтеуір бір мәселе туындайды. Міндетті түрде бір-екі жылдан кейін жөндеу жұмыстарына тағы да ақша бөлу қажет болады. Бұл бір бітпейтін проблема. Бұны айтудан шаршасақ та, тағы бір рет назар аудармасқа болмайды», - деді

Г. Әбдіқалықова.

Вице-премьер, сондай-ақ, апат¬ты жағдайдағы мектептердің санын азайтуға байланысты жұмыстарды жалғастыруды да тапсырды. Оның ай¬туынша, мектеп тапшылығын жою үшін арнайы бесжылдық жоспар бекітілген.

«Желгілікті атқарушы органдарға, министрлікке аталған жоспарды орындауға, бақылауға қоюға білек сыба¬на кірісуге шақырамын», - деді вице-пре¬мьер.

Өндіріс орындарының жаны¬нан балабақшалар ашу мүмкіндігін қарастыру қажет. Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, былтыр депутаттармен бірге Норвегия мен Финляндияның жақсы тәжірибелерімен танысып қайтқан. Мәселен, Норвеги¬яда бір өндіріске барған кездерінде, ғимараттың астыңғы қабатында жас ата-аналардың балаларын қалдырып кетуіне арналған бөлмелерді көрген.

«Өндіріс орны әрине, станоктар¬сыз, тыныш жер болды. Ал астыңғы қабатта өндірісте жұмыс істейтін жас ата-аналардың балаларына арналған балабақшалар бар екен. Ата-анасы үзіліс кезінде келіп, балаларын көріп кете ала¬ды. Міне, бізге де осындай мүмкіндіктерді қарастыру қажет», - деп атап өтті Г. Әбдіқалықова.

Алқа жиында білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов біраз мәселенің бетін ашты. Баршаға белгілі, сөзге қалатын, сынға ілінетін саланың бірі – осы білім беру саласы. Беделді басқосуларда мүмкін де мүмкін емес межелер, жоспарлар қабылданады, орындалуы бұлыңғыр пікірлер ортаға түсетіні тағы бар. Еліміздің бас мұғалімі есеп берді. Әріптестері мұқият тыңдады. Талқылады. Түйгендерін өңірлеріне ба¬рып, іске асырып жатса игі дерсің.

Автор:
Ырыс АҚАДЫҚ