Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

АТА САЛТЫМ-АРДАҒЫМ


9 марта 2014, 08:54 | 1 907 просмотров



Ата дәстүрін ардақтау– қазақтың халық педагогикасының ұлттық ұжданы. Егер жеті атасына дейін ата тегін, тарихын білмейтін ұрпақ болса, оны «жеті атасын білмеген жетесіз» деп халық кінәлайды, айыптайды, жазғырад, жазалайды.

«Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, халық атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келесі ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелейді. «Шыншыл, әділетті, иманды болу сонау арғы ата–бабамыздан бері қалыптасып келе жатқан дәстүріміз» дейді де, халық сол игі дәстүрді бұзған ұрпаққа айып тартқызады. «Ат тұяғын тай басар» деп кейінгі ұрпақтың ата салтын бұзбауын талап етеді. Әулеттік тағлымдар ата дәстүріне айналып, санаға сіңіп, салтқа биіктейді.

Ата дәстүрі бойынша ең әуелі әкені, со¬дан соң атаны, ата-бабаны құрметтеп, солардың алдында ұрпақтық борыштарды өтеу–кейінгі ұрпақтың міндеті. Ол ұрпақтық борыштар:ананың ақ сүтін, еңбегін өтеу, ата дәстүрлерін құрметтеп, одан әрі ол дәстүрлерді жалғастыру, адамгершілік қағидаларды қалтқысыз орындау болып та¬былады. «Бір бала бар жасық туады, бір бала бар әкесінен асып туады» деп, халық «жасық» туған баланы тәрбиелеп қатарға қосады, «асып туған» баланың іс-әрекетін қуаттап, оны уағыздайды.

Ата дәстүрі бойынша әрбір ұрпақ, ең азы жетінші ата-бабасына дейін аталарының аты- жөнін, олардың жақсы қасиеттерін, өсиет- өнегелерін өзіне үлгі-өнеге тұтуға тиіс.

Ата тегін ардақтау дәстүрі, көбінесе, от¬басында сөз болып, ата-ана балаларын ата- ананы, ата-бабаны сыйлауға тәрбиелейді. Сондықтан жеткіншектердің елдік дәстүр, ғұрыптарды ұмытпай, санасында сақтауларын жөн көреміз.

Қалжа. «Менің сорлы шешеме қалжа қайда. Қой сат деп әкем барды көрші байға». (С.Торайғыров). Жас босанған әйелге арнау¬лы мал сойылып берілетін тамақ «қалжа» деп аталады. Жақын адамдар да қалжа әкеледі. Бұл әрі сыйластық, құрмет, әрі босанған әйел сауығып кетсін деген мақсатпен туған елдік дәстүр, ғұрып.

Тымаққа салу. Ел арасында «шала туып тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта әдетте шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді, тымаққа жылы, әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан күн кереге басы арқылы есептеледі.

Бесікке салу. «Әлди-әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем» (Бесік жыры). Бесік– қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есетеледі. Жаңа туған баланы бесікке салу жолы үлкен, елдегі тәрбиелі, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап, тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік салған адамға бесікке салар яғни, кәделі сый беріледі. Осындай қуаныш үстінде «Бесік жыры» ай¬тылады:

Тыштырма. Сәбиді бесікке салар кез¬де бесіктің түбегі тұратын тесіктен құрт, ірімшік, тәттілер өткізіп, «тышты», «тыш¬ты» деп ырым жасайды және оны тыштыр¬ма деп атайды. «Тыштырманы» әйелдер ырымдап бөлісіп алып, бала-шағаларына үлестіріп береді.

Иткөйлек (ғұрып)–ырымшыл халқымыздың баланы қырқынан (туғанына қырық күн толған күн) шығарғаннан кейін оның көйлегіне тәтті түйіп, оны иттің мойны¬нан байлап жіберетін дәстүр бар. Итті ба¬лалар қуып жетіп, мойнындағы ит көйлекті шешіп алып, тәттісін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырым қылып ала¬ды.

Қырқынан шығару. Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сан¬дары қасиетті деп есептеледі. Мысалы «Жеті қазына», «бір тоғыз», «үш тоғыз», «қырықтың бірі–қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымынан пайда болған. Соның бірі баланы «қырқынан шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң, оны ыдысқа 41 құмалақ салып-41 қасық су құйып шомылды¬рады. Бұл-рәсми дәстүр.

Тұсаукесер. «Тұсауыңды кесейін, Қүрмеуіңді шешейін» («Тұсаукесер» жыры). Сәбидің қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, оны аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайба¬сар адамдарға кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу ша¬шылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді.

Тұмар. Бала ауырғанда молдаларға дұға жаздырып оны үшбұрыштап матаға не теріге тігіп баланың мойнына тағып қояды. Бұл пәле-жаладан, тіл-көзден, ауру–сырқаудан сақтайды деген діни ұғымнан туған. Тұмардың түрлері көп, оны кейде жас төлдерге ауырған малға да тағады.

Тұлым. «Сәрсеке! Көңілге солай екен дұрыс та ғой, ләкиінде шариғатта балаға тұлым қою дұрыс емес» (М.Дулатов). Баланың (ұл, қызды) кішкентай кезінде шашын өсірмей екі шекесіне екі шоқ шаш қояды. Мұны тұлым деп атайды. Тұлым көбінесе қыз балаға қойылады және ол сәбиге лайықты ғұрып.

Айдар. «Тұлымдысын тұл қылды, Айдарлы¬сын құл қылды» («Қобыланды»). Балалардың төбе шашын ұзартып өсіріп, моншақ ара¬ластыра өріп қояды. Мұны «айдар» дейді. Бұрын ел бұл ғұрыпты көп қолданған. Мы¬салы, Кенесарының інісі атақты Наурызбай батырдың ұзын айдары болған. Балаға Айдар деп ат қойылады, ол осыдан шыққан. Бұл ғұрып ер балаға жасалады. Сәбилерге шаш орнына кекіл, тұлым да қойылады.

Мойнына бұршақ салу. «Ұлы Қорамсадан көпке шейін бала болмаған соң, Жарқынбай бәйбішесі тоғыз қызымен көгеннің бұршағын мойнына салып, тәңірден немере тілейді» (М.Жұмабаев). Баласыз адамдардың мойны¬на көгеннің бұршағын салып құдайдан ұрпақ тілеуі ертеден келе жатқан әдет. Бұл тағдырға мойын ұсынып, тәңірге шын беріліп, оның барлық әміріне көнудің және ақ тілеудің белгісі.

Бала асырап алу. Баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы, яғни, бауыры¬на салуы ежелден бар қағида. Мұның да жөн- жоралары бар. Мысалы, жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасымен етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыра¬ушысы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі.

Автор:
Ляйля ОРМАНБЕКОВА, Талдықорған облыстық көмекші мектеп- интернатының дефектологы.