Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

КІМДІ ТӘРБИЕЛЕЙМІЗ, КІМ ТӘРБИЕЛЕЙДІ?...


15 марта 2014, 06:53 | 1 590 просмотров



Білім беру мен тәрбие ісі - тұтас алғанда қоғамдық өркениет өнімі, қоғамдық іс. Жеке тұлғаны қалыптастыратын адам¬зат қызметінің өте нәзік, әрі өте күрделі сала. Қазіргі кезде материалдық өндіріс саласындағы табиғат тепе - теңдігін сақтаудың экологиялық проблемалары төңірегінде сан алуан зерттеулер жүргізілуде Ал рухани өмір мен тәрбие қызметіндегі про¬блемалар туралы тұжырымды зерттеулерге назардың аударылу жайы ойландырарлық деңгейде.

Қазіргі теледидар мен баспасөз, интернет өнімдерінің жастар тәрбиесіне моральдық- адамгершілік тұрғыда жасап отырған ықпалы гуманизмге сай келе бермейтін дәлелдеудің қажеті болмас. Адамдардың бірін-бірі жатсы¬нуы, адамның табиғи сезімдерін, игі істерін, санасын іштей ірітіп жатқанын жасыру мүмкін емес. Жастарға психологиялық ықпал ету амалдары арсеналында қатыгездік, жалаң күшке табыну,зорлықшылдық т.б. толып жатқан құралдары аренаға шығарылуда.

-Адамдарды «төмендегілер» және бәрін жасауға қақысы бар «жоғарғыларға» бөлу қазіргі өмір көрінісі.Қазіргі өмірдің адамгершіліктен алыстай түскен көріністері,оның негізгі себептері мен салдар¬лары назардан тыс қалуда. Зорлық дүниесі – ересектерді де, жасөспірімдерді де өзіне бағындыруда. Қатыгездіктер ұрығы әсіресе жасөспірімдер санасында оңай өсіп жетілетіні саясатшыларды алаңдатпай отыр. Зорлық пен қылмыс жасаған адамдармен қоса, сол қылмыс жасауға апарған әлеуметтік жүйені қоса жауапкершілікке тартатын уақыт әлі болмаған сияқты.

Экология - адамзаттың кез келген қызметінің шекарасы . Күнделікті тіршілік әрекеттеріміз белгілі бір шекара шеңберінен шығып кетсе, жеке адамдардың да, қоғамның да мүддесін бұзады. Адамзат білім мен тәлім - тәрбие жөнінде мол тәжірибе жинақтады. Содан керектісін іріктей білу, ұрпағымыздың тұлға болып қалыптасуына белгілі бір шекараға дейін ықпал ету мүмкіндігін естен шығармаған дұрыс еді. Алдымен адамнан адам жасау керек пе, әлде маман жа¬сау керек пе деген мәселе төңірегіндегі мақсат айқындалуы керек.

Әлемнің педагог-ғалымдары жаңа ғасыр адамы туралы «кім тәрбиелейді?» , «кімді тәрбиелейміз?» деген мәселелер төңірегінде зерттеулер жүргізіп, тәрбие жүйесінің теориясын жасау мақсатында жұмыстануда. Өткен ғасырдың ақыры мен жаңа ғасырдың басында дүние жүзінің 43 елінің педагог ғалымдарының қатынасуымен өткен « «Тұлғаның қалыптасуындағы әлеуметтік фактор-лар» атты халықаралық конгресте, қазіргі заманғы жастардың әлеуметтік бейнесін жасау, жастар мәселелерін зерт¬теу қажеттілігі туралы ұсыныстар ұсынған еді.. Осыған орай, батыс ғалымдарының «жасөспірімдер тану» жөніндегі зерттеу еңбектері жарыққа шыға бастады.Бірақ ол еңбектерде жазылған зерттеу дәйектері көбіне ауқатты отбасылардың балалары қамтылғаны, ал қаладағы қарапайым от¬басылар мен ауылдағы шаруа балалары сырт қалғандығы мойындалған болатын.

Қазіргі «Жастар тану» мәселесінің еліміздегі жайы белгілі. Жастар мәселесін мемлекет саясат деңгейіне көтеру жайы қолға алына бастады. Бұл құптарлық. Бірақ осы саясат қалай жүргізіліп, қалай іске асырылып жатыр ?.... Абай кз. сайтын¬да жарияланған « Жастар саясатындағы жемқорлық» мақаласында айтылған жай¬лар ой саларлық. Жас ұрпақтың білімді де, тәрбиелі болуына саясат та, экономика да, мәдениет те қызмет етуі тиіс. Жастардың теңдікке, рухани, моральдық жетілуіне кедергі жасайтын кедергілерді жоюға шын¬дап бет бұрмаса мораль, ар-ұят деп ай¬тып жүргендеріміздің бәрі шынайы өмірдің пародиясы болып қала береді. «Қоғамда бағаланатын құндылықтар қайсы?», «Әлеуметтік шаралар және олардың нәтижесі қандай?», «Саяси санамыз табиғи туынды ма, әлде ол жасанды сана ма?», «Ұлтты келбеттейтін тұлғаларымыз кімдер?», міне, бүгінгі жастар осындай сұрақтарға жауап іздейді.

Жастардың қазіргі проблемалары стихиялық сипаттағы, басқаруға көнбейтін құбылыс сияқты болмауы керек. Әлеуметтік әділеттілік пен рухани құндылықтарға жастардың қолын жеткізетін жағдай жа¬салуы қажет. Адамгершілік мұраттарын ұлықтайтын ақыл-ой тәрбиесі, мінез-құлық тәрбиесі, сезім тәрбиесі, іскерлік қарым- қатынас тәрбиесі бағдарламалары енгізілген жаңа тәрбие арнасы жасалуы керек. Бүгінгі мектеп партасында отырған жастарға сонау XIX ғасырдың зиялылары жазған «Жақсы мінез-құлық ережесі» , « Әдептілік туралы оқулық» секілді өмір оқулықтары қажет. Еліміздің бүгіні мен ертеңі экономиканың әр саласын білгірлікпен игеріп кете ала¬тын, әлемдік сахнада кәсіби дайындығымен ғасыр өркениетімен тең тұра алатын білікті де, тәрбиелі жастарды тәрбиелеу - мемлекетіміздің бірінші кезектегі міндетіне айналдырылса дейсің...

Автор:
Сәкен БОЗАЕВ, Атырау облысы, Құлсары қаласы.