Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ізденімпаз ұстаз


23 апреля 2010, 05:07 | 2 817 просмотров



Техниканың дамыған, халықтың білім деңгейі жоғарылаған шақта мұғалімдік қызметке қойылар талап та күннен күнге күшейіп келеді. Қазір оқытушыға білімімен қатар, әдіскерлік шеберлігін де шыңдау басты міндет. « Қырық жыл мұғалім болсаң да – қырық бес минуттық сабағыңа тиянақты әзірлен» деген қағида бар. Әрбір мұғалім өзінің сабағына жан-жақты әзірленіп, заман талабына сай әдіс-тәсілдердің тиімдісін қолдана отырып, оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет.

Осындай қағиданы басты назарда ұстанып жұмыс істеп жүрген ұстаздар да жетерлік. Солардың бірі әріптесіміз Панфилов ауданындағы Е.Сыпатаев атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Қасымова Күлғайша Нұрғазықызы – осы талап үрдісінен шығып жүрген жан. Ол Алматыдағы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының математика факультетін бітірген. 1984 жылдан бері осы мамандықтың қыр - сырына үңіле еңбек етіп келеді. Ол әр сабағын жоғары әдістемелік деңгейде өткізуге көп күш салады. Жаңашыл педагогтардың іс- тәжірибелерін үзбей қадағалап отырады. Оқыған жаңалықтарының ішінде жалт еткені болса, қолайлы, тиімді дегендерін өз сабағына пайдаланады.

Білім берудің жаңашыл технологияларын игеруге ден қойған Күлғайша Нұрғазықызы әр сабағында деңгейлеп және дамыта оқыту, модульдік оқыту, сатылай кешенді талдау әдістерін пайдаланып, әр баланың қабілетін ашуға баса зер салады. Оқыту әдісіне жетік ұстаздың «Комбинаторика негіздері», «Рационал және иррационал көрсеткішті дәрежелер», «Қарама – қарсы сандар. Рационал сандар», «Рационал сандарды көбейту және бөлу», «Екі айнымалысы бар теңдеу, графигі, теңдеулер жүйесі», «Квадраттық теңдеу түбірлерінің формуласы», «Қосу формулалары», т.б. сабақтары мен сыныптан тыс жұмыстары

«Тапқыр болсаң талас жоқ», «Сандар әлеміне саяхат», «Бәрі де сандар туралы», «Математика патшалығында», «Математика сұлтаны», т.б. сабақтары әріптестері мен мектеп әкімшілігі тарапынан жоғары бағаланды. Аудандық математика пән бірлестігінің семинар-практикумы кезінде өткізген «Екі жұлдыз» математикалық интеллектуалды шоу бағдарламасы мазмұнды әрі тартымды өтті. Осындай сан қырлы ізденістерінің нәтижесінде оқушылардың жеке ерекшелігіне қарай қабілетін ашатын «Математика және бизнес» атты 10-11 – сыныптарға арналған бағдарламасын жасап шықты.

Автор:
Айтқабылов Серік Кеңесбайұлы