Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Ұстаз жолы қиынырақ басқадан...


22 апреля 2010, 23:15 | 3 520 просмотров



«Ұлағатты ұстаз ғана білікті шәкірт тәрбиелейді» деп данагөй бабаларымыз айтпақшы, ұстаз алдында кімде-кім болса да бас иетіні хақ. Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. “Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Сондай білікті де білімді ұстаздардың бірі де, бірегейі - М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сыдықова Бақыт Балтабайқызы.

Бақыт Балтабайқызы Ақсу өңірінің тумасы. 32 жылдық саналы өмірін білім саласына арнаған ұстаз. Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып, университет қабырғасынан түлеп ұшқаннан кейін, өз мамандығы бойынша мектепке мұғалім болып орналасқан. Бар өмірін жас ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына арнап, іздену мен үйренуден тынбайтын, жаңалыққа жаны құмар ерекше мейірімді тұлға екенін шәкірттері де үнемі зор сеніммен айтып жүреді. 18 жылбойы М.Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, болып қызмет атқарып келеді. Мектептегі пән бірлестігінің жетекшісі, жоғары санатты ұстаз. Білім министрлігінің, Облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен, Қалалық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен талай мәрте марапатталған білікті маман.

Өз мамандығын шебер меңгерген ол, көп жылдан бері шығармашылықпен еңбек етіп келе жатқан жаңашыл, тәжірибелі ұстаз екендігін бірнеше рет дәлелдеді. Шәкірттеріне ана тілінің мәйегін түсіндіріп, қастерлей білетін, өз халқының тарихы мен мәдениетін таразылап, рухани құндылықтарды бойына сіңірген, елжанды тұлға тәрбиелеуде өзіндік із салып келе жатыр. Қарабастың жайын емес, қараша жұрттың қамын ойлаған Бақыт Балтабайқызы өзінің ұстаздық жолында талай шәкірттерді қоғам игілігі үшін тәрбиелеп, ел болашағын қалыптастыруға атсалысты. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. «Оқытудың озық технологияларын пайдалана отырып, оқушының еркін шығармашылық қабілетін дамыту» атты келелі мәселе бойынша жұмыс істеуде. Осы мақсаттан шығу үрдісінде В.В. Давыдов, Д.Б.Элькониндердің дамыта оқыту технологиясы, «Сыни тұрғыдан ойлау», М.Жампейісованың «Модульдік оқыту», Ж. Қараевтың «Деңгейлеп–саралап оқыту», «Дебат» технологиясы, Н. Оразахынованың «Сатылай комплексті талдау», Қ. Бітібаеваның озық әдістемелерін және ғаламдастыру заманының ең басты талабы - компьютерлік оқыту технологияларын өзінің тәжірибесінде кеңінен қолданып келеді. Қалалық, аймақтық семинарларда пән бойынша сабақ үлгілерін көрсетіп, әріптестерімен іс-тәжірибе де алмасып отырады.

Бақыт Балтабайқызы қазіргі таңда 12 жылдық білім беру бойынша эксперименттіксыныптарда сабақ береді. Жыл сайын байқау оқулықтарын талдауға қатысады. Осы сыныптарда өткізген Абайдың «Отыз үшінші қара сөзі», «Қорқыт туралы аңыз», «Буын, оның түрлері» атты сабақтары шығармашылық ізденісінің жоғары деңгейін көрсетті. Сондай–ақ, оның «Фонетика саласын өтуде оқушылардың сауаттылығын арттырудың жолдары» тақырыбындағы іс-тәжірибесі АОМКДИ-да 2006 жылы «Оқушылардың функционалдық сауаттылығы - күтілетін компетенция» атты жинақта басылды, «Тіл стилистикасы» атты авторлық арнайы курсы мектеп ішінде оқытылуда. Өзінің әріптестері жайлы, мектептегі, жалпы қоғам өміріндегі жаңалықтар туралы қалалық, облыстық баспасөз беттеріне мақалалары жарияланып тұрады. Ұстаздың шәкірттері алдыңғы өткен оқу жылында ҰБТ-ның қорытындысы бойынша қазақ тілі пәнінен 90-100% көрсеткіш көрсетті. Сондай-ақ, 2007 жылы шәкірті Думан Алтынбекұлының «Ж.Бегімбетов–айтыскер ақын» атты тақырыпта қорғаған ғылыми жобасы КҒА-да Республика бойынша І орын жеңіп алды. Думан бүгінгі таңда қоғамдық-саяси «Алатау» газетінде жауапты хатшы қызметінде. Тағы бір шәкірті облыстық «Жетісу» телеарнасында диктор болып қызмет істейтін Диас Бабаш, бірнеше жыл қалалық мәнерлеп оқу байқауларының жүлдегері болды. Сонымен бірге, қалалық пән олимпиадасында Азамат Базылбеков 2009 жылы І орын, 2010 жылы ІІ орын иеленсе, Ақдаулет Ақтаев Республикалық «Ақбота » интеллектуалдық турнирде жүлделі ІІ орын алды.

Сонымен қатар, сынып жетекшісі ретінде сапалы білімді саналы тәрбиемен ұштас-

тыра білетін шебер ұстаз, тәрбие жұмысын жүргізуде ата-анамен, көпшілікпен, қоғаммен біріге отырып жұмыс жасауда. Осы орайда өткізген «Нашақорлық -ХХІ ғасыр дерті» атты нарколог-дәрігерлермен өткізген кездесу сабағы, қаладағы «Ардагерлер» қоғамы ұйымдастырған «Дәстүр сабақтастығы» атты қала көлемінде ұйымдастырылған шарада «Ұлтым қандай десең, салтымнан таны» тақырыбындағы тәрбие сағаты өзінің мәнділігімен ерекшеленді.

Ұстаз қазіргі заман талабына сай жабдықталған мультимедиялық пән кабинетінде сабақ жүргізеді. Кабинет дидактикалық материалдар қорымен, электронды оқулықпен толықтырылып, қажетті стендтермен жабдықталған. Бақыт Балтабайқызы бірнеше жыл қатарынан қалалық пән бірлестігінің секциясына жетекшілік етті. Гуманитарлық бағыттағы мұғалімдер арасындағы ізденуші топ мүшесі. Білікті ұстазды шәкірттері, ата-аналар, әріптестері құрмет тұтады. Ұлтының ұлыларын ұлықтаған ұстазға әлі де шығар биігіңіз бен алар асуыңыз көп болсын дегіміз келеді!

Автор:
Т.ШӨМШЕКОВА, М.Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Талдықорған қаласы