Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БІЗДЕ ДЕ БІР СЫЙЛЫҚ БОЛСА ШЕ?


28 марта 2014, 16:00 | 948 просмотров



Елімізде еңсесі көтерілмеген кімдер бар? Тосын сұраққа таңданып қалуыңыз мүмкін. Бы¬лай қарағанда, ел-жұрттың бәрі кеудесін кермесе де, бойын тік ұстап жүргені анық.

Алайда мың сан мамандық ішінен қанша машақатты, мехнатты кәсіпті адал атқарып жүрседе, маңдайы жарқырамайтын мұғалімдер қауымы бар екенін естен шығармайық. Ел¬басы Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы деген идеяны көтерген еді. Сол бастамаға қолдау ретінде былтыр мұғалімдерге, басқа да еңбек адам¬дарына мемлекет жоғары көлемде арнайы сыйлық белгілесе деген ойды айтқан едік. Мәселен, пәлен жыл оқытқан шәкірттері арасынан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіби мамандар шыққан ұстаздарға неге қаржылай қомақты сыйлық белгілемеске дегенбіз. Нағыз еңбек адамын бағалау сонда орын алмас па еді?!. Сол тәрізді 300-500 операция жасаған, бірде-бір сырқатты ажал тырнағына бермеген білікті дәрігерлерге неге арнайы сыйлық тағайындамасқа деп едік. Қазір не айтылмай жатыр? Айтылған ұсыныстар ескерілсе, талай шаруа еңсеріліп те қалар еді...

Біздің ел ескермеген нәрсені тұманды Альбион елі ескеріп үлгерді. Ұлыбританияда мұғалімдер үшін $1млн мөлшеріндегі Дүниежүзілік сыйлық (Global Teachers Prize) тағайындалды. Бұл сыйлық жыл сайын педагогикадағы ерен жетістіктері үшін табыс етіледі. Сыйлықты тағайындаушылар мұндай сыйлық мектеп мұғалімдері үшін Нобель сыйлығының баламасы болады деп есептейді. Сыйлықты тағайындаудағы басты мақсат – мұғалім мамандығын жаһандық масштабта көтеру. Яғни мұғалім мәртебесін асқақтату.

Сыйлық – ынталандыру шарасы. Бір миллиондық сыйлықты алу тәртібі қалай? Құнды сыйлыққа лайықты ұстаздарды мұғалімдердің өздері, сондай-ақ басқа адам¬дар ұсына алады екен. Үміткерлер өздерінің жұмыстары туралы ақпарат берулері тиіс, оның ішінде оны қолдап оқушылардың, әріптестерінің, оқушы ата-аналарының сөйлеген сөздері бар бейнетаспа жазуларын да ұсынулары керек.

Бүкіл Ұлыбритания бойынша 10 үміткер анықталады. Арнайы шорт-парақша қазан айында жарияланады, оның құрамында білім саласының сарапшылары, журналистер, шенеуніктер, кәсіпкерлер мен ғалымдар бар әділқазылар алқасы жасайды.

Сонымен, мұғалімдерге арналған алғашқы Дүниежүзілік сыйлық белгіленді. Алғашқы лауреатқа сыйлықты тапсыру қараша айында өтеді. Лауреат-ұстаз сыйлықты алған соң кем дегенде бес жыл мұғалім болып жұмыс атқаруы керек. Сыйлық иесі өзіне белгіленген қаржыны ақшалай түрде 10 жыл бойына тең үлеспен алып отырады.

Қазақстанда дүниежүзілік спорт жарыстарында алтын алған спортшыларға 250 000 доллар көлемінде сыйақы белгіленген. Ел мерейін үстем еткен жақсы. Ал сондай жан¬дарды, қоғамның басқа салаларында жемісті еңбек етіп жүрген мыңдаған шәкірттерді шығарған, үздік білім берген, мұғалімдік кәсіптің шыңына жеткен ұстаздарға 1 миллион доллар болмаса да, спортшыларға берілетін сыйлықтың мөлшерінде арнайы сыйлық тағайындаса болмас па еді?! Мұндай сыйлықты басқа да бейнеті көп бюджет қызметкерлеріне арнайы санат арқылы белгілесе Қазақстанның байлығы кеміп қала ма?

Күн сайын «пәленше парамен ұсталды, түгеншеге қылмыстық іс қозғалды»,-деген ақпараттан құлақ тұнатын болды. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»,-деген... Қазақстанның қазынасын ұрлап, жырлап, шетелге асырып, алшаң басқан алаяқтар жүр. Қазақстанға инвестиция әкеліп, қанша пайдаға кенеліп жатқандар қаншама. Эко¬номика ғылымдарының докторы, Нью-Йорк ғылым академиясының толық мүшесі, жекеменшіктегі «Әлем экономикасын зерттеу орталығы» мекемесінің директоры Болат Хусаинов «1993-2012 жылдары резидент еместер Қазақстаннан алып кеткен инвести¬циядан тапқан заңды табыстарының сомасы $144,83 млрд болды» деп мәлім етті.

Ал Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Айман Берікханова «ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2013 жылғы республикалық байқауының нәтижесінде «ЖОО-лардың ең үздік мұғалімдері» атағын алған 200 мұғалімнің әрқайсысы 3,7 миллион теңгеден грант алды,

деп мәлім етті. Бұл ретте А. Берікханова БҒМ осындай бастамалары педагогтар үшін тамаша ынта болып табылатындығын атап айтқан еді. Сонымен бірге ол қазіргі заманда педагогтардың рөлі төмендеп барады, деген болатын. Қазақ елі мұғалімдер беделін нақты көтеру үшін Англиядағыдай айтулы сыйлық белгілесе қандай игілікті шара болған болар еді...

Автор:
Нұртөре ЖҮСІП