Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ШӘКІРТ – ҰЛТ КЕЛЕШЕГІ


23 апреля 2010, 05:18 | 1 327 просмотров



Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы еліміздің 2020 жылға дейінгі негізгі стратегиялық жоспарын белгілеп берді. Барлық саланы қамтыған байыпты құжаттың әр тармағын жүйелі талқылауға кіріскен өңір жұртшылығы білім беру маңыздылығына да ерекше ден қойған. Осыған байланысты Алматы облыстық білім департаментінің бастығы Ләззат БАЗАРҚҰЛОВАҒА бірнеше сұрақ қойған едік...

– Ләззат Тілеубайқызы, Елбасы Жолдауында адам капиталының бәсекеге қа-

білеттілігін арттыру үшін жан-жақты шаралар қабылданатыны туралы нақты айтылды. Осы орайда әрине, білім беру саласының бүгінгі тынысы мен көкжиектегі мақсаты туралы көп әңгіме қозғауға болады. Болашағымыздың баяны білімді ұрпаққа байланысты екендігін жақсы түсінеміз. Ендеше, кемел ұрпақтың келешегін шыңдауда Жетісу өңірінде тындыратын жұмыстар аз емес шығар.

– Иә, қоғам дамуының қай кезеңінде де білім беру ісіне ерекше назар аударылатыны заңдылық. Осыған байланысты Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы көптеген игіліктерге жол ашты. Жыл сайын білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартудың аймақтық бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылуда. Дәйекті дәлел келтірсек, 2009 жылы 86 білім беру нысандарында күрделі жөндеу жұмыс­тары аяқталып, бұл мақсатқа бюджеттен 1840,2 млн. теңге бөлініп, игерілді.

«Жол картасы» бағдарламасы бойынша 53 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды, оған республикалық бюджеттен 1248,1 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 898,4 млн. теңге бөлінді. Нәтижесінде, білім беру саласында жаңадан 4343 жұмыс орны ашылды.

Сонымен қатар, 2009 жылы жергілікті бюджет есебінен жалпы құны 2282,2 млн. теңгеге Сарқан ауданы, Абай ауылында, Панфилов ауданы, Ават ауылында 180 орындық орта мектеп, Ұйғыр ауданы, Сұңқар ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді.

– Алдағы уақытта бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиесіне баса назар аударылатыны, арнаулы «Балапан» бағдарламасы жасалатыны Жолдауда айтылды. Осы бағыттағы жұмыстар жайлы тарқатып айта кетсеңіз.

– Қазіргі кезде өңірдегі 80 бала­бақшада 11558 және 286 мектеп жанындағы шағын орталықта 9562 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен 21120 бала қамтылып отыр. Осы жұмысты одан әрі дамыту үшін өңірде бұрын жабылып қалған балабақшаларды қайта қалпына келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар істелді. Мәселен, 2007-2009 жылдары республикалық және жергілікті бюджет есебінен мектепке дейінгі 23 мекеме қалпына келтіріліп, іске қосылғанын, бүгінде сәбилердің құтты мекеніне айналғанын айтуға болады.

Мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың қажеттілігіне байланысты 2010 жылы республикалық бюджет есебінен 1200 орындық 4 балабақша құрылысын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 5120 орындық 33 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосылмақшы. Облыстың жалпы білім беретін мектептері жанынан 77 шағын орталық және 6 жеке меншік балабақша ашу қарастырылуда. Жергілікті жерлерде балабақшалар­ды қалпына келтіру, оның ішінде бұрын жалға берілген, жекешелендірілген ғимараттарды қайтару, бос ғимараттарды қалпына келтіру, қайта құру мәселелері де біртіндеп шешімін тауып келеді.

– Айтылған білім шаңырақтарын замана талабына сай жарақтандырудың жағдайы қалай болады?

– Қазіргі компьютерлік техникалар паркі 18858 бірлікті құрайды, бір компьютерге шаққандағы бала саны 15,4 оқушыдан айналады. Өткен оқу жылдарында облыстың жалпы білім беретін 85 мектебі физика, химия, биология кабинеттері үшін жалпы құны 537695 мың теңгелік интерактивті оқу жабдықтарымен қамтамасыз етілді. Жалпы, шәкірттердің жан-жақты білім алуына деген қамқорлық аясы кеңи түскенін айтқан жөн.

– Өңірде оқу орындарының базасында мамандарды қайта даярлау, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жайы қалай?

– Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үлкен оқиға, бағасыз жетістік. Алдымыздадамыған елу елдің қатарына қосылу мақсаты тұр. Демек, білім беру саласының атқарар қызметі де аса жауапкершілікті талап етеді. «Жол картасы» бағдарламасы негізінде 2009 жылы 7487 адам қайта даярлық курстарынан өтті. Нәтижесінде, жұмыстан қысқартылған 5752 мамандар, бос орындарды толықтыру мақсатында 244 адам және шетелдік мамандарды алмастыру мақсатында 1491 адам жұмыспен қамтылды. Бұған қосымша қайта даярлау курстарын бітірген 5406 маман жұмысқа орналасты. 2009 жылы республикалық бюджеттен «Жол картасы» бойынша кадрларды қайта даярлауға бағытталған 632531,1 мың. теңге толығымен игерілді.

Ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 1200 адам, қайта даярлауға 1000 адам және нарыққа қажетті мамандар бойынша қайта даярлау мен біліктілігін арттыру негізінде 200 адамды оқыту жоспарлап отыр.

– Ұлт келешегі білімді ұрпаққа қашанда тәуелді. Осы қағидаға сай шәкірттерге білім берудегі жаңашыл бағыт, мұғалім беделін көтеру, дарынды шәкірттермен жұмыс жүргізу барысы қалай?

Мұғалімдерді қолдау, олардың әлеуметтік жағдайы және біліктілігінің өсуі облыс басшылары мен білім басқармасының назарынан тысқары қалған емес. Қашанда жақсы істердің ұйытқысы болып, жастардың келешегіне алаңдайтын облыс әкімі Серік Әбікенұлының бастамасымен білім беру мекемелерінің абыройын арттыратын, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған 7 аталым бойынша кәсіптік-педагогикалық байқау өткізу дәстүрге айналды. Төртінші жыл қатарынан «Үздік жыл мұғалімі» байқауының жеңімпазы Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болып келеді. Мұндай табысқа бұған дейін Талғар, Райымбек, Сарқан, Қаратал аудандарының ұстаздары ие болды. Алтын бесігіміз саналатын ауыл мұғалімдерінің коммуналдық төлемдері үшін өтемақы төлеуге де жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қала үлгісіндегі ауыл мектептерінде сабақ беретін мұғалімдер жалақыларына қосымша 25 пайыз үстеме алады.

Бәрімізге белгілі, тағы бір ащы ақиқат– жоғары педагогикалық білімі бар жас мамандардың ауылдық жерлерге жұмысқа келуге ықылас­сыздығы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өткен жылы дүниеге келген «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы оңды нәтижелерге қо511 жасқа берілді. Биыл жұмысқа 700 жас маман орналасуының өзі бастаманың өміршеңдігінің дәлелі.

– «Тіл – халықтың тірегі» деген қағида дәлелдеуді қажет етпейді. Ендеше, осы орайда мемлекеттік тілдің қолданылу аясы, өзге тілдерді меңгеру барысы туралы айтсаңыз.

– Тіл мәселесі бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе. Бұған мемлекеттік деңгейде аса зор мән беріліп отыр. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту білім ошақтарында басты назарға алынған. Облыста жалпы орта білім беретін 746 мектеп бар, оның 392-сі қазақ мектебі, 21-і орыс мектебі, 322-сі аралас, 11-і ұйғыр мектептері. Облыстағы оқушылардың 197737-сі қазақша, 80717-сі орысша, 12597-сі ұйғыр тілінде оқиды.

2009-2010 оқу жылында облыстың 7 ауданындағы 24 мектепте (Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Қаратал, Көксу, Панфилов, Талғар) өзге ұлт өкілдерінің ана тілі факультатив есебінен оқытылса, оған 2291 оқушы қамтылған.

Мектептерде қазақ тілін оқып үйренуге бейімдейтін түрлі үйірмелер, факультатив сабақтар, тіл апталықтары, «Тілдер мерекесі», «Қазақ тілі мен әдебиетінің алғыры», «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» танымдық ойындары тұрақты жүргізіледі. «Қазақшаңыз қалай?», «Қазақ тілін үйренейік» атты сыныпаралық байқаулар, үйірмелер, бұрыштар ұйымдастырылған.

Орыс және аралас мектептердің орыс тілінде оқитын оқушылары арасында «Тілім менің тірлігімнің айғағы», «Мемлекеттік тіл – мақтанышым», «Менің Отаным – Қазақстан», «Қазақстан Еуропалық қоғамдастық әлемінде», «Жас қайраты елімнің…» тақырыбына шығарма байқаулары (оқыту тіліне қарай) өткізілді.

Жыл сайын оқушылар арасында дәстүрлі түрде өтетін «Абай – Шә­кәрім», «Алтынсарин», «Сәтбаев», «Ясауитану» оқуларына қатысушылар саны өсіп, тілге, әдебиетке деген оқушылардың қызығушылығы арта түсуде.

Жалпы, тәрбие науқандық шара емес, ол отбасы мен мектептің, қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара байланыс арқылы бала бойына даритынын ұмытпайық дегім келеді. Демек, бәсекеге қабілетті шәкірт – ұлт келешегі екеніне баршаның назарын аударғанда ғана сәтті болады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Автор:
Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН, «Егемен Қазақстан»