Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

«ӘЖЕМІЗ ЕРЕН ЕҢБЕК ЕТІПТІ ҒОЙ» деп жүрсін, - дейді ұлағатты ұстаз Мәпіш Шәкенқызы


13 июня 2014, 05:45 | 1 550 просмотров



Келешегімізді кемелдендіретін

жасөспірімдерге сапалы білім, саналы

тәлім-тәрбие беріп, шәкірттердің бойы-

на патриоттық сезімді дарытып, туған

жер мен елге деген шексіз сүйіспеншілікті

қалыптастыру ісіне бар саналы ғұмырын

арнаған Мәпіш Шәкенқызы жасының

сексеннің сеңгіріне шыққанына қарамастан,

тобылғы реңді жүзін өрмекшінің торын-

дай шырмаған әжімдері болмаса, сезімі

де сергек, қимылы да ширақ. Үлкенге де,

кішіге де құрметпен қарайтын, Мәпіш апаны

қашан көрсеңде, туабітті жайдарлығы мен

кішіпейілдігінен танбайды. Баяғы ақкөңіл

де қарапайым бекзаттық қалпын әсте

өзгертпейтін ізгілік пен кішілікті, патриоттық

рухта өмір сүруді қаны мен жанына берік

дарытқан аяулы да жайсаң жандардың

бірегейі деуге лайықты ұстаздың өмірден

көргені де, жинақтаған тәжірибесі де, ойға

түйгені де баршылық. Төңірегіне шапағатты

шуақ шашып жүретін абзал жандардың

қатарындағы осы ұлағатты ұстаз Мәпіш

ШӘКЕНҚЫЗЫ біздің сұрақтарымызға жа-

уап беріп, әңгімелескен едік. Сол екеуара

әңгімені басылым оқырмандарына ұсынып

отырмыз.

-Мәпіш апа, ел аузындағы сөзбен

айтсақ, сексеннен секіріп өтіп, тоқсанның

ауылына қарай бағыт ұстапсыз.

Осы уақыт ішінде көргеніңіз де, ойға

түйгеніңіз де көп шығар?

- Ой, шырағым-ай, өмір де өзен ғой.

Арынды ағысына ілесіп, сексеннің келгенін

де сезінбей қалған сияқты едім. Төрт

құбылам түгел сай еді, көңілім де жай еді.

Төбемнен жай оғындай тосыннан түскен

қайғылы жағдай жүрегіме қанжар сұққандай

есеңгіретіп жіберді. Әлі есімді толық жия

алмай, абдырап-абыржып қалатын кезім

жиілей түсті.

- Қатты қиналатындай қандай

жағдайға тап болдыңыз?

- Оны айтсам, көңілім босап, жүрегім сыз-

дап, сай - сүйегім сырқырайды. Үш қызым,

жалғыз ұлым бар еді. Ұлымның аты Қанат.

Қанат десе қанатым еді. Оқығаны да,

тоқығаны да көп-тін. Сондығы болар қызметі

жоғарылады. Мәскеуге қарасты Интерпол-

да жауапты қызмет атқаратын. Азия елдері

бойынша аймақтық бюросының жетекшісі

ретінде оннан астам шетелдік мемлекеттер-

мен байланысып, солардағы халықаралық

қатынастарды реттеуші міндетін атқаратын.

Жауапкершілігі жоғары жұмыс. Абыройлы,

беделді қызмет. Күрмеуі көп күрделі лау-

азымды қызмет баспалдақтарынан өзінің

іскерлік тума талантымен сүрінбей өтіп,

дәрежесі өсіп, жұлдызы енді-енді жарқырай

бастаған тұста Қанатым күтпеген жерден,

аяқасты барлы-жоғы төрт-бес күн ауырды

да, бізді тастап, о дүниеге кете барғаны

қабырғамды қайыстырғаны былай тұрсын,

омыртқамды да опырып, опық жегізгені

өзегімді өртеудей-ақ өртеді. Қайғы құрты

жанымды жегідей жеді. Ес-түстен де ай-

ырылдым. Нендей кереметтің киліккенін

білмей, дел-сал күй кештім де қалдым. Ба-

лам алтын еді ғой, алтын. Асыл тұяғымнан

айырылып, қайғы жұтып, қан құсып отырған

жайым бар, шырағым. Менің жүйкемді

жегідей жеп жүдетіп жатқан да осы қайғы.

Ұмытар емеспін. Қалайша ұмытамын. Апа-

лап, мейірін төгіп, бар жағдайымды жасаған

қамқоршым да, сүйеушім де, тірегім де осы

Қанатым еді ғой.

Талдықорған қаласынан тұрмысқа

қолайлы пәтер сатып әперді. Екі бөлмелі.

Балконын жабдықтатқан баламның өзі. Іші

кең. Барлық жиһаздары қойылған. Қанатым:

«Қонақтарыңыз көбейіп, пәтеріңізді

тарсынсаңыз, кеңейтіп беремін»,-деп

жүретін. Имандылықты сүйетін Қанатым

мені Меккеге өзі алып барып, алып келді.

Қасымнан ұзап кетпей, қолтығымнан де-

меп, сүйемелдеп жүрген күндерін қалай

ұмытамын, құдайым-ау. Күн сайын: “Апа,

көңіл-күйіңіз қалай? Не керек, бүкпелемей

айтыңыз?”-деп жағдайымды біліп, ұдайы

хабарласып тұратын дауысын аңсаймын,

сағынамын. Жылай-жылай көз жасым да

түгесілген сынды. Қайтейін, тағдырдың

маңдайыма жазғаны осы болса, лаж не.

- Қанат балаңыздың артында

ұрпақтары бар шығар?

- Жалпы алғанда он екі немере сүйген

әжемін. Ең үлкені Қанатымның ұлы-Арман.

Осы қоңыр қозым маған өте жақын.

Пейілі де, мейірі де керемет. Биыл орта

мектепті бітіреді. Сабақ үлгерімі жақсы.

Үздіктердің қатарынан озбаса, қалысқан

емес. Ол: «Әже, мен Сізді асырай-

мын. Оқу бітірісімен еңбек етемін. Табыс

табамын»,-дейді ылғида. Талабы тау-

дай. Ерінбейді, еңбекқор. Мектепте оқып

жүргеннің өзінде, жазғы демалыста сурет

түсірумен шұғылданады. Біреулердің тап-

сырыстарын тап-тұйнақтай орындайды.

Азды-көпті тиын-тебен түсіреді қолына. Та-

бысын бей-берекет жұмсамай, керектісіне

ықтияттылықпен жаратады. Аракідік

маған ақша да ұстатады. «Қарағым-ау, өз

табысыңды өзің жұмса, менің зейнетақым

бар, сол жетеді маған» десем, «Сіз мені

әлпештеп тәрбиеледіңіз. Алғашқы күннен

тапқан-таянғанымды өз қажетіме жара-

та бастасам, келе-келе сараңдыққа бой

үйретіп кететін шығармын. Барды біліскен

жақсы. Бар болған соң беріп жатырмын.

Жұмсаңыз қажетіңізге» деп құшақтайды.

Сол сәтте еміреніп, майдай еримін. Айналып

кетейін, аман болсын. Мақсатына жетсін

деп тілеймін.Ұлым Қанатымның артында

бес бала, бір қыз, төрт ұл қалған. Ақнұры

әкесінің жолын қуған, әскери қызметте

істейді. Қызы Ажар-студент. Алматыда,

университетте оқиды.Әділет пен Артур мек-

теп шәкірті.Қанатымның шаңырағын ұстап

отырған келінім Айнагүл Ақылбекқызы ба-

лаларын тәрбиелеп, қатарларынан кем

етпеуге бар ынта-пейілін жұмсауда. Оған

да рахмет! Немерелерім бірінен кейін бірі

ержетіп,таланттарын танытуы қуантады.

Биыл Ақмөр мен Арман немерем мектепті

бітіреді. Соңғы қоңыраулары сыңғырлады.

Енді бірыңғай тест сынағына әзірленуде.

Ойдағыдай тапсыратындықтарына сенім

мол.Үстіміздегі жылы бұйыртса. үш не-

мерем -- Қайрат, Асхат және Алмас

келін түсірмекші. Тойдың тойға ұласқаны

жақсылық. Көңілге шаттық ұялататын ша-

дыманды шаралардың көбейе беруінен

жазбасын бір Алла.

-- Енді өзіңіз, жеке оңаша отырып,

өткен еңбек жолыңыз бен өміріңіздің

белестеріне көз жүгіртсеңіз, ойға орала-

тындары да көп шығар?

- Мен қарапайым еңбек адамдарының

ұрпағымын.Туған жерім қазіргі Алакөл

ауданына қарасты Екпінді ауылында

дүниеге келгенмін. Әкем Бұланбайұлы

Шәкен шаруақор кісі-тін. Шешем Рахия

да үй шаруасын күйттеген ана. Балалық

шақта қиындықты көрудей-ақ көрдік. Соғыс

кезі. Ер-азаматтар майданға аттанып кет-

кен. Ауылдағылардың көбі жесір әйел,

жетім бала, Белі бүгілген шал мен кемпір.

Жұмыс істейтіндер шамалы. Содан барып

біз қаршадайымыздан еңбекке жегілдік.

Егістік жерді өңдесеміз.Астық піскенде

орақ орамыз. Масақ тереміз Тұрмыстық

жағдайымыз да өте төмен-тін.Киерге киім

таппаймыз,ішер асымыз да тапшы. Нан

пісіретін ұн жоқ, қанттың дәмін сирек та-

тамыз. Күнкөрістің тірлігіне жастайымнан

араластым. Әпкем тауық өсіретін. Бізге

жұмыртқа әкеп береді. Мен оны Екпіндіден

он шақырымдай қашықтықтағы Андре-

ев ауылындағы базарға апарып сатамын.

Қолға түскен азын-аулақ тиын-тебенге ұн,

қант және басқа керекті заттарды сатып

алып жаяулатып келетінмін. Осылайша

лаждап тырбанып жүріп, ел қатарынан

қалмаудың қамымен ділдалап күн кешіп

өстік емес пе.

Екпінді орта мектебін 1950-1951 оқу

жылында бітірісімен Алматы қыздар

педагогикалық институтына құжаттарымды

тапсырған едім. Емтихан сынақтарынан

ойдағыдай өтіп, студент атандым. Жара-

тылыстану мамандығын таңдағанмын.

Жоғары оқу орнын 1956 жылы бітірдім. Мен

Көлбай орта мектебіне жолдамамен барып,

онда сегіз жыл еңбек еттім. Осында жүріп

жан серігімді тауып, ауыл азаматы Болат

Бөрібайұлына тұрмысқа шықтым. Екеуіміз

бір ұл, үш қыз сүйдік. Күйеуім Болат әуелде

сол кездегі Андреев ауылындағы мектепте

дене шынықтыру пәнінен ұстаздық етті. Ол

кейін Үшарал қаласына милиция қызметіне

ауысты. Мен де осындағы Абай атындағы

орта мектебіне келіп, зейнеткерлікке

шыққанға дейін табан аудармай жиырма

жыл шәкірттерге жаратылыстану пәнінен

сабақ бердім. Тәрбие беру ісін басқардым.

Шәкірттердің сабақ үлгерімі жоғары

деңгейде болды.Ұзақ жыл еңбек еткен

мектебіме бауыр басқаным соншалық,

анамның аялы алақанындай көремін.

Маған өте ыстық алтын ұя мектебімді естен

шығармаймын. Менің алғашқы ұстаздарым

Күпәй Иманқұлов, Жәкен Алдабергенова,

Сүбай Төлегенов, Бишат Қабдолданова,

Іләш Жанахметова, Смет Әлиханов,

Мұхаметжан Мыңбаев және басқалар

білімді де білікті ұстаздар еді.Жас санама

алғаш білім нәрінің нұрын сіңірген осынау

алақаны аялы жайсаң жандардың рухына

әрқашанда тағзым етіп, басымды иемін.

Мектепте істеп жүргенде, еңбек де-

малысына шыққан соң да интернатта

тәрбиешілік міндетін атқарған кездерімде

ұстаздармен ауызбірлікте, ынтымақты

болдық. Мен өзіммен қанаттас еңбек еткен

ұстаздарымды атап айтсам Нұғыманова

Қазыханды, Баженцова Марияны, Бейсен-

баева Зейданы,Туасарова Күлдіханды,

Еркінбеков Қапанды, Қожахметова

Күлшатты және басқа әріптестерімнің

есімдері ауызға алғашқылардың бірі бо-

лып ілігеді. Осылардай тәжірибесі мол

ұстаздармен қоян-қолтық жүріп еңбек

еттік. Әрқайсысының өзіндік қолтаңбалары

бар инабатты жандар-тын. Олардан

тәлімді тәжірибе үйрендім. Өз пәндерінің

сыры мен қырын жетік меңгерген кәнігі

мамандар саналатын осы мұғалімдердің

сабаққа әзірленудегі ұқыптылықтары мен

тиянақтылығына сүйсінетінмін. Шәкірт

тәрбиелеу ісіне шексіз берілгендіктері,

адалдығы, шыншылдығы ұнайтын.

Олардың әрқайсысы маған мейірбандық

пейіл танытқан абзал жандар еді. Бәрімізде

жаңадан келген жас мұғалімдерге

қамқорлықпен қарап, іс-тәжірибемізді

үйретуге ықыластана ден қойып, біліктілікке

баулитын едік. Әріптестерімнің адами

қасиеттерді берік ұстанатындықтарына

әрдайым тәнті болатынмын. Бәрінде

сағынасың бүгінде.

Өзім сыйласатын құрбыластарым ара-

сында қарапайымдылығы, кішіпейілділігі,

мәдениеттілігі жағынан алғанда замандас

сіңлілерім Дина Нұрғалиқызына,Қаншайым

Сыдыққызына, Райхан Серғазинаға, Әсия

Ахметоваға теңдестірер замандастарым

кемде-кем. Бұл сіңлілерім мені құрмет

тұтып, қатты сыйлаумен бірге, жағдайымды,

аман-саулығымды күн құрғатпай сұрап-

біліп отырады десем артық айтқандық

емес. Олар инабаттылық қасиеттерімен

адам жанын жадырата біледі. Сонау жыл-

дары шәкіртім болған Гүлшат Қожахметова

ұстаздық мамандықты меңгеріп келіп, мек-

тепте шет тілінен сабақ берді. Иықтаса

жүріп еңбек еткенбіз. Бүгінде ол да зейнет-

кер. Көршілес тұрамыз. Өз қызымдай ибалы

жан. Екеуіміз құдай қосқан құрбыдаймыз.

Бір-бірімізсіз өмір сүре алмайтындай

көрінеміз. Туысқандыққа пара-пар қарым-

қатынастамыз. Ол менен жастау. Баяғы

пысықтығы сақталған. Үй-ішілік шаруаны

үйіріп әкетеді. Келе қалса, қонақпын деп

шәниіп, шалқаймайды. Дереу үй шаруа-

сына кіріседі де кетеді. Қонақ келгенде

қолымды ұзартатын да осы Гүлшат.

Мен өзінен білім алған, мектеп

қабырғасынан қанаттанған талантты

шәкірттерімді әрдайым мақтан етемін.

Олардың қатарында Талдықорған қалалық

диагностикалық орталығында істейтін

жоғары санаттағы дәрігер Бақыт Молдаха-

нова, кеден департаментіндегі бас маман

Ерасыл Ыдырысов, Үшарал қаласында

сәулет-құрылыс саласының маманы Мұрат

Бектұрғанов, Алматыдағы мектептердің

бірінде шет тілінен дәріс беретін ұстаз

Күлдіхан Тоқанова, Алакөл аудандық

қызмет көрсету орталығында істейтін Ер-

мек Қабысов және басқалар тәуелсіздік

туын жоғары ұстаған еліміздің өркендеуі

мен гүлденуі үшін аянбай тер төгіп еңбек

етіп жүргенін мақтан етемін. Бәрі де кезде-

скен сайын мейірімдерін төгіп, иіліп сәлем

беріп тұратындығына ішім жылиды. Мұндай

жақсылықты шарапат пен ізгілікті ниетті

білдіру, қазіргі қатыгездік пиғыл басым-

дау кезеңде, екінің бірінің қолынан келе

бермейтіні күмән тудырмайтын шындық.

Сол үшін де жоғарыда есімдері аталған

адамгершілігі мол шәкірттеріме шы-

найы аналық алғысымды айтып, риясыз

ризашылдығымды білдіремін.

- Студенттік шақтың есте қаларлық

тұстары бар ма?

- Неге болмасын. Белгілі жазушы Әзілхан

Нұршайықов жазғандай, «махаббат қызық,

мол жылдар» ғой ол кезең. Біз институттың

қабылдау емтихандарынан өтіп, түсеміз бе,

жоқ па деп, екіұдай жүргенімізде фотоап-

парат асынған бір жігіт қайдан келгенімізді,

емтиханды қалай тапсырғанымызды,

таңдаған мамандығымызды сұрап, суретке

түсіріп кеткен-ді. Көп кешіпей «Социалистік

Қазақстан» газетінде суретіміз жарқ етіп

шығыпты. Оны көргендегі қуанышымда

шек болмаған шығар. Бүкіл республиканың

түпкір-түпкіріне таралатын басылым-

да суретіңнің басылғаны қандай бақыт

десеңізші! Студенттік жылдардың және

бір қуанышы – үшінші курста өндірістік

практикаға шығып, екі ай бойы кең байтақ

Отанымыздың көптеген қалаларын,

атап айтқанда Мәскеуді, Ленинград-

ты, Мурманскіні, Бакуды, Ашхабатты,

Ташкентті аралап, олардағы ірі өнеркәсіп

орындарымен, тарихи ескерткіштерімен,

музейлермен, театрларымен, табиғатының

көрікті жерлерімен танысу бақытына

ие болғанымды ұмытылмас сәттердің

бірегейіне балаймын. Жоғары оқу орнында

оқымасам ірі қалаларды өз бетімше аралай

да алмас едім.

- Қырмызы қызғалдақтай қыздарыңыз

бар екен. Олар жайлы не айтасыз?

- Иә, үш қызым бар. Ақылымды тыңдап,

үйішілік шаруаға икемделіп бойжетті.

Қолғабысын тигізді. Әлі күнге дейінгі

сүйенішім де, көмекшілерім де солар. Бәрі

де тұрмыс құрған. Бір-бір шаңырақтың

түтінін түзу шығарып, бала-шағаларын

өсіріп жатқан бақытты да, бақуатты отба-

сылары. Үлкен қызым Клара Мәскеудегі К.

А Тимирязев атындағы ауылшаруашылық

академиясын бітірген. Жоғары білімді ма-

ман. Қазір Бішкек қаласында өсімдіктерді

қорғау мекемесінде істейді. Ортаншым

Сапурам Алматыдағы Казақ мемлекеттік

университетінде оқыған. Әл-Фараби

атындағы Қазақ ұлттық университеті

Халықаралық қатынастар факультетінде

студенттерге дәріс береді. Осы оқу

орнының Ғылыми Кеңесінің шешімімен

«Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді

сөйлемдер» атты ғылыми-зерттеу кітабы

шыққан екен. Онысын «Анам Мәпішке, әкем

Болатқа арнаймын» деп кітабының жоғарғы

жағына жазып қойыпты. Оған да мақтанып

қалдым. Мерейім өсті. Ғылым жолындағы

ізденісі игілікті, еңбегі жемісті бола берсін!

Аналық ақ батам осы. Бұдан бұрында

бес-алты кітабы жарық көрген. Бірнеше

жыл бұрын филология ғылымдарының

кандидаттығын қорғаған-ды. Қазір до-

цент. Ізденімпаздығымен ерекшеленген

білімқұмар жан. Кенже қызым Гүлмира

да жоғары білімді экономист. Күйеубалам

Қажығали Тоқанов екеуі Талдықорғанда

кәсіпкерлікпен шұғылданады.

Қыздарымның бәрі де қызметтік

міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен

қарайды. Олар еңбек ететін ұжымдары

басшыларының тарапынан қыздарым жай-

лы жылы сөздер естіп жатамын. Оған іштей

мың мәрте тәубе деп қоямын. Баласының

жақсы жүріп-тұрғанының өзі ата-ана үшін

бір ғанибет деп санаймын.

- Қоғамдық жұмыстарға араласып

тұрасыз ба?

- Мен еш уақытта қоғамдық жұмыстан

бас тартқан жан емеспін. Қандай жұмыс

тапсырса да, орындауға бармын. Алма-

ты облыстық ардагерлер кеңесі «Ата-ана

дәстүрі -- ұрпаққа аманат» тақырыбында

сабақтан тыс сынып дәрістерін өткізуді

жалғастырып келе жатқаны құптарлық ба-

стама деп бағалаймын. Мамандығым ұстаз

болғандықтан бұл маған да жақын әрі етене

таныс жұмыс. Оның үстіне жасөспірімдердің

санасына ұлттық үрдістердің

таңдаулыларын сіңіруге өмірді көрген, істе

ыспарланған, тәжірибесі мол ардагерлердің

белсене араласқанын дұрыс көремін. Және

бір айтарым, қоғамдық ұйымдар мені на-

зардан тыс қалдырмайды. Биылдың

өзінде «Нұр Отан» Талдықорған қалалық

филиалы төрағасы, қала әкімі Ермек Ал-

пысов, оның бірінші орынбасары Әсия

Ахметқызы, Алматы облыстық ардагерлер

кеңесі төрағасының орынбасары Райхан

Қапышқызы, облыстық ардагер әжелердің

жетекшісі Дина Нұрғалиқызы, қалалық

білім бөлімінің бастығы Болат Тұрысбеков

сексен жасқа толуыммен құттықтап, алғыс

хатын беріп, сый-сыйапатын жасады.

Бәріне ризамын. Олардың жылы лебіздерін

білдіргені мерейімді өсіріп, марқайта түсті.

Міне, сондай ілтипатты лебіздің бірін

оқиын, тыңдаңыздар: «Құрметті Мәпіш

Шәкенқызы! Үлкенді сыйлау, оларға құрмет

көрсету ата-бабадан келе жатқан салты-

мыз. Сіздің өмірлік тәжірибеңіз бен ақыл-

кеңесіңіз, тәлім-тағылымыңыздың біз үшін

орны бөлек. Себебі, Сіздің Жетісу жерінің

гүлденуі мен өсіп-өркендеуіне қосқан

үлесіңіз бен еңбегіңіз ерен. Талай жасты

тәрбиелеп, ізбасарларыңызды өсірдіңіз.

Бүгін еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған

шақта да Сіз ұрпақтарыңызға игілік пен

ізгігіктің, пайым-парасаттың үлгісін таныту-

дан жалыққан емессіз.Сізді 80 жасқа толған

мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай

отырып, зор денсаулық, отбасыңыздың ор-

тасында сүйіспеншілікке бөленіп, немере-

шөберелеріңіздің қызығын көріп, қуанышқа

бөлене беріңіз деп жүрек жарды жылы

лебізімізді жолдаймыз. Әрқашан мерейіңіз

үстем, мәртебеңіз биік болсын!»,-дейді.

Бұдан артық маған не керек. Бұл ізгі ниет

тілекті білдіруші «Нұр Отан» Талдықорған

қалалық филиалы төрағасының бірінші

орынбасары Әсия Ахметқызы. Оған

рахмет! Нұр жаусын! Адамның жүрегін

елжіретіп, жанын жадырататын осындай

жылы сөздерің көп болғанына не жетсін,

шіркін! Баламның қайғысымен торығып,

көңілім құлазыған шақта әлгіндей

ілтипатты тілек кішкене болса да еңсемді

тіктеуге игі әсер етті десем еш артықтығы

жоқ.

- Тиісті орындар еңбегіңіздің

бағалаған болар?

- Адал еңбектерімен назарға іліккендер

сатында бармын деп ойлаймын. Қазақ

ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері

атанғанмын. Алакөл ауданының Үшарал

қаласының әлденеше рет депутаттығына

сайландым. Омырауыма «Еңбек ардагері»,

Ұлы Отан соғысының 60 жылдығының

мерекелік медалін тақтым. Алғыс хаттар

мен мадақтау қағаздары аткөпір. Түп-түгел

сақтаулы. Кейінгі ұрпақтарым: «Әжеміз

ерен еңбек етіпті ғой»,-деп еске алып,

мақтансын деймін де.

- Ағынан ақтарыла ашық әңгіме

өрбіткеніңізге рахмет!

Автор:
Әли ЫСҚАБАЙ. Қазақстан республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Алматы облысының Құрметті азаматы.