Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

ДИНАР НӨКЕТАЕВА: ТОҒЫЗ МЫҢ ҚЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫНА АЛАҢДАЙМЫН


22 августа 2014, 13:33 | 1 930 просмотров


Қызметтегі кісілердің жұмыс кабинеті қандай болуы ке¬рек? Оның ішінде қолында билігі бар ерлер мен әйелдердің кабинеттерінде қандай айырмашылық болуы мүмкін? Бұл сұрақ кез-келген кісіні ойға қалдырары даусыз.

Осы орайда біз балабақшада тәрбиеші, мектепте ұстаз болған, Мәжіліс депутаттығына дейінгі жолдан өткен білікті басшы, көрнекті маман, «Құрмет» орденінің иегері, Білім беру ісінің үздігі, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Динар Нөкетаеваның кабинетіне бас сұқтық.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК:

Динар Нөкетаева – Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Арқарлы ауылында туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін (1985) химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша, Ө. Жолдасбеков атындағы заң институтын бітірген (юриспруденция бакалавры).

1986 жылдан Түймебаев атындағы кеңшардағы балабақшада тәрбиеші. 1988 жылдан Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы орта мектепте химия пәнінің мұғалімі және аудандық әкімшіліктерде жауапты қызметтер атқарған.

2004 жылдың қазан айынан Парламент Мәжілісі ІІІ шақырылымының депутаты, №1/бір мандатты сайлау округi бойынша ұсынылған. 2007 жылдан Парламент Мәжілісі IV шақырылымының депутаты, 2009 жылдың қаңтар айынан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы. «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі.

«Құрмет» (2007) орденімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001), «Қазақстан Парламентіне – 10 жыл» (2006) медальдарымен марапатталған.

Саяси қайраткер ретіндегі идеалы – Н.Ә. Назарбаев.

Хоббиі – қазақ халқының әндерін орындай¬ды, көлік жүргізеді, тіл үйіретін дәмді тағамдар дайындайды.

Сүйіп оқитын әдебиеті – М. Әуезов,

Ш. Айтматов, Ғ.Мүсірепов, М. Горький, Д. Браун.

Ең алдымен қызықтырған жағдай мынау – аталған университет ТМД аумағында баламасы жоқ бірегей білім ордасы. Қашаннан бері қадірін білген, аялап өсірген аруларға арнап жеке жоғары оқу орнын ашқан тек Қазақстан ғана. Екіншіден, дәл осы универси¬тетке кеше 70 жыл толды.

Бұл атаулы күнге дайындық былтырдан бері басталап та кеткен. Осыған байланысты жазғы демалысты да дұрыстап өткізе алмаған Динар Жүсіпәліқызы күнде қауырт жұмыс үстінде. Онсыз да қызметке ерте келіп, кеш қайтуға дағдыланған және әріптестерінен де адал жұмыс істеуді талап етіп, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген аса тәжірибелі басшының ұқыптылығы мен ұлтжандылығы, қазақ қыздарына деген ерекше мейірімі мен көзқарасы ғимарат ішіне аяқ басқаннан-ақ айқын аңғарылады.

Бас оқу корпусына бас сұға қалсаңыз, ұлттың ұлы құндылықтарын насихаттайтын, қазақ қызына ой салатын суреттер мен кескіндемелер қызықтырмай қоймайды. Ал ректордың қабылдау бөлмесіне кірген бойда, хатшы қыздың оң жағында қабырғада ілулі тұрған тұмар да бірден назарыңызды аударта¬ды. Өз ісін білетін шебердің қолынан шыққан өнер туындысы таңдай қақтырады. Бұл қызық үшін ғана емес, жүз мыңдаған қазақ қыздары оқитын алтын бесікке көз тимесін дегендей ойды аңғартады. Қалай десек те, қалай қабылдасақ та, бұл – ұлтымыздың ұлы бір құндылығына назар аударту, тәу ету. Жанымызға жақын, жүрегімізге жылы тиетін осындай бұйымды жоғарыға іліп, ұрпаққа өнеге ретінде үлгі көрсеткенде ғана рухымыз биіктей түсетіндей.

СОНЫМЕН...

Динар Жүсіпәліқызының бөлмесі бізге қарапайым, бірақ құнды көрінді. «Жұмыс кабинеті – екінші үйің ғой. Сондықтан оған ерекше мән беру керек. Ең бастысы, тазалық. Содан соң, жұмысқа жауапкершілік. Кабинетке кірген кісі де басшы адамның қаталдығын емес, талапшылдығы мен тазалығын қатар көре алатындай болуы тиіс» деген Динар Жүсіпәліқызы бізбен еркін әңгімелесті.

Жұмыс үстелі тым қымбат дей алмаймыз. Бұрыннан тұрған дүние. Талай оқиғаларға куә болған. Жақсы кісілер отырған орындықтар да талай сырды аңғартады. Ал оң жақ қабырғаны толтырып тұрған түрлі заттар көз талдыра¬ды. Ректордың жүрекжарды сөзіне қарағанда, ол кісі салт-дәстүрді, ұлттық нақыштағы дүниелерді қатты ұнатады. Әрбір дүниені көп нәрсенің бірі деп тастай салу – Динар ханымға жат. Ұлт жанына жақын кез келген бұйымды көзінің қарашығындай сақтағанды ұнатады. Жұмыста ғана емес, үйінде де осындай әдетті берік сақтайды.

– Есіңізде болар, нәресте дүниеге келісімен, әжесі, анасы оған тұмар тағатын. «Тіл- көзден аман болсын» деген таза ниетті осылайша дәстүрге айналдырған. Кейде тұмарды қонаққа барған үйден де көріп қалып жатамыз. Мұның еш сөкеттігі жоқ. Қазақ халқы ежелден бұл бұйымды зиянды тылсым күштерден, тіл- көзден сақтайды деп сенген. Тұмар сөзі түркі сөзінен алғанда «туған жер» деген мағына береді. Яғни көне түркілер тұмарға туған жердің топырағын салып жүрген болуы керек және туған жерге тәу етудің де бір көрінісі. Сол себептен тұмар қасиетті саналады.

Тұмарды кейде дұға жаздыртып, былғарымен қаптап, мойынға тағып жүреді. Ал оның түріне байланысты атауы көп. Жастық тұмар – төрт бұрышты түсті металдан жасалған көркемдік тұмар. Қиық тұмар – сәндікке мойынға тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар. Лағыл тұмар – лағыл таспен безендірілген тұмар. Сіркелі қолтық тұмар – бетіне сіркелеп өрнек салынған тұмар. Алтын тұмар – күміс бетіне сіркелеп алтын жалатылған тұмар. Тұмарша – асыл тасты күмістен жасалған, мойынға тағылатын әшекейленген тұмар. Тіллә тұмар – алтынмен қапталған тұмардың бір түрі.

Сіз көрген тұмар күміс металдан жасалған, сувенирлік дүние. Жақсылық әкелсін деген ни¬етпен сыйланған зат. Ол бір үлкен азаматтың сыйы еді, көрнекті жерге ілдіріп қойдым.

Бөлмемдегі әр заттың өз тарихы бар. Қобызды көрдіңіз бе, бұл Сыр елінен сыйға тартылған сувенир. Осы қызметке тағайындалғанда, Қорқыт ата атындағы университеттің ректоры жұмысымызға жеміс тілеп, сый ретінде ұсынған. Ол кісімен бірге Мәжілісте депутат болдық, мен төрағалық еткен комитетте бірге жұмыс жасадық. Таза былғарыдан жасалған дүние ең қымбат заттардың қатарына жатады. Күн басты адам бейнесі, күміс қоспалары көз тартады.

Ертеде Қобызбен адам емдеген халқымыз. Оның ішінде Қорқыттың қобызы ерекше бағаланады. Оған орнатылған тас тіл мен көзден сақтасын деген ниетпен жасалғаны анық. Шаңырақ пен қобыз ұстаған Қорқыт бабамыздың бейнесі де бірін-бірі толықтырып, әсем көрініс құрайды. Ал бұрышта тұрған дом¬быра көп ойналмаса да, көп сыр ақтарады. Бір байқауда бірінші орын алған қыздарға тарту етілген домбыра. Олар «кабинетіңізге көптеген көрнекті адамдар келеді. Осы сыйды ең алды¬мен сол кісілер көргені дұрыс» деп бөлмеме қоюды ұсынды. Қазір кабинетке кіріп келген кісінің көзі алдымен осы домбыраға түседі.

Театрда «төрде ілулі тұрған мылтық қалай да атылуы керек» деген сөз бар ғой. Сол айтпақшы, мен де қос ішегі құрғап кетпес үшін ан¬да-санда шертіп қоямын, – дейді ректор.

«Ал ұлтымыз үшін сұлу ат аса бағалы ғой. Сондықтан мен де жылқы бейнесінің бөлмеде тұрғанын ұнатамын. Енді бір сурет жалпы, қазақ әйелдеріне тән, соларға

ортақ сурет. Мұны ұжымдағы әріптестерім сыйға тартқан. «Қыздар университетін басқарып отырсыз, оларды нағыз ұлтжанды, өз елінің мақтанышы болатындай етіп тәрбиелеуге үлес қоса беріңіз» деген тілегін бір сәтке де ұмытқан емеспін. Осы суретке қараған сайын өзімді-өзім қайрап, ұлтымыздың ұлы аналары болатындай ұрпақ тәрбиелеуге аз да болса үлес қосуды ойлаймын.Тоғыз мың қыздың тағдыры мені де алаңдатады. Ұлтты ұялтпайтын қыздар көп болғай!» дейді Динар Жүсіпәліқызы әңгіме арасында.

Бөлмедегі аса бір қызықтырған нәрсе – Құран салатын қобдиша болды. Алтын түстес бұл бұйым еріксіз ойландырады. Сөз арасында Динар Нөкетаева ханым діннің жүрегінде жүретіндігін жасырмады. Жүрек пен жұмыстың тазалығын қатар ұстайтын ол кісі Құранның үйде де, қызметтік бөлмеде де тұрғаны қазақ үшін қисынсыз нәрсе еместігін айтады.

– Құран оқуды білемін. Балаларымның кішкене кезінде молда арқылы сауатын аштырғанмын. Ондағы ойым – анау-мынаудан аулақ, рухани таза жүрсін дегенім. Әрбір қазақ баласы Құран оқуды білуі тиіс. Балалары¬ма үйретемін деп жүріп, өзім де Құран оқуды үйреніп алдым. Аяттар мен хадистерден де хабарым мол. Бұл қобдишаның ішіндегі Құран да рухымды көтереді. Құран тұрған жер таза болады. Мен де сол жандүние, ой, рух тазалығын өзімнен талап етемін, өзімнен бастаймын, – дейді университет ректоры.

Білім ордасын талай таланттар бітіргені белгілі. Олардың арасында өнерден өз жолын табумен қатар, ел мақтанышына айналған аналар да көп. Сондықтан Елбасы Н.Назарбаевтың Қыздар университетіне кел¬ген бір сапарында «Бір ананы тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп баға берген.

Атына заты сай болғандықтан бо¬лар, Қыздар университетінің ұжымы мен студенттері нәзік жанды ірі тұлғаларға да зор қошеметпен қарайды. Мақтан тұтады. Мәселен, солардың бірі де бірегейі – Роза Бағланова. Ол кісінің де қыштан жасалған мүсіні ректордың қабылдауына келгендерді елең еткізеді. Университетте атақты әнші орындайтын әндерге байқау жарияланып, сол кезде сыйға Роза Бағланованың мүсіні ұсынылған екен. Соның бірін Роза апамыздың келіні университетке тарту етіпті.

Тіпті ректордың бөлмесінен асықты да көреміз деген ой болмаған. «Асығың алшысы¬нан түссін» деген қазақпыз ғой. Әрбір жасаған жұмысың, тамаша тірлігің сәтті болсын де¬ген ниетпен асық та көрнекті жерге қойылған. Жақсы, сенімді достары көп ректор олардың әрбір сыйын қашанда қадірлейді. Ал домбы¬ра ұстаған қыздың қыштан жасалған мүсіні – университеттің символы. Мұны осында келген әрбір қадірлі қонаққа сый ретінде тартады.

– Менің университетке толғана келгенім рас. Өйткені «ұзақ жылғы тарихы бар тама¬ша білім ордасы, оның ішінде тек қыздарға арналған университетке барған күнде не істеу керектігін, елдің болашағын ойлайтын, соның қамын күйттейтін қыздарға сапалы білім бе¬румен қатар, саналы тәрбие беруді қалай ұйымдастыруға болады?» деген сұраққа жау¬ап беру үшін келгенімді жасырмаймын. Осыған орай ғимарат залдарын ұлттық нақышта безендіріп, ұлттық ерекшеліктері бар сурет, заттармен безендіруді қолға алдық. Осының бәрі – тәрбие.

– Білім ордасында небір сахналық киімдер тігіледі. Ұлттық аспаптарға да көңіл бөліп жатырмын. Әсіресе, студенттердің жетіген аспабында үйренуіне ден қойдым. Сол үшін 4 жетіген алдырдық. Қыздар жетік меңгеріп алды. 70 жылдыққа 400 киім тіктірдік. «Томирис» пен «Айгүл» секілді атақты ансамбльдеріміз ел мақтанышына айналды. Ұлттық-этнографиялық «Ұлар» ансамблі, 150 адамдық оркестр, 150 қыздан тұратын хор мүшелері де ұлттық киімнен кенде емес. Барлығы арнаулы киіммен қамтамасыз етілді. Дәстүрлі ән мәртебесін арттыру үшін арнайы ректор гранты да бөлінген. Ұлттық, басқа да халықтар биін үйрету жолға қойылған. Тіпті өзге факультетте оқитын өнерлі қыздар да жеткілікті. Олардың әрқайсысына көп көңіл бөлінеді. «Қыз Жібек» клубында ұлттық салт- дәстүрді үйретеміз, – деген ректор бүгінде он¬лайн арқылы тәрбиелік маңызы бар дәрістер де ұйымдастырады екен.

Әрбір әңгімесін тәрбиеге бұратын Динар Жүсіпәліқызы «әр студент осы жерден ди¬плом ғана алмауы тиіс. Ұлтқа қажеттінің бәрін үйренуі керек. Оның ішінде ұлттың ар-намысы мен айнасы үшін қанша білім қажет болса, тәрбие де соншалықты маңызды» дейді.

Естеріңізде болса, Қыздар университеті Олимпиада чемпионы Мая Манеза секілді атақты спортшы студенттің ұзату тойын жа¬сап та, өзге білім ордаларына өнеге көрсеткен болатын. Тіпті ол босанғанда, университет басшылығы қазақы дәстүрмен кішкентай чем¬пионды қырық шілде суына шомылдырып, шілдехана тойын да атап өтті. Мұндағы мақсат – салт-дәстүрімізді көрсету, қыз тәрбиесіне на¬зар аудару.

Ұстамы мықты ұстаздың бүгінгі жетістігі кімге болса да өнеге боларлық. Айтылған сөз, істелген іс ректордың кабинетінен-ақ көрініс та¬бады. Әр заттың арғы жағында сыр ғана тұнып тұрған жоқ, ұлт құндылықтары көрініс беріп тұрады. Көзге көрікті, жанға жайлы мұндай үйлесімділік Динар Нөкетаеваның бойына бала кезінен қалыптасқан.

Жамбыл ауданының тумасы екенін мақтан тұтатын Динар Нөкетаева туған өлкесін батыр¬лар мен ақындар елі санайды. Жамбыл ата¬мыз, Сүйінбай бабамыз, Үмбетәлі Кәрібаев, композитор Нұрғиса Тілендиев, қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов, Оспанхан Әубәкіров, Мұхамеджан Етекбаев сынды дарындылар шыққан жер. Осындай киелі жердің қызы бүгінде 9 мың қыздың тағдыры өз қолына сеніп тапсырылғанына аса жауапкершілікпен қарайды. Ата-аналарынан жырақта жүрген бойжеткендердің бүгінінен ертеңі қымбат. Олар қандай ұстаз, қандай ана болады? Осы сұрақтар бүгінгі тәрбиемен тығыз байланыстылығын жүрегімен сезінетін рек¬тор әр қыз ұлтымыздың ұлы байлығы – салт- дәстүрдің жоқтаушысы, білгенін болашаққа жеткізуші, ардақты ана, білікті басшы, білімді ұстаз, бір сөзбен айтқанда, ұлт тәрбиешісі болғанын қалайды.

Автор:
Дуанабай ЖОЛДАСБЕК