Маған жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі!
Республикалық апталық газеті

Лепті сөйлем.


10 октября 2014, 10:43 | 1 967 просмотров


Сабақтың мақсаты:

Білімділік:лепті сөйлем туралы білімдерін толықтыру, жасалу жолдарын меңгерту;

Дамытушылық:оқушылардың интеллектуалды ойлау қабілеті мен іскерлік дағдыларын дамыту

Тәрбиелік: бәсекеге қабілетті, әлемдік стандартқа сай білімділікке әрі шығармашылыққа тәрбиелеу

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, іздендіру,сын тұрғысынан ойлау, топтық жұмыс, іскерлік ойын әдісі;

Сабақтың түрі: аралас сабақ

Сабақтың көрнекілігі: қима қағаздар, слайд, музыка, асық,

Пәнаралық байланысы: музыка, математика, әдебиет, ұлттық педагогика;

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:

Оқушылар сабаққа кіріп келе жатқанда классикалық муызка баяу ойнатылып тұрады. Мұғалім:

- Қайырлы күн, құрметті оқушылар! Бүгінгі біздің сабағымыз күнделікті сабақтан ерекше. Сондықтан орнымызға отырмастан тұрып, бойды еркін ұстаймыз. Енді көзімізді жұмып, ауаны сіміре жұтамыз. Ақырын ғана асықпай демімізді сыртқа қарай шығарамыз. Сол деммен біздің бойымыздағы сенімсіздік, қорқыныш, жігерсіздік ішімізден сыртқа қарай шығып ауада жоқ болады. Қолымызды жүрегімізге қойып өзімізге жақсы сәттіліктер тілейік!

Топқа бөлу кезеңі:

- Құрметті балалар, алдыңғы партаның үстінде тұрған қиындыларда әріптер жазылған. Әр кім өз қалауымен сол әріптерді таңдап алсын.

- Алып болсақ, енді әріп жазылған қиындының артында таңба бар. Сол таңбаға қарап, топқа бірігеміз. Топ мүшелері толық жиналған сәтте әріптерді қиюластырып құрастырсақ, топтың аты шығады.

- Сонымен 1- топ «Альянс» , 2-топ «Еуразия»

Ой қозғау:

- Еңбек –барша мұратқа жеткізеді. Ал сол еңбек еткен адамның еңбегі немен бағаланады?

Балалар өз жауаптарын айтады.

Мұғалім:

- Дұрыс айтасыңдар, еңбекке жалақы төленеді, ал ол ақшамен бағаланады. Мен сендердің «банктеріңе» қаржы жинақтау үшін әр «капитал» тапсырмасын орындауда ақша сомасын атап отырамын. Кім белсенділік танытса, сол қаржыны көп жинайды, ал ол сабақ соңындағы «аукционда» ұтады. Енденше, арамыздан есепші «бухгалтер» сайлап алайық! Сонымен қатар ол бізге сол қор жинақтаудағы «бағалау парақшасын» жүргізіп отырады.

1-капитал. 2000 теңге Үй тапсырмасын тексеру:

«Ойнайық та ойлайық!»

- Үйге берілген тапсырма :

Сөздерді мағыналық байланысқа түсіріп, сөйлем құрап үйрену.

Мұғалім әр топқа 1 сөз жазылған қағаз береді. Әр топ қарсылас топқа сол сөзді атын тура атамай, жанамалап жеткізеді. Мұғалім қолына жасырған қызыл асықты кім табады, сол бірінші ойынды бастайды.

Мысалы «қаржы» сөзі

Бала:

- Біз оны жинаймыз...

- Біз оны банкке саламыз...

- Депозитке саламыз...

- Ол көп болса, әлеуметтік жағдайымыз жақсарады. т.б.с.с.

Қарсылас топ :

- Таптым! «қаржы» немесе «несие» сөзі.

Мұғалім:

- Жарайсың ! Ендеше, сол сөзге топ болып сөйлем құраймыз. (сөйлем талдау)

2-капитал . 5000 теңге . Жаңа сабақ.

- Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай түрлерімен біз бастауыш сыныпта танысқан болатынбыз.Түрлері: хабарлы, сұраулы, лепті және бұйрықты сөйлемдер.

Біздің бүгінгі тақырыбымыз: «Лепті сөйлем» . Сұраққа жауап 1000 теңге.

- Біз өзіміз білмеген, көрмеген нәрсеге қайтеміз? (таңданамыз)

- Еңбек жемісін көргенде қайтеміз? (қуанамыз)

- Мақсатымызға жеткенде ше? (шаттанамыз)

- Ал ісіміз жүзеге аспағанда қайтеміз? (ренжиміз, мұңаямыз)

- Өткен нәрсені түзетуге кеш болғанда қайтеміз? (өкінеміз)

- Осының барлығын қандай сөйлем арқылы жеткіземіз?

- Әрине лепті сөйлем арқылы жеткіземіз.

«Сөйлеушінің көңіл-күйін (қуану, ренжу, өкіну, т.б.) білдіру мақсатында айтылатын сөйлемді лепті сөйлем дейміз.»

Оның жасалу формалары. 37- беттегі кесте.

Келесі «капиталдың» тапсырмасы 40-жаттығуда кестеде көрсетілгендей лепті сөйлем түріне 5 мысал сөйлем құрап, дәптеріне жазады.

Әр топ мүшелері сөйлемнің айтылу мақсатына қарай мысалдар жазып, оқиды. Мазмұнды және дұрыс құрылған сөйлем ұпай жинайды.

3-капитал «Депозитке сал» деп аталады. «Депозитке» салған жағдайда ұпай екі еселенеді. Көңіл күйді білдіретін өлең жолдарын жатқа оқыған топтың капиталы еселенеді.

Бекіту:«Аукцион»

- Жарайсыңдар, балалар! Ал жинаған қорымызды есепші атап кетсін. Сосын қаржыны аукционға салуға бағыттасын. Балалар, біз бүгінгі сабақтан қандай мәліметтер мен ақпараттар алдық, алған әсеріміз бен мағлұматымызды нешеге бағалаймыз?

Бағалау:1-минут

Үйге тапсырма:41-жаттығу. 36-40 беттер.

Автор:
Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласы А.В.Луначарский атындағы орта мектеп – гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бердіғұлова Маржан Жұмабайқызы